Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  338


Автор: Алмас Темірбай

РУХ - СӘБИРА

Айыпты деп танылған 20 шақты студент қамауға алынды. Тергеуші Альферовке «Ешкімге тиіспеңдер, оқудан шығармаңдар, барлығын мен ұйымдастырдым және мен алаңға алып шықтым» деп, бар кінәні өз мойнына алған Сәбира Мұхамеджановаға «Ұлтшылдардың басын қосып, советтік қоғамға қарсы шығуды мақсат тұтқан» деген айып тағылды. Әрине, небәрі 16 жастағы қыз мұндай ауыр жаланы көтере алған жоқ, ол өз ұлтына жасаған қиянатқа шыдай алмады. 1986 жылғы желтоқсанның 26 күні Өскемендегі педколледж жатақханасының
5-ші қабатынан секіріп, өзін-өзі мерт етті...

«Жұлдыздар отбасы» журналынан.

Әлемді рухың кезе ме,
Жүрегім соны сезе ме?
Әлі де ашық тұрғандай
Сен құлап кеткен терезе...

Алтайдан соқса қоңыр жел,
Аңсайды іздеп өзіңді ел.
Солқылдап әлі жатқандай
Сен құлап түскен со бір жер...

Батырдың ары тапталмас,
Қорқаққа бұндай бақ қонбас.
Желтоқсан мұзын еріткен
Сенің көзіңнен аққан жас...

Жұлынып ерте жұлының,
Жоқтады әкең құлынын.
Бұйырған екен біздерге,
Сенің сүрмеген ғұмырың...

Не қызық көрдің жалғанда,
Білетін соны жан бар ма?!
Не болар еді-ай бұл өмір,
Сен өлмей, тірі қалғанда?!

Ғылымға бойлай алмадың,
Диплом да қорғай алмадың.
Он сегіз тұрмақ, он жеті
Жасыңды тойлай алмадың.

Ғашық боп, іштей сөз ұғып,
Қиялдап түнде көз іліп.
Ұзатылмадың той жасап,
Бір жақсы жігіт кезігіп.

Көрмедің бала емізіп,
Өзіңді ана сезініп...
Бақида болшы бақытты,
Фәниде көрдің не қызық?!

Құлпырып жүре алмадың,
Құндыз тон кие алмадың.
Әже боп құрдастарыңдай
Немере сүйе алмадың?!

Әруағың қалсын қуанып,
Менің де жаным жұбанып.
Барармын құлпытасыңа
Бір құшақ аппақ гүл алып.

Қайтарда бүгін жұмадан,
Құдайдан тілеп сұрағам:
«Өзіңдей қазақ қыздары
Жүрсе екен тірі, дін-аман!».

Дариға-дүние-ай, дариға,
Жас қыздар сені тани ма?!
...Он алты жасар қыз көрсем,
Еске алам сені, Сәбира...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу