02.06.2021
  815


Автор: Кенен Әзірбаев

ЖАС КЕЗЕҢДЕРІ (терме)

Белгілі бір жасыңда бесіктесің,


Еңбектеп екі жаста есіктесің,


Үш жаста от басында ойнақтайсың,


Төрт жаста жас ботадай тайрақтайсың.


Бес жаста асық атып, асыр салып,


Алтыда жарға ойнаған лақтайсың.


Жетіде, сегіз, тоғыз, он жасыңда,


Тай менен тана мініп тырақтайсың.


Он бес пен жиырма бес, отыз жаста


Қайнардан тасып аққан бұлақтайсың.


Қырық жаста қия шапқан қылыштайсың,


Елуде ерлер мінген пырақтайсың.


Алпыста мал құмар боп, көзге елестеп,


Әйтеуір сиыр жейтін құрақтайсың.


Жетпісте жер таянып шал-кемпір боп,


Сыйыспай бір төсекте жырақтайсың.


Сексенде селкілдектей ауру келіп,


Басыңа ие болмай былғақтайсың.


Тоқсанда барлық денең садақтай боп,


Ақ үрпік балапандай қылжақтайсың.


Жайланбай жатсаң-тұрсаң жүзге жетіп,


Ақыры қара жерге тұрақтайсың.


1961




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу