Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  167


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Айтуған кім

Сақалды қырып, мұртын қойсаң
Жаңалықтың жолын қуған,
Жарамды-ақ туған Айтуған,
Дейтін менің танысым бар,
Соның өмірімен танысыңдар:
Тілі майда жалпақ,
Айтар сөзге келгенде,
Жорғалаған балпақ.
Өкінішіңе бірге өкінген,
Қайғыңа да ортақ.
Жазда кигені етік,
Қыста киері қалпақ,
Голефей шалбар бұтында,
Кеуде сондай шалқақ,
Жүргені де қызық,
Күлгені де қызық,
Басса аяғы талтақ.
Сөзінің басы "шырағым" боп келеді.
"Мүсәпір "түрін көргенде,
Тіпті бар ғой, жылағың келеді.
"Бергенге берерім көп,
Бермегенге берерім жоқ.
Өзің сондай сараң болсаң,
Тиын санаған арам болсаң,
Құдайға түк керегің жоқ,
Жұрт алдында беделің жоқ..."
Деп бастайды кәрілерге,
Елу жастан өрілерге.
Ал жасты көрсе жайнаң қағып,
Дауысына өсем қоңырау тағып,
Отыратын мінезіне,
Таңырқайсың қайран қалып:
"Біздің, шіркін, жастар,
Тауды талқан қылып,
Жауды малқам қылып,
Жаңа өмірді бастар..."
Деп келеді монтаң қағып,
Діншіл айып тағып.
Беделдінің көзімше,
Жорғалайды өзінше:
Сән-салтанат құрамыз, достар,
Қиямет қайым болса да,
Осы жолда тұрамыз, достар.
Қарсы келген жау болса,
Тұмсығынан ұрамыз, достар..."
Сөзінің бәрі де "дөп " келеді,
Халықтың қамын жеп келеді.
Бас қосқанда жүз грамм жұтып,
Тартынғанды жек көреді.
"Сұхбат үшін, ничего " деп,
Ол жағын да ескереді.
Кім еді бұрын Айтуған,
Бұл антұрған.
Он бес жыл педагог болған,
Он жыл "белсенді" — демагог болған,
Бес жыл басқарма...
Бір-екі жыл жастарға
Экономиядан сабақ берген,
Онан бермен,
Еңбегі сіңген аталған,
Президиумға сайланып,
Кімсің "Айтеке " атанған,
Орден кеудесі толған,
Дербес пенсия да алып,
Құрмет иесі боп қалған.
Кімсің, — Айтуған еді.
Енді мынау құранды қойнына тығып,
Өліктің құранын шығарып,
Берген садақа, педиясын алып,
Құран оқуға жанын салып,
Күндіз біздік болып,
Түнде өздік болып,
Екіжүзді атанып жүр,
Тиын-тебенге маталып жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу