Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  266


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Өсекшілерге

— Ой, аллай жұрттың сақта өсегінен,
Айтатын тұрмай жатып төсегінен,
Үндемей құлағыңды түре берсең,
Артатын бүгінгісі кешегіден.
Сылп етіп сыртқы езулер бір тамсанып,
Тұмсығын сүртіп қойып етегімен,
Сораптап шайды алдына қойып алып,
Боралап нанды шайнап кесегімен.
Абысын-ажындарын жинап алып,
Сөз бастап үйреншікті "көтегі"мен,
"Қой құрсын, көтек!" деген әдеттегі,
Өзінің ескі қалып есебімен,
Бір күнді шығарып сап отырады,
Желпілдеп жел өкпенің жетегімен.
Біреуді біреуге әкеп шағыстырып,
Ауыртып өсекшінің кеселімен,
Тартады кежегеңнен кейін қарай:
— Осы еді, есіткенім осы еді мен...
Анығын білмей ерме осындайға,
Орынсыз несі жақсы өсек ілген?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу