Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  151


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Төкебай

I. Бір кезде
Қара торы, сұлу жігіт Төкебай,
Білімі бар, сөйлер сөзге өте бай.
Жастың жайнап, жүрген жері тамаша,
Жылдар жылжып, қызығымен өтеді ай.
Әнге де әуес, өлеңге де ебі бар,
Жылы тәтті жүрек қозғар лебі бар,
Жолы болған жігіт болды Төкебай,
Тілегі бір, жастың сүйер теңі бар.
Теңін тапты, сүйгеніне қосылды,
Көп өткен жоқ, болды бір қыз, қос уды.
Бақытты бір семья боп аз жылда,
Бір бөлімге бастық болып отырды.
Айлығы бар, жазары бар қосымша,
Екі мың сом бар табысы қосылса,
Үйдің іші толған жиһаз — кілемі,
Жарқырайды сәл есігі ашылса.
Қызметінен келсе ұлдары қарсы алып,
Думан, қызық болып жатты соншалық.
Көршілері көрген сайын қызығып,
Әңгімелеп отырады тамсанып.
"Болмаған бір жігіт!" дейді мақтасып,
"Ең арғысы кірмейді, есік қатты ашып... "
Десіп кейде қызға теңеп қылығын,
Бір мақтауы, бір мақтаудан жатты асып.

II. Бұл кезде
Міне, осындай мақтаулы жас Тәкебай,
Сонау жылғы Төкебайға ұқсамай,
Азып-тозып бара жатыр сөмпиіп,
Жыртық костюм, мойнында ескі бөкебай.
Өйткені ол, өзін мықты ту туды
Қойып кәзір, тілейтін боп жұтуды.
Ас келгенде өндіршегі бүлкілдеп,
Бір нәрсені күтіп тұрған сықылды...
Сәл шыныға шыны тисе сылдырлап,
Құлаққа сәл дауыс келіп сыңғырлап,
Жұтқыншағын жүгіртеді тынымсыз,
Жүйкесіне тиіп болды құрғыр - ақ.
Ол болмаса өңештен ас өтпестей,
Ол болмаса ойдағы арман бітпестей.
Өлімсіреп көрінбесе қалады,
Күлімсіреп болса қағып салады.
"Келші көңіл көтерейік " деседі,
Әңгіме де қызу жолға көшеді.
Бірте-бірте көзі көрмей тұнжырап,
Қайда басы ауса солай кетеді.
Жұтып алса бет тырнасып, арпылдап
Қиратып аяқ-табақ тарсылдап,
Қолдан жасап алған "көңіл көтеру" —
Төбелеске айналады там-тұмдап.
Бір кездегі сылқым жігіт Төкебай,
Алдындағы арықшадан өте алмай,
Жығылатын болды, міне қуысқа,
Жаңа ғана аяқтанған ботадай.
Үйге келсе апыр-топыр төбелес,
Оған ақыл, оған кеңес сөз емес.
"Өзім білем, өзім айтам " дейді де,
Көрінгенге боп жатқаны келеме.
Бір күн шығып келеді үйге ұршығы,
Бір күн ісіп келеді үйге тұмсығы.
Өсер жігіт өстіп өшіп барады,
Бәрі құрғыр арақ иттің қырсығы.
Бұрын достар келуші еді бұрылып,
Енді етегін қашар болды түрініп.
"Қайдан мынау маскүнемге тап болдық
Дейтін болды құрбы-құрдас бүлініп.
Абыройдан, ардан түк те қалмаған,
Айтқан сөзің құлағына қонбаған.
"Болмаған бір жігіт!" дейтін Төкебай,
"Оңбаған бір жігіт" болып сорлаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу