Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  306


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

«Балық адам»

"Ертіс ГЭС-ның жүмысшыларды жабдықтау бөлімі алғаш рет балық аулауға шыққан күні өздерінің катерімен бірге баржасын суға көтеріп алды. Катермен бірге балық аулау ұйымының басшысы да суға сүңгіп шықты... Екінші күні балықшылар балық аулау саймандарының бәрін сатып, сонымен балық аулауды тоқтатты". (Газеттен).

Ертіс Ертіс болғалы,
Ел жағалай қонғалы,
Сақалы бар, мұрты бар,
Метр жарым тұрқы бар,
Дәл адамша сөйлеген
Балық көрген жоқ едік.
Сол Ертістен ғажайып
"Балық - адам " шығыпты.
Балықшылар көрсетпей,
Үйіне әкеп тығыпты...
— Бұл бір ғажап іс екен,
Көрсек қайтеді қызықты!.. —
Десті бәрі дуласты,
Күңкіл, сыбыс ұласты:
— Өзі адамдай болғанмен.
Нән деп айтады балықты.
Шығаруға келгенде
Тулап ойран салыпты,
Тулауынан баржа мен
Катерлері бұзылып,
Су астында қалыпты.
Балықшылар зорменен
"Балық - адамды " алыпты...
— Тамаша екен, ойпырай! —
Десті бәрі жүгірді,
Келді бастық үйіне,
Жан-жағынан үңілді.
Қалың көрпе жамылған,
Басын қойған жастыққа,
Суық тиіп, су жұтқан
Көзі түсті бастыққа.
— Сендер үшін балық боп
Сүңгіп шықтым суға да,
"Балық - адам" міне — мен!
Бекер босқа шулама!
Ертіс ГЭС-ның жұмысшы,
Қызметкерің балықпен
Қамтамасыз етем деп,
Суға түстім барып мен.
Балықшылар мені аулап,
Алып шықты жорғалап,
Енді мынау жатқаным
Үстімнен су сорғалап...
Бүйтіп өлер жайым жоқ,
Бар құралды саттырдым,
Қалтқыларын қалдырмай
Терлеуге отқа жақтырдым!
Деді де "балық - адам ",
Қалың көрпе жамылды.
Балықпенен жабдықтау
Бөлімі де осылай
Өз-өзінен жабылды.
Тайдай тулап Ертістің
Жатыр ойнап балығы,
Бастық жатыр ұйқының
Бір бітпей-ақ қанығы,
Неге?Қанай, бұл ұйқы?
Тілегіміз тезірек
Ашылса екен анығы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу