Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  188


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

«Қу мұрт»

Жүзі шырайлы,
Сөзі райлы,
Председатель Жұмайды,
"Қу мұрт" Жұмай деп,
Жұрттың бәрі сынайды.
Неге олай сынайды?
Неге өйтіп атайды?
Неге жұрт Жұмайға
Осынша қатайды ?
Мүмкін, менен оқушы
Мұны да сұрайды.
Өйткені оның алдымен,
Ақырын жайпап мұрты күледі,
Іле-шала ұрты күледі.
Осындай сырын оның,
Колхоздағы жұрты біледі.
Мұрты күлсе алдап тұрғаны,
Ұрты күлсе қарғап тұрғаны.
Көзімен қосыла желбезегі күлсе,
"Қайтсем екен?" деп арбап тұрғаны.
Сонан барып "қу мұрт" атанды.
Қулығы мен сұмдығына,
Осындай бір қорытынды жасалды.
Сондықтан да Жұмай атын тастап,
Бізде бүгіннен бастап,
"Қу мұрт " деп атадық.
Жүріп кеткен ізіне
Барлау да жасадық:
Бір із жортып жайлауға кетіпті,
Мұрты мен ұртын майлауға кетіпті.
Қымызға тойып,
Бағланды сойып,
Күн-түн карта ойнауға кетіпті.
Бір із жортып сиырға тартыпты,
Бір із болмайтын жиынға тартыпты.
Жұмыстың арты салдыр-салақ боп,
Қыс түскенде қиынға тартыпты.
"Арық - тұрақ" көптеп өліпті,
Оның айтуынша ептеп өліпті...
Анығында жетіспеген жем,
Тасылмаған шөптен өліпті.
Аудандық басшылар тексере келіп,
Іскерлігін ескере келіп,
Тек қана "ескертумен " дамылдады.
Өйткені біріне күйеу боп шықты,
Енді біріне қуда боп қалды,
Күйеудің аяғы сүйеуі боп шықты,
Қу мұрт " "күнәдан " жұда боп қалды.
"Қателесіпті, мойындады,
Анығында, мойынына да қойылмады
Көп айтылған ескертпелер,
Онан әрі баруға бой ұрмады.
"Қу мұрт " қулығын асырды,
Төгілді - шашылды:
"Газет дабылын қабылдадық,
Барлық шындық ашылды", —
Деген жауап қайтарылды,
Сонымен дабыл жым-жырт
Ұрты мен мұрты қосыла бүлкілдеп,
Орнында отыр баяғы "Қу мұрт".




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу