Өлеңдер ✍️

  03.06.2021
  272


Автор: Кенен Әзірбаев

ТОҚСАНДАҒЫ ТОЛҒАУ

Ай аялап, жыл жылжып,


Жеттім, міне, тоқсанға.


Тауып алды тасадан


Жасырынып бұқсам да,


Кететұғын қу емес,


Тұмсығына соқсам да.


Түсіріп ап тұғырдан


Отырғызып оқшауға.


Бағуда халқым мәпелеп,


Сыйлап отыр жатсам да,


Рахмет саған партия


Көрсеттің жәрдем қартыңа.


Ақ сақалды ақ шалға


Қажымай жеткен тоқсанға.


Қуанышқа кепеліп


Бұлбұл жүрек сайрайды,


Кәрі кеуде – бақшада!..


«Тоқсанға толды Кенекең,


Ән-күй, жырға кен екен».


Ұйғарыпты үкімет,


Той істеуге жөн екен.


«Киров» колхоз жерінде,


Еңбек сүйгіш елінде,


Асуы асқар белінде,


Қоңыр салқын жерінде,


Сағасы құтты көлінде,


Даласы толған егінге,


Сай-сала толған қоғам мал


Таудың ылди-өрінде,


Жотасы арпа, ақ бидай,


Тамаша ғой көруге.


Тоқсан жылдық тойында;


Иірсу, Қордай бойында,


Ақши мен Бөлдектің


Қыры менен ойында,


Ұлан асыр той болды


Июнь – июль айында.


Облысым бастады,


Той болсын деп нұсқады.


Комиссия сайлады,


Барлық істі жайғады.


Құрылысты құрғызды,


Барлық істі жүргізді.


Көзге түсер көрнекті,


Неше алуан өрнекті,


Той болатын алаңға


Биік сөре тұрғызды,


Жазуы бар «Бозторғай».


Шіркін әннің бұлбұлы-ай.


Биік сөре басына


Қызыл туды ілгізді.


Сым қарағай тартқызды,


Ильич шамын жаққызды.


Радио орнатып


Түрлі әнді айтқызды.


Машина жолын түзетіп,


Үстіне асфальт жапқызды.


Барлық көше жайнады,


Дарақта бұлбұл сайрады.


Жолайырықтан бер қарай


Қызыл жалау байлады.


Ат шабатын айналып,


Дөңгелек жер айдады.


Мезгілді күн жеткен соң,


Дайындықтар біткен соң,


Облысы Жамбылдың


Он бір аудан жиылды


Колхоз бенен совхоздан,


Айнала ақ үй тізілді.


Көлге жүзген аққудай,


Қатар-қатар тізілді.


Салтанатты, сәулетті


Ақ ордалар көрінді.


Жазғы гүлдей жайнатып


Қыз-бозбала киінді.


Қонақтың алды кеп қалды,


Той басталды деп қалды.


Кілем, көрпе жазылды,


Мол дастархан жайылды.


Ақ самауыр қайнады,


Дастархан беті жайнады.


Қонағасы сойылды.


Сабада қымыз күрпілдеп


Піскенде буы бұрқылдап,


Шараға қымыз құйылды.


Магазин жайды асылды,


Неше алуан жемістер


Есіктен төрге шашылды.


Бәйге аттары жарысты,


Жорға аттары салысты,


Қыз қуып, көкпар тартылды,


Палуандар күресті


Табандарын тіресті,


Бұлшық етін бұлтитып,


Бір-бірімен сіресті.


Аударыспақ алысты


Қолдары да қарысты.


Ақындар да айтысты,


Жұрт қызыққа батысты.


Қырғыздар жырын жырлады,


Қобызын тартып ырлады.


Күйшілер күйін күйлетті,


Бишілер биін билетті,


Әншілер ән шырқады,


Киношылар түсірді,


Тойды аралап суретті.


Салтанатты жиында


Халықтың көрдім құрметін,


Құттықтау сөйлеп шешендер


Сыйлықтың көрдім нәубетін.


Әділетті заманда


Отанның көрдік сәулетін.


Облысы Жамбылдың


Көрсетті сәнді дәулетін.


Қала менен даладан


Келген ел тойға қарасты,


Машина мен атты адам


Қатар тұрып жарасты.


Көптігінен адамның


Кемпір, шалдар адасты.


Мыңдаған адам келді деп


Даяшылар санасты.


Бір жетідей той болып,


Қырат жерлер ой болып,


Разы болып келген ел


Алғыс айтып тарасты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу