Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  113


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Бөсербай

Жастағы аты — Өсербай,
Ендігі аты — Бөсербай,
Бөлесі ме, жиені ме,
Әйтеуір сол сүйеді де...
Бір ауданға бастық болды,
Біреуге төсек,
Біреуге жастық болды,
Көзінде көзілдірік,
Сөзін де созылып,
Қақалып - жөтеліп,
Бұғағын көтеріп,
Алтын тісін жарқылдатып,
Күліп сөйлейді,
Столды ұрып сөйлейді.
Кейде тұрып сөйлейді,
Кейде жүріп сөйлейді.
Шашы ұйқы-тұйқы боп,
Келбеттің бұрынғыдай сиқы жоқ,
Көздің жанары қашқан,
Түнімен карта ойнаған,
Ұйқы жоқ.
Жиналыста бүгін ыңылдап тұр,
Дауысы шықпай шыңылдап тұр.
Өйткені, өзінен үлкен дөкей бар,
Облыстан келген Көпей бар.
Құт пен жұттың "қайсы " екенін
Ет пен сүттің "қайшы" екенін
Қара басып білмей қалды.
— Кешіріңіздер, құрметті достар,
То-естъ, жолдастар.
Мыңдаған қойды өлтіріп алдық,
Шақырылмаған қонақты келтіріп алдық.
Ол кінәмізді, әрине мойындаймыз,
Жоспарды артығымен орындаймыз,
Әрине, шөп те, жем де болады,
Қара суық, қызыл суық...
Дедектетіп қуып,
Сібірден соққан жел де болды.
Әсіресе, апрельдің айы,
Даже жұрттың мейрамдайтын майы,
Несін айтасың, қақап кетті,
Індет пе, топалаң ба... бәле болды,
Мыңдаған қой арам өлді.
Көктемде - ақ серейіп қатып қалды,
Сөйтіп құдай атып қалды.
— Правильно!
Баяндамашы дұрыс айтты,
Онысы қамқорлық қой, ұрыса айтты,
Деп біреулер күңкілдесті,
Иіндері бүлкілдесті.
Сонымен жиналыс та бітті,
Енді не боларын күтті.
Бір-екі ферма бастығын,
Орнынан алып сотқа тапсырды,
Бір - екеуіне сөгіс жапсырды…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу