Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  148


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Есенбергеновтың еркелігі

Есбергенов мақтана келеді.
Ішіндегі сырын ақтара келеді.
"Министрдің путевкасымен
Келдім!" — деп сөзі бастала береді, —
Жағрапияның барлық нүктесін,
Біздің мына бас басқара біледі.
"Бұл бас тегін бітпеген бас " деп,
Үлкен бағаны басқа да береді.
Балалар күлсе мастана береді,
Оқушыларды күлдіріп алады,
Күлдіремін деп, бүлдіріп алады,
Өзеннің атын тізбектей келіп,
Өзі класта су болып ағады,
Су болып жүріп қыздарға соғып,
Кейде "байқаусыз " жығылып та қалады.
"Сұрау берсеңдер кесіп ту сем... " деп,
Бір ауыз сөзбен тындырып салады.
Бірақ сұрауды кесе де алмайды,
Кеспек түгіл шеше де алмайды,
"Сендер мені сынамақ па едің?" — деп,
Сұрау бергеннің соңынан қалмайды.
Бір сөзі жай сөз, он сөзі қулық,
Оған келгенде бұлбұлдай сайрайды.
Әзербайжанның сиырын айтады,
Сүтінің қою, сұйығын айтады:
"Құтты келеді, сүтті келеді,
Терісі қалың түкті келеді,
Емшегі сүйір, еттері тығыз,
Ұзын мүйізді, жүкті келеді.
Қалың қабырға, лайға жатаған,
Мызғымас молтақ, мықты келеді.. "
"Көкесін сөзді қойсаңыз " десек,
"Көргенсіз, шық!" — деп, жауап береді.
Ер болсын, қыз болсын, "әй " деп сөйлейді,
Бұл түрмен қалай сауат береді?
Таяқпен түртіп, картаны сілтеп,
Ақырын күліп қыздарға келеді.
Таяқты, шырақ, байқап сілте деп,
Қыздардың келіп желкесінен төнеді.
Қылығы қылмыс, кекесінді,
Оқушы жастар қалайша көнеді?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу