Өлеңдер ✍️

  02.06.2021
  492


Автор: Жібек Ысқақова

БІР АДАМ БАР

Бір адам бар, әр сөзі жанды тербейді,
Мейрімдікпен, жылы сөзбен емдейді.
Адалдықтың жолын ұстап қашанда,
Жамандықтың құрсауына көнбейді.

Бір адам бар, түнерген қара бұлттайын,
Жайпап жүрер айналасын жұттайын.
Жегідей жеп, іштей сорар ол адам,
Жақсы болып көрінгенмен сырттайын.

Бір адам бар, мінезі суық қыстайын,
Әрбір сөзі ызғарлы боп тоңдырар.
Бүршік атып келе жатқан буынды,
Қаһарымен бір-ақ демде солдырар...

Бір адам бар, көктемдейін құлпырған,
Мейірімді сөздерімен үн қылған.
Күн нұрындай жылу беріп баршаға,
Айналасын хош иісті гүл қылған...

Бір адам бар, жайма шуақ жаздайын,
Жадырайтын, жүретін тек күлімдеп.
Күлкісімен баурап барлық адамды,
Жақсы сөзін арнап жүрер "күнім" деп.

Бір адам бар, салқын самал күздейін,
Бірде жылы, бірде суық ызғарлы.
Бір нәрсеге ашуланса ерімес,
Қабағына қатып қалған мұздары...

Бір адам бар, өтірік сөзді теретін,
Өсек десе жанын салып беретін.
Өсек сөзден рахаттанар жандар көп,
Біреулердің сөздеріне еретін.

Бір адам бар, мақтаншақ, мақтау сүйетін,
Мақтау айтсаң бар жақсысын үйетін.
Көңілдері мақтанға жақын адам бар,
Мақтауменен көңілді өмір сүретін...

Бір адам бар қиялданып жүретін,
Қиялымен шаттанатын, күлетін.
Ауызбенен барлық ісін бітіріп,
Құлағыңа қиял сөзін ілетін...

Бір адам бар, кекірейген мінезі,
Адамдармен жұғымы жоқ, шет жүрер.
Өз әлемін құрып алып өзінше,
Әрбір ісін жөн санап, "дұрыс" деп білер...

Бір адам бар, үлкенге құрмет етпейтін,
"Бірінші болып алдыма келсін" деп тұрар.
Санасып қалған адамдар көп өмірде,
Жағымсыз сөзбен тоқтамай миды жеп тұрар.

Бір адам бар, сыйлайтын барлық адамды,
"Ақ, қара" деп бөлмейтін ешбір араны.
Олар үшін атақ, данқ та сөз емес,
Сәлем берер көрсе де жас баланы...

Мінездері сан қилы, түрлі адам бар,
Әр нәрсені өздерінше бағамдар.
Айтарым тек, келген соң біздер адам боп,
Адам болып қалайықшы адамдар!

Жібек Искакова



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Алтын А.
Алтын А. 03.06.2021 14:01
Өлең тамаша жазылған! Әр адамның мінезін дөп басып жазыпсың. Жарайсың Жібек қызым! Өнер жолыңа сәттілік тілеймін.

Пікір жазу