Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  151


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Баздағы бүркіт

Баз бастығы Бүркіт болды,
Барып тұрған қырсық болды.
Баздың барлық дүниесін,
Тұмсығымен түртіп көрді.
Ашығына ауыз салды,
Бітеулерін жыртып көрді.
Тірі жанды менсінбеді,
Үлкен барса "кімсің " деді.
Кіші барса айқай салып:
"Мұнда не қып жүрсің?" деді.
Дүние деген теріс ақты,
Дабыс, даңқы дүрсілдеді.
Қорыққанына көбелектей
Шыр айналып шырылдады.
Қорықпасына сырт айналып,
Сырғып тұрды, бұрылмады.
Көзі кетті қылиланып,
Сөзі кетті қызуланып.
Өзі жүрді бір жағында,
Бар нәрсені бұзып-жарып.
"Мен кіммін Бүркітпін,
Талайды қорқытып, үркіттім.
Сүйеушің қудай болса,
Шымшық болсаң да Бүркітсің ".
Бір күні Бүркіт қолға түсті,
Басындағы бақыты ұшты.
Сыр ашылды да бұл байғұстың,
Бүркіт емес шымшық екен.
Тонын киген қыран құстың,
Нағыз қызыл тұмсық екен.
* * *
Шымшық Бүркіт тұғырына,
Бүркіт болып қона алмайды,
Бүркіт тонын жамылғанмен
Шымшық Бүркіт бола алмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу