Өлеңдер ✍️

  07.06.2021
  301


Автор: Асаба (тамада)

НАУРЫЗ ТОЙЫ

Теңелді күн мен түн бүгін,


Жіпсіді нұрдан жер – мекен.


Қызықтап қыздар қыр гүлін,


Махаббат келді дер ме екен?


Жаңа жыл төрге төрлетті,


Жаңа күн туды жадырап.


Бір жасқа сәби ержетті,


Төлдер де өсті жамырап.


Ұмытпай көде кәдені,


Дәстүр мен салтты әспеттеп.


Жасарды жиһан әдемі,


Кететіндей ме тас көктеп?


Бұл наурыз бастап жол басын,


Артады жүгін сәуірге.


Жылжыған жылдар олжасын


Жеткізіп жаңа дәуірге.


Ағыл да тегіл-ас тағам,


Әр үйде қазан көтерген.


Жақсылық болып бас қадам,


Келдің бе, жылым, есен бе ең?


Қажыған халқым серпілмек,


Кезек кеп ұлттық ойынға.


Желбірер туым желкілдеп,


Бұл Наурыз- мейрам тойында.


Есейем бүгін бір жасқа,


Дәм татып наурыз көжеден.


Әзілдеп досқа құрдасқа,


Айтылар ән мен көп өлең.


Балаларымнан бата алып,


Көктеммен бірге гүл ашам.


“Атымтай – жомарт” атанып,


Амандық- саулық сұрасам.


Береді қарттар көп кеңес,


Солар ғой нағыз құдірет.


Тиеді бүгін төске төс,


Ұлыстың ұлы күні деп.


Ериді мұздар ессе жел,


Наурыздың тоңын жібітпек.


Қалады ескі өкпе де


Күндерде өткен ұмыт боп.


Наурызда думан басталып,


Дүние жатыр дүрлігіп.


Риясыз көңіл – ақша бұлт,


Әндерін шырқар қыз-жігіт.


Бөлінбесе елдің іргесі,


Белгісі ауыз бірліктің.


Шаттану шалқып міндетім,


Бүгінгі күнді жыл күттім.


Сыйлайды наурыз шат күлкі,


Жүзінен шуақ арылмай.


Құрметтеп ұлттық дәстүрді,


Ардақтап өтем арымдай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу