Өлеңдер ✍️

  07.06.2021
  611


Автор: Асаба (тамада)

ЕЛУ ЖАС – ЕРДІҢ ЖАСЫ

Артта қалды бес асу мен бес белең,


Өрге тартып барады өмір-көш деген.


Елу деген – ердің жасы қызулы,


Жастық шақтың соңғы оттары өшпеген.


Дуылдатып дулы ортаның дүрмегін,


Бір ғанибет жарқ-жүрқ етіп жүргенің.


Елу деген-ердің жасы ең кемел,


Арысым деп арқаланар нұрлы елің.


Жұлдыз жанып, пейіліңе таң күліп,


Күзде жетті сыбаға алып, сән құрып.


Қалпыңыздан айнымаңыз – шат көңіл,


Басыңыздан бақ кетпесін мәңгілік.


Елу деген — ердің жасы еңселі,


Елу деген – парасаттың өлшемі.


Жарқылдасаң самғап ұшқан сұңқардай


Азамат деп мақтар тұтар ел сені.


Тірлік – теңіз, ес елудің ескегін,


Әнге толсын, күйге толсын кештерің.


Шын жүректен бақыт тілеп сарқылмас,


Қол сағады барша әріптестерің.


Елу деген толы той мен думанға,


Тау секілді көрінеді тұлғаң да.


Құшақ -құшақ гүлін алып келіпті,


Ақ көңілмен бауыр, туыс-туған да.


Елу деген- ес тоқтату, есею,


Елу деген- елдің жүгін көтеру.


Туған күнмен құттықтаймыз өзіңді,


Қанжығаңа ілінсін деп қос елу.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу