Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  161


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Ділда мен молда

Молдекеңнің маңдайы,
Май жаққандай жылтырап,
Шапанының шалғайы
Жер қапса, шаң бұрқырап,
Майпазданып басады,
Болғансиды салмақты.
Әлдекімді тосады,
Әлдеқайда бармақшы.
Мыжырайтып сәлдесін,
Орай - бұрай салыпты.
Әлде өтірік, әлде шын,
Бір қойға оны алыпты
Бір қолында тәспісі,
Күбірлейді көбесі,
Ебін тауып қаққысы
Келгендей боп өңеші...
Жалтақтайды жан-жаққа,
Алды-артына қарайды.
"Құрбандыққа мал жоқ па,
Барсам қай үй қолайлы?"—
Деп тұрғанда алдынан,
Ділда келе қойғаны.
— Қайда шықтың қалбаңдап,
Сенің қарның тоймады?..
Ділда айтса да қалжыңдап,
Қалжыңы оқтай қадалды.
Түк айта алмай мылжыңдап.
Молда бірден бадалды.
— Әр өлікті бір "сауып ",
Құлдыратып "құпия ",
Тегін олжа, нан тауып,
Жинағаның дүние...
— "Айтың құтты болсын " деп,
Айтың қалған молдаға,
— Кімді күтіп тұрсың? — деп
(Кете қалар Ділда ма):
— Құтты болар айтым жоқ,
Оразаңды білмеймін.
Ораза ұстар жайым жоқ,
Бейішіңе кірмеймін.
Көршім десең бейішке,
Мені де ала барарсың.
"Әйел жолы жіңішке ",
Сөйтіп күнге жарарсың...
Десе Ділда молдаға,
Молдада әлі түк үн жоқ.
Қарай берді Ділдаға,
"Менің берер түгім жоқ "
Дей ме молда қалжыңды
Көтере алмай тұрғанда.
— Бүгін тапқан қаржыңды,
Берсең еді сен, молда!..
Кеше әкелдің он тері,
Бүгін тағы табасың,
Бәйбіше де бір "пері",
Соны күн-түн бағасың,
Қалжың деп шын айтты да,
Кетті Ділда жөніне.
Молдаға сөз батты ма,
Терін сүртті жеңіне...
Қызыл сиыр жетелеп,
Келе жатқан бір шалды.
Тоқтата алмай жөтеліп,
Молдекең тек тамсанды.
Өйткені анау Ділда тұр,
Көріп қалса түйрейді.
Ертең жаны қолда тұр,
Көп алдына сүйрейді.
— Бүйткен күні құрсын, — деп
Молда үйіне жөнелді.
— Бәлем, ішің күйсін! — деп,
Ділда айтып тұр өлеңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу