Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  162


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Қым-қиғаш

Желбір жеңді, қынама бел,
Шайы көйлек, жібек шәлі,
Жел желпісе судырады,
Кейбіреуі пудралы,
Жеңгейлердің бұл желігі
Үлкен күдік тудырады.
Тай тұяқты тарақтары —
Шашта тұрмай жылжымалы,
Түсіп кетсе кейде қағып,
Кейде басып сындырады.
Машинада Ақшаң жеңгей,
А. Жолдастың Әлимасы,
Құлбековтың Жәмиласы
Тұр, бәрі бір қыдырғалы.
Қармақшының қаласына,
Бұл өзгеріс тудырады.
Қарай қалды жұрттың бәрі,
Үлкен-кіші, жас пен кәрі.
Легковойлар дүрілдеді,
Жегілді аттың неше пары.
— Ауаткомның ең бастығы
Райзоның начальнигі
Райфоның бар Бәдәні,
Орынбасар, атшы, хатшы,
Қым-қиғаш бір қыдыруға,
Ақбембетті" сіміруге
Қалмай тегіс шықты жолға.
Кеңседе тек құлып қалды,
Жұмыс жатып, тынып қалды.
Жиырма - отыздай шақырым жер
Көз ашқанша жүріп қалды.
"Оразы "атты серіктікке,
Машина кілт тұрып қалды.
Байұзақов Әбдірәсіл
Қонақтарды күтіп алды.
Шаршап келген сый қонақтар
Бір-бірден жұтып салды.
Қой сойылды, шеке қызды
Кейбіреулер құсып та алды.
Жеңгейлер де желпінісіп,
Қызыл судан ішіп те алды...
Құйрық-бауыр, ыстық "жаркоп "
Көк шынылар босап жатты.
Абдыраған Әбдірәсіл
Жүйрік тілді шошаңдатты.
Інісінің қылмысты ісін
Ас үстінде босаңдатты...
Таң атқанша, күн шыққанша
Талай шыны қосарлатты,
Оңаша үйге тастай берді
Бас айналған босаң жақты...
Бір күн, бір түн топырласып,
Өңкей "дөкей " елге қайтты.
"Азды-көпті, мәзір осы..."
Қонақтарға дегенді айтты.
— Благодарю, спасибо! —
Деген дауыс шығып жатты.
— Көп рахмет, сыйыңызға! —
Деп, жеңгейлер жымың қақты.
Сый қонақтар қош айтысты,
Легковойды зырқыратты.
* * *
...Жел лебімен желбіреді
Жеңгейлердің желеңдері,
Үзілмейді жол үстінде,
Ұзын-шұбақ өлеңдері.
Легковойда көңіл өсіп,
Боп келеді дегендері...
Кенет сондай бұрқыраған
Сынып қалды легковойы.
Орта жолда тұрып қалды,
Түсті демде абыройы.
Әрі тартты, бері тартты,
Шаршады, өрі шаңға батты.
Ауданда емес, ауылда емес,
Дәл ортада тұрып қапты.
Екі жағы жатқан дала,
Жеңгейлерді торсаңдатты.
Қаз жасады, өкпеледі,
Күйеулерін көп ұялтты.
Байтуаров ойлап-ойлап,
Қас қаққанша айла тапты.
Жеті шақырым сәл бүйірде
Станция бар "Қорқыт " атты,
Станциядан телефонды
Райкомға былай қақты:
— "Райкомда Қыстауовқа,
Жатып қалдық, біз бұл жақта,
Үй-ішімен жұмыла бір
Келе қап ек колхоз жаққа.
Машинамыз сынып қалып,
Кездейсоқта бір шатаққа
Тап болдық та!.. Көп қиналдық
Көрсек - тағы, біз бірақ та
Батыл түрде бел байладық
Қиындыққа шыдамаққа.
Ара жолда, жүдеп-жадап,
Біз отырмыз осы уақта.
Қыстауовтан "тіл " келмеді,
Әрі тұрды, бері тұрды.
Әйелдері бұртыңдады,
Тымырайып ері тұрды.
Бір жағынан Қармақшының
Қапелімде желі тұрды.
Жібек шәлі шаңға батып,
Топырағын бетіне ұрды.
Қым-қиғаш жаяу жүрді...
Сүйір екше бәтеңкелер,
Желбіреген көйлекшелер
Шаңға батты, әрең жетті.
Қалды кейбір сал бөкселер,
Сәті түссе ертең келер,
Күйеуіне сөгіс берер,
Онда біздің ісіміз жоқ,
Бірақ қанша жұмыс қалды.
Машинасы жолда сынып,
Ауданнан көп бұрыс қалды.
Отақ басқан, оталмастан
Естен шығып күріш қалды.
Орылмастан егін жатыр,
Жел - құз дәнін төгіп жатыр.
"Дөкейлер" жүр қыдырыста,
Істейтін іс толып жатыр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу