Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  106


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Өзіміздікі дегенде

Баласы аға шопан Өскенбайдың,
Біреуі жеке малы өскен байдың,
Қойы бар жетпіс алты, бөрі бағлан,
Ішінде көріп қайттық өткен айдың.
Әр қойы жалқы тумай егіздеткен,
Сүт беріп, төл өсірген емізікпен.
Тырайып өзге қойлар өліп жатса,
Жүре алмай өз қойы тұр семіздіктен.
Қойы бар отыз екі келінінде,
Он рет тараштайды оны күнде,
Үстінде түгі жібек, кір-қоңы жоқ,
Жыл бойы таусылмайды жемі мүлде.
Келеді жеген шөбі жұмсақ болып,
Қалады кейде астауға бұршақ толып.
Салқын су, шүйгін шөптің бәрі аузында,
Қалмайды далада бір жаңсақ қонып.
Қойы бар отыз жеті інісінде,
Екі рет түлеп шықты жыл ішінде.
Астында қыста қылау бір жатпайды,
Бақбайды дихан да ондай күрішін де.
Отары өз қойының отты, шілік,
Бағады, басқа қойды шопан сығып.
Қорада өзге саулық соқтығысса,
Кетеді өзіндегі тоқты жығып.
Осыған түсіне алмай Өскенбаев
(Көбейтіп жеке малын кеткен байып).
Бір сұрақ алдыңызға қойып тұрмыз,
Өтініп қайта-қайта етпеуді айып.
Жайлауда, жазда, қыста өрісі бір,
Колхоздың қойыменен қонысы бір,
Өз қойың ала-бөле неге семіз?
Басқа қой неге сонша құнысып жүр?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу