Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  469


Автор: Алмас Темірбай

ҚАҒАЗ ГҮЛДЕР... (Баллада)

Қайран, біздің бала күндер,
Раушан гүлдер, лала гүлдер.
Ақ қағаздан жасап алған
«Самолеттер», «корабльдер»...

Мәз болушы ек, Өмір, саған,
Тасып, толып көңіл-сабам.
Көкке өрлеткен батпырауық,
Итке жеккен темір шанам...

Қайта оралмас айхай, күндер,
Раушан гүлдер, райхан гүлдер.
Мейрам сайын еске түсіп,
Қиялымда қайта гүлдер...

Күнделікті ойын қалып,
Міндеттелер мойынға жүк.
Сурет салып, қағаз қиып,
Мерекеге дайындалып.

Көркем екен өміріміз,
Ертегі екен со күніміз.
Жасанды гүл сыйласақ та,
Шынайы еді көңіліміз.

Жасағаным өз қолыммен,
Қымбат еді-ау өзге гүлден.
Бақыт нұрын байқаушы едім,
Апа-оу, сенің көздеріңнен...

Сыйлыққа бір гүл алатын,
Соған мәз боп, жұбанатын.
Баяғының адамдары-ай,
Қағаз гүлге қуанатын!

Қандай еді көңілдері,
Бір-біріне сенімді еді.
Гүлдері арзан болса дағы,
Қымбат еді сезімдері.

Ісі – алдамшы, сөзі – жалған,
Көңіл қалған небір жаннан.
Қазір бәрі, керісінше,
Гүлдер – қымбат, сезім – арзан.

Қызықпай-ақ небір сыйға,
Өзің жаса, өзің жина.
Құшақ-құшақ гүлмен бірге,
Құшақ-құшақ сезім сыйла!

Неткен ғажап күндер еді,
Неткен ғажап гүлдер еді.
Өз қолымен жасап қазір,
Ондай гүлді кім береді?!

Жасап берсең ғажап шығар?
Мүмкін, күліп, мазақ қылар?
Қағаз гүлді кім менсінсін,
Қағаз ақша қалап тұрар...

Одан құнды сый жоқ шығар,
Одан нұрлы гүл жоқ шығар?!
...Қағаз гүлдер ғұмыр бойы
Көңіліңде гүлдеп тұрар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу