03.06.2021
  383


Автор: Жібек Ысқақова

ТІЛ ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ

ТІЛ ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ
Ғасырлардан аманат болған ана тілім

Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.
Ғабит Мүсірепов

Ғабит Мүсірепов: "Тіл салақ сөйлегеннен бұзылады" дейді. Салақ сөйлеу дегеніміз не? Таза қазақ тілінде сөйлемей, сөздің арасына орыс тілді сөздерді қосып сөйлеуді айтып отырған болар мүмкін. Расыменде қазіргі таңда осындай тілдерін бұрап, шұбарлап сөйлеп жүрген жандар қаншама десеңізші. Тіпті кейбір жаны қазақ, қаны қазақ бауырларымыз қазақ тілінде сөйлеуге намыстанып, орыс тілде сайрап жүр емес пе? Өз тілін сүймеген адамнан не күтуге болады? М. Әуезов: "Бұл дәуірде өз тілін, өз әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ болады."дейді. Қаншалықты жоғары білімді адам болса да, өз ана тілі - "қазақ тілін" білмейтін адам, білсе де сөйлегісі келмейтін адамды "рухани бай" адам деп айта алмаймыз. Ондай адамдардың сырты бай көрінгенмен ішкі жан дүниесі қаңырап бос қалған қуыс кеуде болады. Жан дүниесі жайқала алмай, іштей шөлдеп тұрғандай күйде жүреді. Әрине бұл нәрсені ол адам өзі білмейді, өз туған жерінде жүріп, орыс тілде сөйлеп не болмаса қазақ тілінің сәнін кетіріп, сөз арасына орыс тілін қосып сөйлейтін адамдарға сырттай бақылап отырған адамдардың жаны ашып қарайды, себебі, ол адамды өз тілін білмейтін, өз тілін қадірлемейтін "мәңгүрт" деуге болады.
"Мәңгүрт" демекші, дәл қазіргі таңдағы қазақ тілінің жайын ойласам жаным ауырып, іштей өзімді қоярға жер таппай кетемін. Неге дейсіз ғой, "Кейбір ғалымдардың бастары толы ми, миы толы ақыл. Әттең сол ақылды айта алатын тіл жоқ" дейді - Ғабит Мүсірепов. Кейбір ел бастап, ел ісімен айналысып отырған елдің бетке ұстарлары қазақ тілінде сөйлей алмай көңілімізді қалдырып отыр. Олар еліміздің айнасы іспеттес, сол айнаға қарап қаншама адам бет түзейді емеспе? Ал қалада тұратын халықтың 60-70 пайызы сөздеріне орыс тілін қосып сөйлейтіні өтірік емес. Әсіресе, өсіп келе жатқан жастар жағы орысша сөздерді қосып тілдесіп жатқанын көрсем ет жүрегім езіліп кетердей болып сыздайды, ауырады. "Қазақ тілі соншалықты мол. Ләкин қазақтың тілімен қандай кітап жазса да болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әрі анық болар еді, егерде біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе" дейді - Ыбырай Алтынсарин. Расыменде, әрбір қазақ баласы өз тілінде сөйлеп, өз тілін мақтан етіп, қандай жағдай болмасын өз тілін биік қоятын болса, біздің қазақ тіліміздің мерейі үстем болып, әлдеқашан қазақ елімізде тұратын басқа ұлт өкілдері қазақ тілін үйреніп, қазақ тілін құрметтейтін еді. Әттең деумен келеміз, тіл жашашырларының сөзі елеусіз қалып.
Ендігі мәселе, тіліміз қазақ тілінің күн өткен сайын құрдымға кетуіне бей-жай қарап тұрмай, қазақ тілінің өркендеп, өсуіне әрбіріміз ат салысуымыз керек. Ахмет Байтұрсынов: "Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады" дейді. Біз осылай әсте, әсте тіліміздің жоғалып кетуіне жол бермеуіміз керек, тіліміз барда "Қазақ елі" бар, "Қазақстан" бар. Сонау ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан елімізді сақтау үшін, жерімізді сақтау үшін біріншіден тілімізді сақтайық. Тіліміздің мәртебесін көтерейік. Тілімізді қорғайық, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәңгі қалуы үшін әрбір қазақ атсалысайық. Мұстафа Кәмәл Ататүрік былай дейді:
- "Қорғанудың ең жақсы тәсілі - шабуыл. Олай болса тіл саласында пайда болған жат нәрселерге шабуыл жасайық, ағашты бір рет сілкіп байқайық. Қандай шіріктердің түсетінін, қалған бүтіндерінің қаншалықты екенін көрейік." Яғни, тілімізді сақтап қалу үшін орыс тілін қосып сөйлейтін, қазақ тілін білмейтін, білгісі де келмейтін адамдардан бастап, оларға қазақ тілінің қандай маңызды екенін барынша түсіндіріп, тек қазақ тілінде сөйлеуге, қазақ тілін құрметтеуге шақырып, оларға барынша қазақ тілінің "мемлекеттік тіл" ана тіліміз екенін барынша ұғындару керек. Бұл әрине бір адамның қолынан келмейтін іс. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей, бұл жүкті жүрегі "қазақ" деп соққан әрбір қазақ баласы көтере білуі тиіс деп ойлаймын. "Жалғыздың үні шықпас" дейді, бір адамның үні жететін жерге жетпей, жолдан қайтары анық қой, сондықтан бірлігі мен тірлігі жарасқан қазақ тілінің мәртебесі жоғары деңгейде болуына әрбіріміз атсалыса жүрсек қазақ тіліміз өркендеп, қанатын кеңге жаятын еді. Бұл әрбір қазақ баласы үшін міндет болуы керек, қазақ тілінің қандай әдемі, сөзге бай тіл екенін жүрекпен сезініп, қадіріне жете білсек, қазақ тілін дамуына әрбір қазақ отбасы бірінші өздерінің шағын жанұясында қазақ тілінде үн қатып, қазақ тілінің дамуына үлесін қосса қазақ тілінің мерейі үстем боларына бек сенімдімін.
Осы орайда әр түрлі сала мамандарынан "қазақ тілі" жайында аздаған сауалнама жүргізіп көрген едім, пікірлері мынадай:

ИСАТАЕВА МАҚПАЛ АНАРБАЙҚЫЗЫ. N24 Колледж МКҚК директоры
Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады.
Ана тілі -ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиісті. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиі көріп, естіп жатамыз. Тіпті, туған тіліне менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады.
Ана тілі - ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы деп білемін.
Қорыта келгенде, Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілі, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болып қала бермек!

ТӨЛЕШ САРБАСҚЫЗЫ ЕШЕНҚҰЛОВА. Түлкібас ауданы
Мен, қарапайым, арнаулы орта білімім бар жанмын. Қостанайдың қызымын. Қазақы отбасында тәрбиеленсем де, сонау 80-інші жылдары жүрген, тұрған ортам орыс тілді болып, өзімде ауызекі тілде орысша сөйлеп жүрдім. Оның несін жасырайын. Дәм-тұз бұйырып, Оңтүстікке келін болдым. Келген кезде, мені "орыс келін" дейтін. Соған намыстанып, таза қазақша сөйлеп кеттім. Жүрген ортамда да осыны талап етемін.
Жастардан көп үміт күтеміз. Ауыл-қала деп бөлмей-ақ, қай жақтан болса да, кәзіргі жастардың көбі (бәріне бірдей топырақ шаша алмаймын. Үлкен жастағы кісілердің өздері, орыс тілінде сөйлегендерін мәртебе көреді ғой деймін), орыс тілінде сөйлейді.
Ол енді, ащы болса да, шындық. Бір заманда, орыс тілін білмесе, қатарынан кем қалатындай көретін еді. Кәзір Уақыт басқа.
Оқыған, білімді жастар көп. Құдайға шүкір.
Дей тұрғанмен, өз Ана тілінде сөйлеп, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үлес қосса екен деймін ғой. Жоғарыдағы мақалада, бәрі де анық жазылған екен. Алып-қосарым жоқ.
Десе де, жастарға айтарым :
Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барынша атсалысайық. Өзіміз ғана, таза сөйлеп-жазбай, басқаларға да үлгі болайық!
Әлеуметтік желілерде байқаймын:
Көбі орыс тілін қосып жазғанымен қоймай, қысқа әрі қате жазады. Қазақ әріптері жоқ шрифтімен жазылған соң, ол мәтінді оқу —- тілің бұралып кеткендей әсер қалдырады екен. "Ел боламын десең —- бесігіңді түзе" дейді, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов.
Әр отбасында таза қазақ тілінде тәрбиеленген бала, ертеңгі ел болашағы!Соңғы жылдары, орыс сыныбына немерелерін беріп жүрген Ата-Әжелерді көріп, намысым келеді. Кәзіргі карантинге байланысты онлайн оқу, оларға қаншалықты қиынға түсіп жатқаны, айтпаса да, белгілі.
Не әрі, не бері емес бала, екі ортада дүбәра болып шығады.
Кезінде біз кітап оқып жарысушы едік. Ауыл, мектеп кітапханаларында, іздеген кітаптарымыз табыла қоймайтын. Бір кітапты оқу үшін, ауыл болып кезекке тұрған кезіміз де болды. Оны кәзір айтсақ, ертегі сияқты.Кәзір бар жағдай жасалынған. Оқимын деген жастар болса, болғаны. Бірақ, өкінішке орай, кітап оқитын бала жоқ. Бұл жерде, ең алдымен Ата-аналар балаларға өздері үлгі-өнеге көрсетсе екен деймін. Ертегі кітап сатып алып, оқып беріп қызықтырса... Отбасында таза қазақ тілінде сөйлессе... Ауызекі тілде мақал-мәтел айтып отырса... Жұмбақ, жаңылтпаш жаттаса... Бала неме, соған қызығар еді ғой.
Отан отбасынан басталады дейміз. Отанды сүю үшін, ел жанды, ұлтжанды азамат тәрбиелеу үшін, өзіміз қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, ұрпағымызға мақтанышпен насихаттай жүрейік. Көлікте болсын, көшеде болсын, ән тыңдасақ та, екеуара сөйлессек те, тек қана қазақ тілінде сөйлейік! Бір сөздің өзі бірнеше мағынаға ие, қазақ тілі неткен бай тіл десеңізші.
"Мың өліп, мың тірілген" қазақпыз ғой. Қазақ тілін құрметтеп, мәртебесінің биік болуына атсалысар ұрпағымыз бар деп сенейік! Қазақ тілі —- мәңгілік тіл.
"Әр қазақ —- менің жалғызым" деген Сабыр Адай. Ендеше, әр қазақ Ана тілінің дамуына үлес қосары анық! Қазақ тілі жасасын!
Әлеуметтік желілерде, біраз пікір жазып, кейбіреулерге жеккөрінішті болып жүргенім рас. Кезінде, мені орыс тілді дейтіндердің өздері, осы күндері екі сөздің біріне орысша қосып сөйлейді. Оларға да ескертемін деп, жақпай жүремін. Мейлі. Бір адамға болса да, ой салсам екен деймін. Жазғанда да қатесіз таза қазақ тілінде жазса ғой. Кезінде, бір әріптен қате кетсе, намыстанушы едік.
Ұзын сөздің қысқасы, барша қазақ халқын, тек қана қазақ тілінде сөйлеп, жазайық деп, қазақ тілінің мәртебесінің жоғары болуына, бір кісідей атсалысайық дегім келеді.

ЖҰПАРКҮЛ БЕКШОРАЕВА. Әлем Халықтар Жазушылары мен Дүние Таланттар Одағының мүшесі,, Бауыржан Момышұлының "Батыр шапағаты" медалінің иегері,Кентау қалалық "Қазақ тілі" қоғамының төраға орынбасары,,ақын,сазгер
Қазақ тілім ,айбыным! Қазақ тілі, менің ана тілім!
Ана сүтімен бойға дарыған өз тілім өз айбыным! Мен өз ана тілімді мақтан етемін! Қазақ елімнің, қазақ даламның бір перзенті болғаныма мақтан етемін.Сол даламда өз елімнің ортасында еркін самғап ,көкте қалықтаймын. Өйткені, ана тілімде өлең жазып ана тілімде әнімді шырқай аламын.
Қай жерде болмайын өз тілімде сөйлеп, өз тілімде жауап беремін! Өз тілім, яғни ана тілім-жүрегімнің үні! Әрине, қазір де тіл тағдырына алаңдап, тіліміз үстемдік құра алмай жатыр деп, осы мақсатта күресіп жүрген азаматтарым да баршылық. Солай десек намыссыз қазақпын деп жүрген, тіптен ел басқарып жүргендер де аз емес. Өз ана тілін менсінбейтін боз өкпелер де жетерлік! Осындайларды көргенде жаның ашиды.Ол деген мүсәпірлік дер едім. Тіл тағдыры- ел тағдыры". Расұл Хамзатов
Тіл ертең жойылады дегенді естісем бүгін өлуге дайынмын,-,деген не деген ұлылық! "Тіл -ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі" Бауыржан Момышұлы. Осы нақыл сөздің төңірегінде қаншама ойлар жатыр десеңізші! Ұлттық құндылықтың бар өзегінде тілді дәріптейтін түрлі әдет-ғұрып пен ұлттық құндылықтарымыз сайрап жатыр. Сол ұлттық құндылықтарымыздың алуан түрлерінің бірі тарихи дастандарымыз сайрап жатыр.Осындай шежірелеріміздің бәрінде ана тіліміздің сонау арыдан қанымызға сіңіп келе жатқан даму жолы жатыр. Сондықтан Ана тіліміздің жетімсіреуі мүмкін емес!
Алайда, сіз боп, біз боп, Ана тіліміздің кеңінен қанат жайуына атсалысу керек екенін ұғына білейік, ағайын демекпін.Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту-бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту. Қазақ тілі сұлулығымен бойды ерітіп, тамырыңа жайлайтын қасиетін сезінейік! Құлақ құрышын қандыратын Алпамыс батыр, Едіге батыр, Батырлар жырын тағы да басқа дастандарымызды ұрпағымызға таныта түсу керек екенін атап кеткім келеді.
"Тіл-ұлттың жаны" екенін ұлықтайық!


АЛУА ДАРХАНБАЙҚЫЗЫ
Оңтүстік "Болашақ" әдеби- мәдени клубының төрайымы
«Шала қазақ болмай, Ана тілде сөйлейік...»
Ана тілін білмейтін адам-бір қолы жоқ шолақ адам сияқты. Ғ. Мустафин
Тіл... Ойлана кеттім. Ойлануға тұрарлықтай, ойламасыңа болмас мәселе болды ғой өзі де!.. Сонау Хакім Абайлардың шағында мұндай мәселе болмады ма? Ойй, несін айтамыз? Бұдан сорақысы болғанын бәріміз де білеміз! "Қазақ тілі" дегенде жанымызды берердей болуға тиіс едік қой. Себебі, Қазақ тілі біздің, Қазақтың-Ана тілі.! Ықылым заманнан-ақ осы тіл біздікі болған да! Айтпағым.. ендеше неге біз өз тілімізде сөйлеуге қымсынып, өзге ұлттың етегіне жармасып, өзге тілде сөйлейміз? Қазақтығымыз қайда? Қандай да бір жиында болсақ тоқсан ауыз орысша сөзінің бірі қате айтылса болғаны жабылып мазақтайды дағыны, туған тілінде тоғыз сөз сөйлеп, оның өзін де шалаланып сөйлесе дым демейміз... Қазіргі заман талабы дейміз, басқа дейміз, әйтеуір сылтау табамыз. Бірақ, осылайша мәңгүрттеніп бара жатқанымыз жанға батады. Ана тілімізде біз сөйлемесек, өзге ұлттан шалалық тауып, құр мазақ боламыз да, қаламыз. Елдігіміз де ойрандалмақ.
Сол үшін де тілге, астын сызып айтамын Туған тілге үлкен құрметпен қарау керекпіз! "Ана тілімізді шекараны қорғағандай қорғау керекпіз"! Ойланайық.! Шала қазақ болудан сақтанайық. "Егер ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даяр болалық"!
Әсіресе жастар! Олар-елдің болашағы. Жастар-болашақтың өзі. Келешегіміз жарқын, елдігіміз мәңгі болуы үшін мәңгүрттіктен сақтаналық. Елбасымыздың айтқанындай ана тілімізде сөйлесейік!

Сөзімді қорытындылай келе, осындай пікірді ұстанатын қазақ азаматы мен азаматшалары көптеп болсын деп тілеймін, "қазақ тілі" мәңгілікке мемлекеттік тіл болып, қазақтығымыз жоғалмай, қазақ елі жасай берсін!??

Ғажайып Қазақстан-2050 журналының меншікті тілшісі Жібек Искакова. Түркістан қаласы



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу