Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  411


Автор: Алмас Темірбай

ЕРКЕКТІҢ ЖАСЫ...

(Интернеттегі иманжүзді бір қарындасқа)

Еркектің жасын сұрама, еркем,
Маңызды емес жылы оның!
Жаныңды сенің ұға ма ертең,
Жүрегін қара, жүрегін?!

Еркектің жасын санама жылмен,
Адамың болар ол теңдес.
Төлқұжатына қарама бірден,
Цифрмен өмір өлшенбес.

Еркектің жасын жылмен өлшеме,
Жасы үшін жұрттар сыйласпас!
Ақымақ еркек жүзге келсе де,
Уақыт оған ми қоспас!

Қызық боп тұр ма сол саған сонша?!
Жыл мен жас бәрін шеше ме?!
Жомарт боп кетпес ол сараң болса,
Келсе де жасы нешеге!

Жасымды, қалқам, сұрама менің,
Көрмессің содан жамандық.
Өнерде жүрген бір ағаң едім,
Өмірден іздеп Адалдық!

Тәніміз тозды, қанымыз азды,
Ерлер жоқ Кенесарыдай.
Аяймын кейбір кәрі қыздарды,
Жігітке өтер жарымай!

«Мен ~ еркекпін!» деп, кеудесін керген,
Ішіп ап жұртқа бөскенде!
Әйелден аумас бейнесін көргем,
Бет-перделерін шешкенде!

Тұлғасы, түрі батыр сияқты
Қазақта көп қой жігіттер!
Істері, бірақ, қатын сияқты
Тфу... қасына еріп жүріп көр...

Өмірің ~ алда, әлі көрерсің,
Ақылмен өлшеп, есепте.
Тұлпарды таңда кәрі де болсын,
Мінгенше бір жас есекке!

Ол еркек арық, семіз де болар,
Бұлшық етіне қарама.
Бұлшық ет деген өгізде де бар,
Өкіріп жүрген далада!

Бәрібір, еркек қаншаға келсін,
Маңызды емес жас пен жыл!
Тәңірім иман, ар, сана берсін,
Бір мүше бермей, әттең, құр...

Қартайған жоқпын, мен жаспын әлі,
Көрдің бе осал жерімді?!
Шын сүйсем егер болмаспын кәрі,
Елімді және Өмірді!

Шын еркек болса ~ жалынды болсын,
Жағымды болсын жалпыға.
Қайырымды болсын, сабырлы болсын,
Қадірлі болсын халқына!

Ғашығым болып жас кезімдегі,
Көрер ем, маған жолықсаң.
Сүйгеннің бәрі ~ жас көрінеді,
Сүймеуден қорық ~ қорықсаң...

Еркектің жасы бәрібір ме екен,
Болса егер ойлы, байыпты.
...Ойланып көрші, тағы бір, көкем,
Қай еркек саған лайықты?!

Айту да қиын, расында, кеңес,
Әйел мен еркек хақында.
...Айырмашылық ~ жасыңда емес,
Айырмашылық ~ ақылда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу