Өлеңдер ✍️

  03.06.2021
  240


Автор: Кенен Әзірбаев

ЕРКЕБАЙДЫҢ АУЫЛЫНДА

Терең ойлы Еркебай,


Орта бойлы Еркебай.


Ауылы күнде той-думан,


Еңбекші елге серкем-ай!


Кішіпейіл жайдары,


Ақылы көп айлалы,


Қысылғандар келгенде,


Кеңес табар пайдалы.


Зорлық-қорлық көргендер,


Паналаған қайдағы.


Түрлі елден келгендер,


Еркебайға тоқтайтын.


Бір көргенде ауылын,


Өз аулына қайтпайтын.


Досына көңілі жайлау-ды,


Дастарқаны жаюлы.


Ит жүгіртіп, құс салып,


Жүйрік аттар байлаулы.


Ақын, әнші-күйшілер


Ауылында сайраулы.


Сері жігіт, талапты


Еркебайда жинаулы.


Ақ самауыр қайнаулы,


Қыз, бозбала ойнаулы.


Балуан Шолақ, Шашубай,


Қажымұқан қонағы.


Қырғыздардың жыршысы


Күні-түні жырлаулы.


Әсіреп, Шаңбай балуан –


Ұлы жүздің қос дәуі.


Қарағайдан там салған,


Көшпенді халық тамсанған,


Монша салып, тал тігіп,


Мәдениетке бастаған.


Жеміс ағаш, бақша егіп,


Көрсетіп елге нұсқаған.


Орыстан көрген үлгісін,


Үйрен деп елге қақсаған.


Орыстармен бір жүріп,


«Шоқынды» деп атанған.


Тапқанын салып ортаға,


Нашарлар ауылын жақтаған.


Азаматтық, жомарттық,


Халықтың мұңын жоқтаған.


Жалпыға бірдей жайдары,


Көрмедім мұндай жақсы адам!


                         ***


Әрқашан Еркебайдың айтам жайын.


Өтірік мақтанғанмен не қылайын.


Өзіме көп пайдасы тиген еді,


Ойыма, алғыс айтам түскен сайын.


Көрмедім  Еркебайдай жайдары адам.


Қасынан кетпеуші еді қайдағы адам.


Жасымнан жан жолдас қып, ертіп алып,


Жерім жоқ Жетісуда сайрамаған.


«Жолдасқа бір күн болған қырық күн сәлем»


– Кейбіреу көзі тайса ойламаған.


                      ***


Еркебай ит жүгіртіп, құс салатын,


Қасына ақын, сері қосшы алатын.


Бай-манаптар, молдалар үкіметке


Қарсы болса табанда ұсталатын.


Еркебай ертіп алып екі тазы,


Жігіттің, жүйрік ат-құс, құмарпазы.


Үйіне Әубәкір бай түсе қалса,


Бүлкілдеп қайнап жатар қарта-қазы.


Түстеніп отыр екен молда, қожа,


Қазанға қарай түсіп мойын соза,


Большевик үкіметін жек көреді,


Қудалап жүргеннен соң бермей маза.


Алдырған тазыларға алты түлкі,


Таң ата қан сонарда кермейді ұйқы.


Талдыбұлақ атақты ат жайлауда,


Қарлы боран соғып тұр ұйқы-тұйқы.


Қыстауы Әубәкірдің Шаңқұдықта,


Нақ түсте біз де келдік сән құдыққа.


Әубәкір аузы қисық, мұрны пұшық,


Кез болдық түлкі қарап қаңғырдық та,


Басында болған екен ешкілі бай,


Өте сараң шықбермес деп Шығайбай.


Еті құрсын, көргенде шошып кеттім,


Қисайған аузы-мұрны кескінін-ай!


Сол үйде екі молда жатыр екен,


Балалары шиедей қотыр екен.


Молдалардан ішірткі тұмар алып,


Көршілері кәрі-жас отыр екен.


Әубәкірдің өзіне сай қосылған


Қатыны да молданың қызы екен.


Жібі түзу бір көрпе жоқ осында,


Жиренетін кірген жан қоқыр екен.


Еркебай үйге енді менен бұрын,


Молдалардың атының танып түрін.


Маған көзін қысты да, қолын бұлғап,


Тіс қаққан сопылардың біліп сырын.


Түсіндім мен де ымменен айтқан сөзін,


Қанжығада түлкінің құрттым көзін.


Қазыққа қос тазыны байлай салып,


Артынан көптен кейін бардым өзім.


Молдалар шариғатты шертіп отыр,


Шай ішіп жентпенен, бөртіп отыр.


Жақтырмай Еркебаймен екеумізді,


Шылымның түтінінен үркіп отыр.


Онда біз ілінген шақ белсендіге,


Түсірген бай-манапты теңселдіге.


Түстігінің үстінен түскеннен соң,


Үндемей бәрі қалды мелшиді де.


Бұлардың сыбағасын сал демейді,


Молдадан басқаларды жан демейді.


Ешқайсысы Еркебайға әңгіме айт деп,


 Кенен-ау, домбыраңды ал, демейді.


Біз де кеп дайын шайдан іше бердік,


Жаурап келген жан терге түсе бердік.


Молдалар мен үй-іші жақтырмайды,


Жейтінін жеп, көмбешін кесе бердік.


Жау жүрек, азулы ер Еркебай бар,


 Ұры деп жек көреді молда, байлар.


Үшеуімізді атарға оғы жетпей,


Үрпиісіп ішінен тісін қайрар.


Өздері қанып алған ыстық шайға,


Молдалар уағыз айтты Еркебайға:


«Сақалың әппақ болды құлқайырдай,


Құлшылық қылмайсың ба бір құдайға.


Шоқынып жастайыңнан орыс болдың,


Тілмаш боп кедейлерге помощь болдың.


Сайлауда екі байдың малын шашып,


Еппенен түсірдің де, болыс болдың.


Ермегің қартайғанда арақ, шылым,


Жымдас қып ұры менен пері, жынды.


Шайтанның сапалағы ақын-әнші,


Секіртіп серік қылдың қарақшыны.


Құс салып, ит жүгірткен пері адам,


Көрмейді Мұхамбетті ондай надан.


Енді кеп большевикке қосылыпсың,


Тақалды қияметқайым, ақыр заман.


Коммунист патша мен бай, дінге қарсы,


Құдай мен пайғамбарға мүлде қарсы.


Бар еді сегіз ұжмақ, жеті тозақ,


Тамұққа сендер бармай, кім бармақшы?»


Еркебай жанжал, шатақ қаламайтын,


Ешкімге қастық ойлап қарамайтын.


Еркіне Есенбайды қоя берсең,


Молданы жүндей түтіп сабалайтын.


Сол кезде домбырамды қолыма алып,


Мен бір-ақ өлең айттым табалайтын:


«Құдаймен бұлар бірге «туған» екен,


Шық бермес Шығайбайдай қулар екен.


Әубәкірдің бет-аузын қабат құртып,


Жын-пері жексұрын ғып ұрған екен.


Отына айран құйған қоңырсытып,


Баспанасын тастапты ыбырсытып.


Өзіңе-өзің қимай мал-мүлкіңді,


Ортаға түсірерсің енді қырсық».


Қатыны күйбең қақты, отын жағып,


Көп адам мәз болады сөзін бағып.


Сөзіме менің айтқан таңырқайды,


«Сауап!» деп, Әубәкірге ашуланып.


Батырақ, «Союзқосшы» бауыры тақыр.


Байлардан еңбекақы даулап жатыр.


 Большевик партия мен Лениннің


Өкілдері декретін айтып батыл.


Би-болыс, бай-құлақ пен қожа, молда,


Болды деп үгіттейді заманақыр.


Ет пісті, қазан түсті, оты маздап,


Қызғанып молда отыр өле жаздап.


Қазы, қарта, үйтілген қойдың сүрі,


Ішінен тынып отыр тәңір қарғап.


Еркебай бір амалды таппақ болды,


Өкпелеп ет жемей-ақ қайтпақ болды.


Жемейтінін молдалардың жегізбекке,


Ер жігіт керауызды қақпақ болды.


Шөңет пен борандатып Даңбай келді,


Бірнеше белсенділер қолдай келді.


Түстікке түстік жерден бәрі қаптап,


Бай менен молда құты қалмайды енді.


Байларға баса салып алым-салық,


 Белсенді жүрген шағы байды шағып,


Құдасүйек, қожалар сыбағасын


Жайлауға сақтаушы еді артып бәрін.


Алалап еттің түрін қайта қарап,


Амалсыз ет жасалды екі табақ.


Молдаларды қоспады арам астай,


Біздің табақ жұпыны асқа мол-ақ.


Сыйға ұстап туралғанда қарта, қазы


 Қазақтан ет қала ма қысы, жазы?


Есенбай енді аузын ашқан кезде,


Жалақтап үйге кірді екі тазы.


Кет-кет! – деп елдің бәрі  шұрқырады,


               Қожалар сай-сүйегі сырқырады.


               Шұбырып сілекейі аш тазылар,


              Табаққа тақап лебі бұрқырады.


Молдалар орнынан тұрды атып,


 Болмайды арам асты енді татып.


Сәлдесін шала-пұла басына орап,


 Атына зорға жетті асып-сасып.


1962




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу