03.06.2021
  443


Автор: Жібек Ысқақова

КӨҢІЛ ҚЫМБАТ

КӨҢІЛ ҚЫМБАТ
( мөлтек сыр)

    "Жақсы сөз жарым ырыс"-дейді анам. "Өйткені ол - көңіл есігін ашады" деп айтып отырады.
"Көз -нұрдың ұясы, көңіл- сырдың ұясы"-дейді қазақ. Халқымыз қандай данышпан, шынында, адамдық қарым-қатынаста көңілдің орны бөлек  екенін осылай әдемі жеткізген.Ал өмірлік ұстазым, белгілі қаламгер Әкім Ысқақ:
    - Алтыным! Көңіл отын тұтандыратын жағымды сөз, жақсы ой. Өмірге  деген құштарлық та осыдан бастау алады-дейді.
Ия, бәрі де нәзік те сиқырлы көңілге байланысты.
"Киім кірі жуса кетеді, көңіл кірі айтса кетеді"' деген де сөз бар.
Бір құрбыма бүгін ренжідім.Маған қараптан-қарап дүрсе қоя бергені. Шынымды айтсам, көзіме жас үйіріліп қалды. Үйге келген соң көңіл-күйім түсіп, мазам болмай, ауырып отырмын. Қан қысымым да көтеріліп кетті.Өзімді бей-жай сезіне бастадым. Енді қалай емдеймін бұл күйімді? Расыменде, нәзік көңілім бәр пәсте жараланып қалды. "Ән көңілдің ажары"- демекші, ән тыңдағым келді. Өзімнің сүйікті әндерімнің ішінен "Көңіл қымбат" әнін тағы қостым.
     - Бұл фәниде қашанда өмір қымбат,
     Өмір қымбат, адами сенім қымбат.
     Байлығыңнан, дүние бәрінен де,
     Көңіл қымбат, көңіл қымбат...

Қандай тамаша ән, әсерлі сөз адамның жүрегін емдейтін саз. Ия... пендешілікті қойсайшы..  Осы әннің әсері жанымды жадыратып, көңілім де  қалыпқа келе бастады. Әрбір сөзі дем беретін Әкім Ысқақ  аға, мені шығармаларыңызбен қуат беріп келесіз. Адам жанын емдейтін нағыз  дәрігерсіз ғой. Біреуге өкпе артқаныңызды көрмеппін.Әрбір сөзіңіз нысанаға дәл тиеді. Әннің құдіретін жеткізу оңай емес. Бар ойым да, бар көңілім де осы әнде болды. Басқа ештеңені ойламадым. Әннің әсерінен болар, құрбыма ренжігенім мүлде есімнен шығып кетіпті. Сөйтсем, ватцаптан әлгі құрбым өзінің  ағаттығын біліп, бірнеше  рет кешірім сұрап жазыпты.
"Көңіл қымбат" әнін тыңдап, көтеріңкі көңілде отырған сәтімде
    - Мен сені жақсы көремін Алтын құрбым, мен ешқашан ренжімеймін. Өйткені  бәрінен де көңіл қымбат!-деп жазып жібердім.
Шынында да, асыл ниеттен артық ештеңе жоқ. Себебі Көңіл қымбат қой!  Өзімнің де әлсіздігімді сезіндім.Ешкімге өкпелемейікші, ағайын!

      Ғажайып Қазақстан-2050 жұрналының меншікті тілшісі: Жібек Искакова. Түркістан  қаласы.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу