Өлеңдер ✍️

  02.06.2021
  446


Автор: Жібек Ысқақова

Мұқағалимен сырласу

Мұқағали Мақатаев - атың қандай?
Қазақ елін поэзияға шақырғандай.
Мейірімді көзқарасың елестейді,
Сыртымыздан тамашалап отырғандай.

Жырларыңмен тасқындап, жалындадың,
Бас имедің ешкімге, жалынбадың.
Он жасыңнан өлеңді азық етіп,
Бойыңызға тұмар етіп қабылдадың.

"Қой" жылында өмірге сіз келдіңіз,
Өлең болып ырғатылып тербелдіңіз.
Бұл өмірдің дауылына қарсы тұрып,
Поэзияның тамырына дем бердіңіз.

Лирикалық жинақтар, дастандарың,
Бізге азық, оқып жүр жастар бәрін.
"Сенің көзің" "Ғашықпын" өлеңдерің,
Ашып жатыр бұл күнде жастар бағын.

Отаның мен ерекше дара халқың,
Құрметтеуде бұл күнде ата-салтын.
Мерейі де үстем боп тіліміздің,
"Үш бақытым" - бүгінде жүзі жарқын.

Жырыңызды арнадыңыз Фаризаға,
Сыйластықпен жар салып жарияға.
Мұра етіп жазылған жырларыңыз,
Ұрпақтардың санасына дариды аға!

Есімізде "Әйелдер-ай" өлеңіңіз,
Сол өлеңмен жандануда өнеріміз.
"Ей, өмір" деп жырладың қапалықпен,
Не болар деп ертеңгі күн көреріміз?!

Жыласа да сол кезде бұл жаныңыз,
Орындалды бұл күнде арманыңыз.
Әр жыл сайын арнаулар  ағылуда,
Өлең-жырға көмкеріліп жан-жағыңыз.

Өтіп жатыр туған күнге байқауларда,
Бұның бәрі аға сізге байқалар ма?
"Өлең оқу", "поэзия", "сурет салу"
Байқаулары сізге хабар айталар ма?!

Тоқсан жаста есіктен еніп келді,
Жанарларға жасымыз ерік берді.
Сен мәңгілік жасайсың, құрметтейміз,
"Мұқағали" атыңа беріп төрді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу