Өлеңдер ✍️

  03.06.2021
  1190


Автор: Жібек Ысқақова

БАЛАМА ӨСИЕТ

Балама өсиет

Бұл өмір қайта келмейді-ай,
Уақытта қолды сермейді-ай.
Бүгін бармыз, ертең жоқ,
Бұл өлең дертті емдейді-ай.

Айтарым саған жан балам,
Жігіт бол елің мақтаған.
Танытқын атын еліңнің,
Таң болардай бар ғалам.

Сыйлы бол туған-туысқа,
Бет алысып, ұрыспа.
Өмірдің өзі бір тұтам,
Сыйлы бол ботам, жұлыспа.

Достарыңды таңдай біл,
Адалдық жол арнай біл.
Адал дос, амал достарды,
Айырып ботам, талдай біл.

Жақсы мен жаман жол болар,
Айыра білсең жөн болар.
Жақсылық жолға бет бұрсаң,
Қадамың сонда оң болар.

Жақсылық бермес жаман жол,
Адам бол ботам, аман бол.
Темекі, наша, ішімдік,
Бастауы болар жаман жол.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Болмағын балам жасқаншақ.
Аулақ бол бұндай әдеттен,
Сұраусыз ботам мал шашпақ.

Арылғын жаман әдеттен,
Тәтті өтірік тербеткен.
Шындыққа қара тек қана,
Ащы да болса емдеткен.

Біреуді мақтап күнелтпе,
Адамның ісі жүректе.
Ақылмен жаса барлығын,
Жүгіне бермей білекке.

Білімді бол жан балам,
Білімсіз күнің қор болар.
Оқы балам, оқи түс,
Оқысаң ісің оң болар.

Бұл өмір солай, тым қатал,
Мұңды боп кейде таң атар.
Берілме ботам сынаққа,
Мұңнан соң күлкі тіл қатар.

Бойыңды тікте, жүр алға,
Несібеңнен құр қалма.
Алдамшы мынау өмірде,
Биікке самға, бол алда...

Айтқанымды ұмытпа,
Жақсылықты құрықта.
Аллаға сен, өзіңе,
Мықтысың ботам ұмытпа!
Жібек Искакова



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу