Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  348


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Сиқыршы цифр

Дән көрген тауықтай,
Бас бухгалтер Сауытбай.
Астық қоймасын тапты да,
Есігін мықтап жапты да,
Цифрдан "сиқыр" жасады,
Дәнді емес, цифрды асады.
Цифрлар тізіліп сапқа тұрды,
Алтындай астық боп қапта тұрды.
Цифр бастаған вагондар,
Жан білмейтін жақта тұрды.
Алдымен кіріс болды,
Таңқаларлық бір іс болды.
Бірде батысқа кетті,
Бірде шығысқа кетті,
Он-он бес қолдан өтті.
Әрі домалап, бері домалап,
Шым-шытырық "шығыс " боп бітті.
Ізін де, түзін де білдірмеді,
Шашпай-төкпей, бүлдірмей
Сауытбайдың "сандығына " құйылды.
"Адасқан астықтар " цифрға айналып,
Айналып келіп өзіне бұйырды.
Сонымен жылдан жыл өтті,
Талай ауыр сыннан өтті,
Бірнеше рет ҚРУ кепті,
Тап баспай бір-ақ бұру кетті.
Цифр сырын аштырмады,
Ізін де бастырмады.
"Кімсің?" — Сауытбай болды,
Алтын жұмыртқалы тауықтай болды.
Бөлме - бөлмелі "орда"туды,
Тұлпардай жүйрік "Волга " туды.
Қора қойға, үй кілемге толды,
Қазан майлы білемге толды.
Күндерден күн өткенде,
Айлардан асып жыл өткенде,
Партиялық-мемлекеттік
Бақылау құрылды,
"Сиқырлы " цифрға
Қырағы көз бұрылды.
Темірдей манжамды салды келіп,
"Сиқырды " қағып алды келіп.
Сонда ғана қойманың қоя басы,
Сауытбайдың көп жылғы боямасы
Түгелдей қазылып ашылды да кетті,
Жасырын цифр шашылды да кетті.
Бітеу жара сөйтіп барып жарылды,
Қойма бәледен әрең дегенде арылды.
Сауытбайға жұрт қарғыс айтты,
Госконтрольға алғыс айтты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу