Өлеңдер ✍️

  01.06.2021
  153


Автор: Кенен Әзірбаев

Жамбылдың бала кезі

Ал, Жамбылға келейін,
Ақбөкендей желейін,
Домбырамды бұрайын,
Неге қарап тұрайын,
Ұстаздығы бар еді,
Сый - құрметін қылайын.
Жападан туған баланың
Жамбыл екен кенжесі.
Көп болыпты еркенің
Айтқаныңа көнбесі.
Шаруаға қыры жоқ,
Малға қарар түрі жоқ,
Балалармен ойнаса,
Ұрыспай келген күні жоқ.
Өзгелер айтса — өркеуде,
Өзінше бір міні жоқ.
Молданың тілін алмайды,
Мал жаюға бармайды.
Алпыстай ала жылқы бар,
Басқа малы болмайды.
Таң атқаннан күн батқан —
Тай мінуден талмайды.
Соған да көңіл толмайды.
Жылқыға Жамбыл бармайды,
Жылғадан ұшқан торғайды
Жыр қылып Жамбыл толғайды.
Сүйімбайдың аулына
Қашып кетіп келмейді.
Сарыбайдың аулына
Асып кетіп келмейді.
Ораза шалдар қазыны
Алдына жасап қонғанда
Ала қашып бермейді.
Жабыла атпен қуса да,
Тасқа шығып өрлейді.
Алдап-сулап шақырса,
Қайсар бала көнбейді.
Мұны көрген Сүйекең,
Тентегіңе тиме деп,
Жабайға да аңғартты,
Сонан кейін бұл Жамбыл
Сүйімбайдан қалмапты:
Қара ала құнан бәсіресін
Бала Жамбыл таңдапты,
Мініп алып,
ел кезіп,
Сүйекемді жандапты.
Қасына ертіп Жәкеңді,
Сүйекең солай саулапты.
Қаза қылып бастан-ақ
Бес уақыт қарызды,
Бұл азаптап құтқар деп,
Құдайға айтып арызды,
Жас күнінде бұл Жәкең,
Тентек болған тәрізді.
Өз көзіммен көргем жоқ,
Онда бірге жүргем жоқ,
Анадан туып болғам жоқ, —
Ел айтуы осындай,
Ел сөзінде жалған жоқ.
Жас кезімде естуші ем,
Өз әкемнен Жамбылды,
Өлең-жырға даңғылды.
Жамбыл — Жакең аттарын
Көкірекке жаттадым.
Шөже, Түбек, Біржан сал,
Саралардың атын да
Жаттап алмай жатпадым.
Майкөт ақын, Бақтыбай,
Құлмағамбет, Сүйімбай
Асыл сөзін құптадым,
Басқаларын ұқпадым.
Бәрін қайдан білейін,
Қасқараудан ол кезде
Қашық жолға шықпадым,
Ақындармен айтысып,
Жығылмадым, жықпадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу