08.06.2021
  243


Автор: Алмас Темірбай

МАҢҒЫСТАУ ҚЫЗЫНА

"Маңғыстау қызына" атты өлеңімді Маңғыстаудағы талантты бауырым Әділбек нәшіне келтіріп оқып жіберіпті. Бірнеше жыл бұрын Амал мерекесі қарсаңында дүнияға келген жыр еді. Қабыл алыңыздар

МАҢҒЫСТАУ ҚЫЗЫНА
(Микро-поэма)

Ғашық адамда ақыл ~ шамалы,
Кінәлі ~ менмін... ақталма, күнім.
Мереке болып жатырса дағы,
Көңілсіз шығар Ақтауда бүгін?!

Ақтауда бүгін той болса дағы,
Сезімің сенің серпіле қоймас.
Керемет күйлер ойналса дағы,
Көңліңнің күйі шертіле қоймас.

Төбемнен түлен тоқпақтағандай,
Қырсығып, неге ұрысып қалдық?
Бұлқынды жүрек тоқтап қалардай,
Бұлшық еттері тырысып барлық.

Біз кеше ғана... бірге емес пе ек,
Танертең бүгін қалғам ба жалғыз?!
Бақытты, тәтті күндер елестеп,
Үйлену тойын армандағанбыз...

Бақыттың дәмін сезініп едім,
Басым айналып сол түні, жаным.
Аққудай билеп сезімім менің,
Каспийдей тулап, толқыды қаным!

Биылғы жылы үйленсек деп ек,
Қосылып бірге күн көрсек деп ек,
Өмір сүруді үйренсек деп ек,
Өлетін болсақ, бірге өлсек деп ек...

Осының бәрі арман ба сонда?
Арманның бәрі жалған ба сонда?
Аман жүр, айнам, қайда болсаң да,
Басқамен енді армандасаң да!

Білмеймін, босқа көңілді алдай ма,
Жалғыздығымды сезіндім жаңа.
Орындала ма, орындалмай ма,
Армандап өтем өзіңді ғана?!

Армандағаным - осы ма менің?!
Басымнан безіп, бағым ұшқандай.
Жайымды ұқсаң, шошынар едің,
Жаңаөзендегі жарылыстардай...

Арманым ~ алыс жақтарда қалды,
Ғашығым жүрген Ақтауда қалды,
Неге сондағы арманның бәрі,
Телефондағы хаттарда қалды...

Жүрекке батты-ау жұбатпағаның,
Не үшін сонда ұнатпағаның?!
Жанымды менің жылатпа, жаным,
Бір тамшы жастай құлап барамын...

Телефондағы суреттеріңе,
Телміріп тұрмын көзімді алмай!
Алдай салуға... ми жетпеді ме,
Аяп қалдым ба сөзімді, Алла-ай?!

Ешқашан енді мені күтпейсің,
Жыламайсың да, өкініп кейде?!
«Сүйгенім сені ~ өтірік» дейсің,
Сенбеймін ондай өтіріктерге!

Жауапсыз қалған сұрақ көп әлі,
Армандап талай таң атқан еді,
Армандарымнан ұят болады,
Өтінем, жерге қаратпа мені?!

Еркелеші сен ~ жалғыз қайыңдай,
Жапырағымды жайдым емендей.
Тәттісің кейде «балдыздарымдай»,
Қаттысың кейде «қайны енемдей».

Жетпей тұр сені мақтауға тілім,
Ізіңе әрбір гүл егер едім.
Құдіретім жетсе, Ақтауға бүгін
Бір вагон гүл сап жіберер едім.

Өзіңе арнап махаббатымды,
Өзіңе арнап шығарғам өлең .
Атыңмен бірге атап атымды,
Әдемі аңыз қылам ба деп ем?!

Ақылдасайық, ашу басайық,
Сарғайып күтіп, сағынбау үшін!
Екеуміз бүгін татуласайық,
Жанымыз ертең ауырмау үшін!

Әкел маңдайды, бір сүйейінші,
Кешірім сұрап, керегі бар ма?
Өзіңнен туар ұл тілейінші,
Қалғанын өзі береді Алла!

Көңілденгенде ~ арайлы жүзі,
Көмекейінен төгілген әні.
Атаға тартқан Адайдың қызы ~
Апама «қатқан» келін болады!

Жүрегім сендей жанды іздеп еді,
Шын сүйсең егер, шыда, қарағым!
Менің қолымнан жалғыз келері ~
Бақытты әйел қыла аламын!

Білмеп ем кімді жыр етерімді,
Қаншама қыз бар әлемде мынау?!
Бәрінен артық қыз екеніңді,
Махаббатыңмен дәлелдедің-ау?!

Таңды да мынау атырдым зорға-ай,
Әй, осы менің төзімсіздігім.
Алғашқы және ақырғы болғай,
Өзіңсіз, Күнім ~ көңілсіз күнім...

Көңілсіз шығар Ақтауда бүгін,
Мереке болып жатырса дағы?!
...Кінәлі ~ менмін... ақталма, күнім,
Ғашық адамда ақыл ~ шамалы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу