Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  140


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Екі нөл

Қағазда жортып қаламы,
Алмайды бір сәт дамылды.
Ақпармен шарлап қаланы,
Қағады күнде дабылды.
Аттанып ылғи цифрлы із
Тізеді қатар тіресіп.
Хатшы бір сондай сылқым қыз,
Тұратын еңбек күні өсіп.
Ол жатты шөптің басында
Шабындық қайда, — көрген жоқ.
Хатшы қыз "актив " қасында
Ол оған ойды аз бөлген жоқ.
— Жаз, — десе хатшы сылқымға,
Жазылып демде қалады,
Жан бітіп әлсіз цифрға,
Қанатын демде қағады.
— Аттандыр, — дейді ауданға, —
Болмаған ертең болады.
Жолдыбай көкең тұрғанда,
Кругом жүзге толады.
Деп қысса болды сол көзді,
Бүлк етсе болды мұрт жағы.
Байқағыш хатшы ол көзді,
Қимылдан біледі ұрттағы.
Түсінген, әбден құныққан,
Қутыңдап қалған шұнақ қыз.
Сезеді кейде иықтан,
Дегенді: "Өшір! Бір-ақ сыз!"
Күніне қаптап көп цифр,
Тартады шеру ауданға.
Десте жоқ шөпте тып-типыл,
Бір мая жатыр әр жонда.
Күніне оңға - солға да,
Ағылып ақпар шабады.
"Алдағы жылғы қорға да
Қойдық " деп дабыл қағады.
Ерніне салып насыбай,
Шолжақтап айтса болғаны.
Бар шөптің өзін тасымай,
Қалғаны, құдай ұрғаны.
Тексеру болса: "Жиналмай
Жатыр " деп сылтау табады.
Қыс түсті болды, қу маңдай
Көршіге қарай шабады.
Бар әлі мұндай Жолдыбай,
Қағазбен шөпті оратын.
Орнынан жұмыс жылжымай,
Жыл он екі ай тұратын.
Екі нөл қосып таяққа,
Шығарғыш демде жүз етіп.
Қыс түссе мініп аяққа,
Малдары таңды күзетіп,—
Шөп емес, сояу шайнайды,
Жолдыбай жатыр жастықта.
Мал қамын қашан ойлайды,
Кім бұл өзі,
Бастық па!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу