Аңыздар ✍️

  01.06.2021
  289


Автор: Кенен Әзірбаев

Ер Төстік

(Аңыз)

...Ер Төстік жерден өтіп жеті қабат
Жетіпті жер астына сау-саламат.
Көтерген бүкіл жерді көк өгізді
Кергенде қайран қалып тұрды қарап.
Көк өгіз мүйізімен көкті тіреп,
Көк тасқа төрт аяғын тұрған шіреп.
Көтеріп ол көк тасты бір жайын тұр,
Жайынды көтеріп тұр дария, көл боп.
Ер Төстік қарап тұрып көк өгізге,
Көргелі көктен түстім деді сізге,
Аспаннан аруағыңды іздеп келдім,
Қыласың қандай жәрдем енді бізге.
Көк өгіз жақтырмады басын шайқап,
Ер Төстік онан кетті кеңілі тайқап.
Тау мен тас тас-талқан боп, сілкініп тұр,
Себебі, осы екен деп тұрды байқап.
Ер Төстік адасқанын енді білді,
Ел іздеп екі етегін белге түрді.
Ел бар деп жер астында айтушы еді,
Қайда деп қиялды ер зыр жүгірді.
Жүгіріп келе жатса ел көрінді,
Тау мен тас, дария - шалқар, көл көрінді.
Бұлдырлап көз ұшында бір ауыл тұр,
Қаптаған қара құрттай мал көрінді.
Таң қалды жер астында ел бар екен,
Бұл жерді көрген қандай ер бар екен.
Адам ба, әлде қалай деп ойлады,
Көрмекке құмарланып кім бар екен.
Күн шығып, жер астында ай бар екен.
Таулар мен бұл жақта да сай бар екен.
Ауылға көзі ұшқындап келді
Төстік, Мұнда да кедей менен бай бар екен.
Көрінген әлгі ауылға келді Төстік,
Отырған көп адамға сәлемдесіп.
Төстіктің түр-түсіне қайран қалып,
Қарайды бір-біріне бас изесіп.
Таң қалып Ер Төстікті көзі тесіп,
Біреуі тұра келіп ашты есік.
Ет беріп, шай қайнатып, қымыз құйып,
Қонаққа қой сойылып, болды несіп.
Ер Төстік ішіп-жеді берген сыйын,
Жыртылған далба-дұлба жыртық ішім.
Қатқан жоқ әлі жауап бір - біріне
Тілдерін түсінбеді, білу қиын.
Сөйледі бір ақсақал жүзге келген
Қонағым құрметті деп бізге келген.
Кәніки, қайдан келдің, қайдан жүрсің,
Батырсың бұл өңірден біз көрмеген?
Келбетің періштедей көрінесін,
Қонағым қазір менің төрімдесің.
Үстінде бір ел бар деп естуші едік,
Айта бер ол туралы не білесің?
Байқасам үстіміздегі ел боларсың,
Сондағы бір атақты ер боларсың.
Ол елден жоғары бір тағы ел бар,
Мен білсем, сол елдегі ер сен боларсың.
Мен бір қарт жер астында көп жасаған,
Өзі — хан, өзі — патша, ата-бабам.
Бар болса не керегің мен берейін
Айта бер мұқтажыңды, батыр, маған.
Ер Төстік шалдың қолын қатты қысып,
Сөйледі оқиғаны түгел шешіп.
Бұл жаққа ұл болғалы көктен түстім,
Елемес әкем аты, атым Төстік.
Мен өзім Елеместің еркесі едім,
Бір қыз бен отыз ұлдың кенжесі едім.
Өлмек бар, жер үстінде тірілмек жоқ,
Сол үшін жер астына келін едім.
Атақты жер үстінде батыр едім,
Ардақты бір халықтың ақылы едім.
Ажалдан жер астына қашып түстім,
Бір күні өлем ғой деп ақыр енді.
Ақсақал, ұлы жоққа ұл болайын,
Алдында қызметкер құл болайын.
Жоқ болса елім, ажал жер астында
Мен - дағы сіздерменен бір болайын.
Бұл елдің мен шықпайын кесігінен,
Ризығым бір терейін несібімнен.
Ел бар деп өлмейтұғын осы жақта
Рас па, өтірік пе естіген ем.
Ақсақал таяғымен жерді ұрып,
Құдайым салмас дейсіз кімге құрық.
Жұтпайды қайсымызды қу қара жер,
Төстікке жауап берді қарап тұрып.
Ақсақал Ер Төстікке мойын бұрып,
Тамаққа неше түрлі тойындырып.
Балам жоқ, маған бала болғын, — депті,
Төстікті қанша алуан киіндіріп.
Ер Төстік бала болды әлгі шалға
Шал жатыр елін жинап тойды қылып.
Қалың ел хан баласын құрметтеп,
Жиналды өз заңынша сыйын қылып.
Төстікке той жасады түрлі алуан
Түп-түгел кәрі-жасы көп жиналған.
Төстіктің дәулігіне қайран қалып
Батпады күресуге ешбір балуан.
Ондағы ел Ер Төстікке қайран қалып
Жеті жыл өмір сүрді мұнда қалып.
Қолында бала болып шалды сыйлап,
Дұшпанын талай шапты ойран салып.
Төстікке құдай сөйтіп бақ бергені
Дұшпандар қарсы келген шаң келмеді.
«Ер —туған жерде» деген мақал да бар,
Бұл жерде қалуды енді құп көрмеді.
Жегені бойға жұқпай, ішкені — ірің,
Бар ма деп көрер заман елдің нұрын.
«Әкесі» қандай сұлу айттырса да
Сүймеді сұлулардың бірде-бірін.
Әкесі бір күн тұрып; «Балам,— деді
Көңілің неге мұнша алаң,— деді.
Кеттің ғой азып-тозып санаменен
Тірі ме атаң менен анаң?— деді.
Ер Төстік төмен қарап жерді шұқып,
Көрсетіп әкесінің қолын тұтып.
Ата-ана, ағаларымды ойламай мен,
Кеттім ғой сіз тұрғанда бәрін ұмытып.
Ата-анам, тумасам да туғандаймын,
Қасында өмір сүріп тұрғандаймын.
Қандай жау сізге келіп киліксе де,
Ата-анам, көзің көрді қырғандаймын.
Арманым — жер бетіне шығып келсем,
Сондағы дұшпандарды қырып келсем.
Бар еді екі қабат бір әйелім,
Баламды содан туған көріп келсем.
Қолыңда жүрдім, ата, жеті жылдай,
Мен болдым қайғыменен жалғыз қылдай.
Ата-ана, жер үстіне жеткізіп сал,
Өтем бе бұл дүниеден көңілім тынбай.
Ақсақал, рұқсат бер балаңызға,
Мың құлдық атамыз бен анамызға.
Шығатын жер бетіне бір амал тап,
Зарланып жер астында қаламыз ба?
Ер Төстік осылай деп айтты сөзін,
Кемпір-шал жаспен жуды екі көзін.
Төстіктің тоқталмасын білгеннен соң,
Ішіне бұлардың да түсті сезім.
— Ер Төстік, тоқтамасаң бар ма шара?
Жеті жыл бала болып тұрдың дара.
Шығатын жер үстіне бір себеп бар,
Айтайын соның жөнін тыңдап қара.
Бір құс бар осы жерде Алып қара,
Табады жыл - жыл сайын екі бала.
Баласын бір айдаһар жылда жейді,
Ер Төстік, дәл осыған барып қара.
Жапанға жалғыз шыққан бір бәйтерек,
Ер Төстік, бала екенсің туған зерек.
Басына Алып қара ұялайды,
Ер Төстік, сол терекке бар ертерек.
Айдаһар жылда жұтад балапанын
Жылда ұрад Алып қара алақанын.
Жем іздеп Алып қара кеткен шақта
Ағызып жеп қояды қызыл қанын.
Шеніне екеуінің ел бармайды
Ел тұрмақ, өздеріңдей ер бармайды.
Жылдағы балапанын жылан жұтып,
Бейшара Алып қара көп зарлайды.
Маңына екеуінің жан бармайды,
Ұшқан құс, жүгірген аң, мал бармайды.
Құтқарсаң балапанын айдаһардан
Ер Төстік, сенен өткен ер болмайды.
Ол құсты көрген адам кем болмайды,
Барлық құс оныменен тең болмайды.
Ер Төстік, жер үстіне сол шығарад,
Басқадан бұл дертіңе ем болмайды.
Ер Төстік құстың жайын енді білді,
Білді де жылан жайын енді күлді. —
Ата-ана, рұқсат бер, барамын,— деп
Орнынан қол қусырып түрегелді.
Ақсақал:— Жолың болсын, барғын,— деді,
Әбиір қайда жүрсең алғын,— деді.
Жолдасқа «бір күн көрген қырық күн сәлем»,
Ер Төстік, амалым жоқ қалдым,— деді.
Ер Төстік қош - қош айтып кетті жүріп,
Етегін баяғыдай белге түріп.
Қаңғырып қанша айдай теректі іздеп,
Тауыпты әрең зорға дымы құрып.
Түбіне бәйтеректің түнеп жатты,
Құдайдан талай тілек тілеп жатты.
Жем іздеп баласына Алып қара
Алты айлық алыс жерге кетіп қапты.
Қарайды бәйтерекке көзін салып,
Ағаштың зорлығына қайран қалып.
Мың қойдың қорасындай бір ұя тұр,
Бұлттай жапырағы көкті шалып.
Түбінде ағып жатыр тоғыз қайнар,
Гауһардай тұнықтығы жұлдыз жайнар,
Тағы да бір көк тас тұр үй секілді,
Болаттай жалтылдайды айнадай бар.
Түбінде сол көк тастың жатты Төстік,
Құс пенен айдаһарды бақты Төстік.
Бұлақтың суын ішіп, балығын жеп,
Несіпті неше түрлі татты Төстік.
Ер Төстік бәйтерекке шыға алмайды,
Дүниеде не бар, жоғын біле алмайды.
Амал жоқ, отыз-қырық күн жата берді,
Бұл жерден басқа жаққа жүре алмайды.
Бір күні шырылдайды балапандар,
Таң сәуле серпілмеген, көлеңке бар.
Ысқырып, тау жаңғыртып, тіл жалаңдай,
Теректің түбінде түр бір айдаһар.
Шаншылып түйе басты тіл жалаңдап,
Жарқылдап ақ бауыры, көзі алаңдап.
Терекпен көк тіреген бойы бірдей
Балапан шыр-шыр етіп тұр далаңдап.
Ер Төстік мұны көріп көзі жайнап,
Семсерін қонышындағы тасқа қайрап.
Жүгірді айдаһарға айқай салып,
Жаны ашын балапанға тұрған зарлап.
Айдаһар дауысты естіп жиырылады,
Адамның үнін біліп шиырланды.
Ақырып арыстандай батыр Төстік
Қанжармен айдаһарды бір ұрады.
Айдаһар маңдайынан қақ жарылып,
Теректен жерге түсті аударылып.
Ұядан үркіп тұрған балапандар,
Қуанып, қанат қақты тәубе қылып.
Ауызын сұмырай жылап бір-ақ ашты,
Ер Төстік төрт-бес бөліп қанын шашты.
Құтқарып балапанды қан сорғыштан,
Жеткендей жер үстіне мауқын басты.
Ұядан ұшып түсті қос балапан,
Ақ үрпек арылмаған жас балапан.
Төстікті тырнағымен қысып алып
Апарды ұясына дос балапан.
Ер Төстік балапанға таң қалады,
Қайратын балапанның аңғарады.
Қамшы құрлы көрмеді іліп алып,
Қандай деп ата-анасы ойланады.
Қараса, ұя толған киік, марал,
Ұяның үлкендігі бейне арал.
Етін жеп жата берді күндіз-түні
Болса да мейлі арам, мейлі адал.
Бір күні бұршақ жауып, жел соғады,
Бәйтерек басын иіп, жер соғады.
Анамыз, атамызбен келеді деп
Шаңқылдап балапандар қуанады.
Жел қойып, жаңбыр жауып, күн шығыпты,
Аспаннан шуылдаған үн шығыпты.
Қалтырап бәйтеректің жапырағы,
Қарсы алып, көкке қарап тыншығыпты.
Алып құс келе жатып алыс шеттен,
Алты айлық жерден ауқат іздеп кеткен.
Әлгі жел — қанатының серпіні екен,
Көзінен бұршақтатып моншақ төккен.
Атасы бірдей кеткен анасы да,
Жем іздеп ұзақ жолдан баласына.
Баламыз айдаһардан аман ба деп,
Жаңбыр боп көздеп аққан сорасы да.
Бұлт боп бір мезгілде түнереді,
Баласы ойға түсіп күңіренеді.
Серпіліп қара бұлт күн шығарда
Көргенде балаларын тебіренді.
Аспаннан төнді төмен қара бұлт,
Кіршік жоқ жан-жағында, судай тұнық.
Көрген соң ата-анасын қос балапан
Төстікті қанатына қойды тығып.
Көз салып батыр Төстік жатыр бұғып,
Көрген жоқ туып мұндай есі шығып.
Айналып Алып қара келе жатыр
Төменде ұясына көзі тұнып.
Аңқитып балапандар аузын ашып,
Аузына жем түскенше болып асық.
Арсаңдап анасына еркелеп жүр,
Ер Төстік көріп отыр көңілі жасып.
Он марал салып алған иығына,
Он киік іліп алған тұяғына.
Ұяға қонды келіп Алып қара
Иіскеп қара жерді жан-жағына.
Апырмай-ай, шығып тұр ғой адам иісі,
Бұл жерге қайдан келді адам жынысы.
Тауып алып Ер Төстікті бір-ақ жұтты,
Адамның мұнда бар деп не жұмысы.
Шырылдап апасына қос балапан,
Жармасып тамағына жас балапан.
Төстіктің екі аяғын екеуі ұстап,
Боп кетті анасының көзі алақан.
Тастады Ер Төстікті лақ дегізіп,
Тамағын анасының баласы езіп.
Төстіктің басы алтын болып шықты,
Қара құс тастай салды жарқ еткізіп.
А л ы п қ а р а:
«Жақсылық — жақсылыққа» деген сөз бар,
Баламды жылда жұтқан сұм айдаһар.
Басы алтын, арты күміс етсем деп ем,
Асығыс істедіңдер, балапандар.
Бұл жерге қайдан келдің, адамзатым?
Ұмытылмас маған қылған шарапатын.
Бар болса ие мұқтажың айтшы маған,
Мойнымда шамам келсе достық хақың
Бұл жаққа құдай айдап қайдан келдің,
Зарлаған көзім жасын қайдан көрдің?
Адамзат шенейіме келмеуші еді,
Достым - ай, хал-жайымды қайдан білдің?
Т ө с т і к:
Мен өзім келіп едім жер үстінен,
Ерлердің ризығы ел үстінен.
«Ер кесер ер қырсығып» — деген сөз бар,
Шығарсаң арманым жоқ жер үстіне.
Сөзімді таза тыңда, Алып қара,
Шын достым құлағыңды салып қара.
Шығарсаң жер бетіне разымын,
Бар еді менде - дағы қатын-бала.
Мен жүрмін жер астында жеті жылдай,
Өзіңе душар қылған мені құдай.
Есіркеп көз жасымды сен көрмесең,
Арманда күнім өтер жылай-жылай.
Бұл іске Алып қара аң-таң қалып,
Төстікті ұшпақ болды аспанға алып.
Қамданып жеті күндей жол азығын
Жеткізбек Ер Төстікті алып барып.
Терісін киік, марал Төстік,
Сүйектен аяқ - қасық үйді Төстік.
Мес жасап, қайыс тіліп, арқан қылып,
Дайындап азық-түлік қойды Төстік. -
Үш меске үш маралдың етін салды,
Төрт меске толтыра су құйып алды.
Үстіне Қара құстың артып алып
Ер Төстік көкке қарай шырқ айналды.
Қош айтып балапан мен бәйтерекке,
Ер Төстік жүріп кетті шырқап көкке.
Үстіне Қара құстың өзі мініп,
Көз салып өзі түскен жер тесікке.
Қара құс келе жатыр шыр айналып,
Қара жер аспанымен тұр айналып.
Бір сағат дамыл алмай ұшып келед
Түн өтсе, арт жағынан күн айналып.
Көктегі құс жолымен тура бастап,
Ер Төстік келе жатыр құсқа қақсап.
Ет пенен суды аямай беріп келед
Бұрылса екі жаққа кезек тастап.
Жақындап жер үстіне келген шақта,
Тесікті Төстік түскен көрген шақта,
Беруге бір жапырақ ет қалмапты,
Ер Төстік қысылады сол уақытта.
Жалтақтап Алып қара қарай берді,
Аяғын Ер Төстіктің жалай берді.
Ер Төстік өз қоң етін кесіп берді,
Достымды аш қойғаным жарай ма енді.
Бұрылса оң жағынан ет беретін,
Бұрылса сол жағынан су беретін.
Төстікке Алын қара сауал қойды,
Ең соңғы немене еді берген етің?
— Ей достым, мен айтайын оның жайын,
Басыма түсті қатты сары уайым.
Жалтақтап қарағанда жем таусылып,
Қоң етім кесіп салдым, айналайын.
Бәсе, мен қанатымды қатты қақтым,
Көзіңді күшің тасып жарқыраттың.
Қорқыныш, қопар жер жоқ, қырылмақ ек,
Ер Төстік, бұл ақылды қайдан таптың?
Лезде шыға келді жер бетіне,
Ер Төстік енді шықты ел шетіне.
Қоштасып Қара құспен қайта-қайта,
Бір-бірін ұмытпас боп қызметіне.
Қоштасты - ау сол екі дос қайта-қайта,
Өлгенше бірін-бірі айта-айта.
Түйіліп Алып қара төмен ұшып,
Жөнелді жер астына кейін тарта.
Ер Төстік жер бетіне шығып алып,
Қарайды жан-жағына көзін салып.
Құдайға мың мәртебе шүкір қылды,
Көргенде туған жерді өліп-талып.
Қарайды қайран қалып жан-жағына,
Жалғанның кім ілінбес қармағына.
Қалыпты есі ауып Ер Төстіктің
Жер асты жеті жылдай зардабына.
Ер Төстік жүгіреді ел қайда?— деп,
Кір жуып, кіндік кескен жер қайда?— деп
Бар ма деп, ата-ана, ағаларым,
Көретін елі-жұртымды күн қайда?—деп.
Жүгіріп келе жатыр батыр Төстік,
Бір жанға жеткізбейді желдей есіп.
Кім бұрын қарсы алдымнан шығар екен?
Деп ойлап, екі көзі елді тесіп.
Ер Төстік елге қарай жүгіреді,
Беліне екі етегін түрінеді.
Ентеңдеп елсіз жерде келе жатса,
Жапанда жалғыз түйе көрінеді.
Бұл түйе желге қарсы желіп келед,
Алыстан батыр Төстік көріп келед.
Артынан ақ жаулықты ағараңдап,
Бір әйел айқай салып еріп келед.
Желмая желіккенде тоқтамайды,
Еңкейіп жердің шөбін оттамайды.
Жете алмай түйесіне сорлы әйел
Жүгіріп келе жатыр, даттамайды.
Түйенің қарсы алдынан Төстік шықты,
Желмая тұра қалды жібек түкті.
Иіскеп Ер Төстіктің омырауын
Желмая тап жылжымай жерге шөкті.
Қараса Ер Төстіктің қызыл нары,
Нарын көріп көңілден кетті зары.
Әлгі әйел, түйе қуған о да келді,
Көп күткен құдай қосқан адал жары.
Ер Төстік жар түбіне бұғып жатты,
Көрінбей өзін-өзі тығып жатты.
Түйеге шөгіп жатқан әйел жегіп,
Отырып нарға қарай бір сөз айтты.
Қызыл нар Төстік барда буаз екен,
Айлас боп әйелімен туады екен.
Ер Төстік жер астына кеткен жылы
Серттесіп белін мықтап буады екен.
— Жеткізбедің, желмая!
Нені біліп желіктің?
Шеті жылдай сыр бермей,
Бүгін қалай зеріктің?
Жылжымаушы ең орныңнан,
Жемшөп жедің қолымнан,
Желгеніңе жете алмай,
Мен келемін соңыңнан.
Қазығың қалды долана.
Азығың қалды далада.
Айналайын асылым
Ер Төстік келген бола ма?
Бұған белім шешілді,
Бүгілген балам көсілді.
Шиеленген құрсауым
Нені біліп есілді?
Ер Төстік келген бола ма?
Ер Төстігім кеткенде,
Ішіме бала біткенде,
Серттескенмін қызыл нар,
Саған бура шөккенде.
Сенің бұйдаң үзілді,
Менің белім шешілді,
Төстігім келген бола ма?
Ер Төстігім келгенде,
Не болмаса өлгенде,
Бошала деп ем қызыл нар,
Бір хабары боларда.
Ботала деп ем қызыл пар,
Бүгін хабар болар ма?
Ғашық жарым кездесіп,
Қайғылы көңілім толар ма?
Жеті жылдай жоғалған
Боздағым келген болар ма?
Боталады сол жерде
Ер Төстіктің түйесі.
Әйелінің сөзіне
Босады ердің жүйесі,
Келер ме екен, тәңір - ай!
Осы малдың иесі
Ер Төстік шықты жүгіріп,
Жар астынан бүгіліп.
Келе жатқан адамға
Қарап тұр әйел үңілін.
Кеп қалар деген ойы жоқ,
Көңілі қалған түңіліп.
Қарап тұрды Төстікке
Қара суды сіміріп.
Сәлем етті ізетпен
Екі қолы иіліп.
Толғатып тұрған кезі еді
Түйеге қолы сүйеніп.
Жарқ етті Төстік көзіне,
Көрісті келіп өзіне,
Құдайтағала жеткізді,
Серттескен ердің сөзіне.
Қуанғаннан құлапты,
Ер Төстіктің төсіне.
Зар болдым деп жылады,
Ер Төстік, сенің ізіңе.
Өлсем де бүгін армап жоқ,
Көрінді Төстік көзіме.
Екі ғашық жылады,
Көздің жасын бұлады.
Жолдас болсаң сондай бол,
Тілегін қабыл қылады.
Желмаясы боталап,
Адал жары ұл туып,
Көңілдері тынады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу