31.05.2021
  800


Автор: Сәбит Мұқанов

Аспаз

Таң қараңғысынан тұру Дәметкеннің өмірлік дағдысына айналған еді. Келін кезінен «қазаншы қатын» аталған ол, биыл елу төрт жаста. Осы жиырма тоғыз жылдың ішінде, қандай, жағдайда жүрсе де, оның атқарғаны бір ғана аспаздық қызмет. Оны таң қараңғысынан тұруға үйреткен кәсіп осы.


Бүгін де ол дағдылы кезінде оянса, бір ғана бөлмелі ағаш үйінің іші әлденеге сәулеленіп тұр. «Бұ не?!» деген ой келді Дәметкенге. «Ай сәулесі» дер еді, — ескі ай таусылып, жаңа ай өткен кештің, іңірінде ғана туған да, сирек қара бұлттың арасына сүңгіп жоғалған. «Таң атты ма» дер еді, жиырма тоғыз жылға созылған аспаздық өмірінде, бір күн де таңды атырып тұрмаған оны, бүгін таңды атырып тұратын, — не қара басыпты?!..


Тағы да бір таңқаларлық жағдай боп тұр оған: найзағайы жарқылдай, жер - көкті сілкіндіре күркірейтін күнге де мыңқ етпейтін мынау ағаш үй, безгек болған адамдай, әлденеге дірілдеп барады. «Жер қозғалды ма» дейін десе, Солтүстік Қазақстан өлкесіне жататын бұл маңда, ондай оқиға болғанын ешкім естіген емес. «Енді не болды?!»


Осы оймен, үйдің салқындығынан ба, әлде белгісіз бір қауіпті күткендіктен бе, — денесі дірілдеңкіреген Дәметкен, киінбестен терезеден қарауға төсегінен тұра бергенде:


— Дәметкен! — деген дауыс шалынды құлағына. Күтпеген дауыстан денесі селт ете қалған ол, кім екенін біле қойды, — бөлменің екінші бұрышында, жылы пештің қасына тақтайдан жасаған төсегінде жатқан әкесі — Самалық.


— Бұ не, үйдің дірілдеп бара жатқаны?! — деді әкесі.


Дәметкеннің есіне түсе кетті: тың көтеруге келе жатқан көп трактор, жуық арада осы тұстан өтетінін, ол әуеле немересі — Күнжаннан, одан кейін МТС директоры Ержанов Байназардан естіген. Сол адамдармен механизмді қарсы алатын адамдардың тобында Күнжан да аттанып кеткен.


Осы жайды білетін Дәметкен, жер - көкті тітіреткен гүрілдің не екенін әкесіне қысқаша түсіндірді де, өзі қызметіне баруға киіне бастады. Оның қызметі — осы ауылдағы МТС -тың тракторлар ремонтын жасаушыларға ас пісіру.


— Иә, қайда барасың? — деді Самалық қызына.


— Жұмысыма.


— Қоя тұр оны! — деді Самалық бұйырған дауыспен. — Киіндір мені, далаға шығам. Кереметті көрем!


Әкесінің соңғы сөзі Дәметкенге ұғымды да: олардың туған жері қазір колхоз боп отырған мекеннен алыста. Ұзын тұрқы үш жүз километрдей, көлденеңі екі жүз километрдей ол жерге, бұдан жиырма бес жыл бұрын, жаз айларында жүздеген көшпелі ауылдар барып қонатын. Қара қыртысы метрден артық құнарлы жайлауға белуардан шалғын шығатын. Кең жайлаудың тұла бойы тұнған, суы тұщы көлдер болатын. Соншалық құнарлы жерді жайлаған малдарға, малшылардың тілімен айтқанда, — «қарыстан артық қазы, сүйемнен артық сүбе» бітетін. Жазық, кең жайлаудың тек қана айыбы — ағашы болмайтын. Кейін ауыл шаруашылығы колхозданған кезде, көшпелі ауылдар орманды өлкелерден жеткілікті жер алып, кең жайлау бос қалған. Жүзден асқан жасының сексен шақты жылын жайлауда өткізген Самалық, туған-өскен жеріне сағынышын айтып, «со жерге де ел орнап, қызығын көрер ме екен?!» деген...


«Жуық арада жайлауға совхоз орнайды, оның тыңы түгел көтеріліп, тұтасымен егін себіледі» дегелі, Самалық қуанышта. Оның жатса да, тұрса да, «керемет» дей беретіні сондықтан. Енді, Дәметкен, сол кереметтің алды көріне бастағанын айтқан соң, жұртпен бірге қарттың да қарсы алғысы келді. Киінем деуі содан.


Әкесінің осы жайын ұққан Дәметкен, бір - ақ нәрседен қысылды: МТС - тың асханасында жиырма жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан ол, әлдеқалай ауырып қалған күндерінде болмаса, не сәскелік, не түстік, не кештік астың біреуін де мезгілінен кешіктіріп даярлаған емес. Қазір әкесін киіндірсе, қызметінен кешігеді.


Осы оймен ол әкесінен рұқсат алмақ еді.


— Бар, жүре бер, өзім де киінем! — деп ақырып қалды.


Айтқанын істемей қоймайтын шалдың тысқа шығуға бекінгенін ұққан Дәметкен, «өзі киінсе жазым болар» деген қауіппен:


— Жарайды, киіндірейін, — деді.


Ол екеуі киініп тысқа шықса, желі тымық далада қапалақтап қою қар жауып тұр. Тұтасқан үні жер-көкті тітіреткен тракторлар тізбегінің алды ауылға кіре бастапты, арты, алыстағы фарлардың жарығына қарағанда, бұдан он бес, жиырма километр жердегі «Путь Ильичаның» маңында сияқты...


— Ойпырым-ой, құдай-ай, не деген көп трактор еді бұл! — деді, жасаураған көзіне кеп фардың жарығы шағылысып, моторлардың тұтасқан гүрілі құлағын тұндырғанда. — Ұшы-қиырсыз көп!..


Бұл кезде көшеге әке мен қызы ғана емес, ауылдың бар адамы тегіс шыққан еді. Сапырыла жүріп, шулай кеңескен олардың арасында қасынан өте берген Ержановты Дәметкен бөгеп, қысқа амандықтан кейін, жұмысынан кешігуіне кешірім сұрайын деп еді:


— Оқасы жоқ, — деді Ержанов. — Барлық жұмысшы осы маңда жүр.


— Оларда да трактор таңсық па?


— Трактордың оларға өзі емес, саны таңсық. Біздің жайлаудың бір өзінде, жаңадан жиырма совхоз ұйымдасқан екен. Солардың әрқайсысына орта есеппен елу трактор келгенде, — бір мың трактор ғой ол!


— Ойпыр-ой, не деген көп еді!.. — деді Дәметкен.


2


Дәметкеннің үйіне беттеген тракторлар тіпті тақалып қалды. Артқы тракторлардың жарығынан, жұрт енді ғана шамалады: әр трактордың артында, кішігірім үйдей боп, ұбақ -шұбақ сүйретілген бірдемелер келеді.


— Шана! — деді біреу.


— Қайдағы шана? — деді екінші, — үлкендігі үйдей ғой мұның!..


Өзге сөзге уақыт болмай қалды: тақалып кеп тоқтаған бірінші трактор «С-80» екен. Оның үстіңгі күймесінен әлдекімдер түсе бастады.


Дәметкеннің жүрегі бұл кезде ерекше тулап кетті, өйткені, оның ойынша, осы тоқтаған тракторда немересі Күнжан болуға тиісті...


Бұл есім Дәметкеннің әрдайым жан жүрегін жарып шығатын сөз болушы еді. Өйтпегенде ше!..


Ол Есентай атты кедей жігітпен сүйісіп қосылған еді. Бұл — олардың туған өлкесінде, совет өкіметі орнап жатқан шақ еді. Келер жылы олардан ұл туғанда, жарқын өмір басталған кезде туған нәрестенің атын Жарқын қойды.


Жарқыннан кейін Дәметкен бес құрсақ көтерді де, үшеуі өліп, алғашқы екеуі ғана тірі қалды. Бірақ, бұл ұлдардың қызығын, әкесі — Есентай көрген жоқ. Ауылдық советтің председателі боп қызмет атқарып жүрген оны ауыл шаруашылығы колхоздана бастаған кезде, байлардан құралған бандылар өлтіріп кетті.


Табысы өзіне мол жететін Дәметкен балаларына жетімдік көрсеткен жоқ. Аз жылда Жарқыны ержетіп, әуелі жеті жылдық мектепті, одан кейін жақын қалалардың біріндегі ауыл шаруашылық техникумын бітірді де, туған ауданына келіп, учаскелік агроном болды. Сөйтіп жүріп үйленді.


Жарқынның әйелі, баладан қайтыс болды. Дүнияға шырылдап шыға жетім қалған немересін Дәметкен бауырына салды да, күндей сәулесі көріп, атын Күнжан қойды.


Күнжан бес жасқа шыққанда Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Соғыстың алғашқы күндерінде Дәметкен екі ұлын бірдей майданға аттандырып еді, екеуі де үйіне оралған жоқ...


Егер қолында кішкентай Күнжан болмаса, осынша қайғыны қалай көтерерін Дәметкен білмеген болар еді... Арманда өлген сүйікті ері, арманда өлген сүйікті балалары есіне түскен шақта, қабырғасы қайыса қайғыратын Дәметкеннің көзіне күндей нұрланып өсіп келе жатқан Күнжаны түссе, көңіліндегі ойлардың, бәрі жойыла ғап, тұла бойы түгелімен жарқырап кететін еді...


Әжесінің көңілін осылайша аулап жүріп, Күнжан ержетіп те қалды. Жеті жасынан сабаққа барған ол, он үш жасында ауылындағы жеті жылдық мектепті бітірді де, әкесінің жолын қуам деп, сол оқыған техникумға кетті.


Өткен жаз техникумді бітіріп ауданына келген Күнжанды, Ержанов арқылы Дәметкен МТС қызметіне алдырған еді. Сол қызметті жаңа ғана бастап жүргенде, партияның тың көтеру туралы қаулысы жарияланды.


Қаулыға бұл колхоздың жастарынан бірінші боп Күнжан үн қосты. Ол колхоздық комсомол комитетінің секретары еді. Комитеттің жиналысында Күнжан өзге жастарды да тыңға баруға шақырды. Оннан астам комсомол сол арада ризашылық білдірді де, тағы он шақты адам жиналыстан кейін, туыстарына ақылдасып ап ризашылық берді.


Күнжан әжесіне ақылдасқан жоқ. Егер ақылдасса, оның ризашылық бермеуіне үш себеп бары Күнжанға мәлім: бірінші себеп — «бүгін бе, ертең бе» деп өлмелі әкесі отыр, оны тыңға ала кетуге болмайды, тастап кетуге және болмайды; екінші себеп — МТС-та үйренген және жақсы көріп алған қызметін тастағысы келмейді, егер тастағысы келсе, МТС-тың жібермеуі де мүмкін, өйткені, ол, МТС-қа қызметі жаққандықтан, жыл сайын сыйлық алып, құрмет тақтасынан түспейтін қадірлі адамның бірі; үшінші себеп — егер өзі МТС қызметінен кетпесе, немересінің кетуіне ешуақытта ризашылық бермейді.


Күнжан әжесін қулықпен көндірмек боп, колхоздың комсомолдары тыңға барғалы жатқанын баяндап алды да, өз жайында:


— Комсомол комитеті таңдауды маған береді: «не, тәртіпке көніп, тыңға бар» дейді, «немесе, тәртіпке көнбеймін деген сөзіңді айт» дейді. Бұған не деймін? — деп ақылдасқан болды.


— Көнбесе не істейді? — деп сұрады Дәметкен.


— Комсомолдан шығарады да! — деп Күнжан күрсінген болды.


— Көтек, — не дейді?! — деп сасып қалған Дәметкен есін тез жинады да, — жоқ, өйтпес, комитетің. Егер өйтем десе, өзім барып сөйлесермін, — деді де қойды.


Күнжан әжесін қалай көндірудің жолын таба алмай жүргенде, тыңға келушілерді қарсы алатын комиссияға мүше боп, темір жол станциясына аттанып кетті.


Ауылына беттеп келе жатқан тракторларды көргенде, біреуінде Күнжан отыр деп жорыған Дәметкеннің жүрегі кеудесіне сыймастай қуанды.


Оның жорамалы тура шықты: трактордан түсе қалған екі-үш кісінің ішіндегі қысқа тонды, түлкі құлақшынды, белін сыптығырдай тас қып байлап алған ықшам денелі, жылдам қимылды біреуі Күнжан екенін Дәметкен айтпай-ақ таныды. Дәметкенді көрмегендей, ол трактордан түсе, тіркелген күймеге қарай жөнеле беріп еді:


— Күнім! — деп қалды Дәметкен.


Күнжан ол дауысты естімегендей, жүгіре басып күймеге барды да, есігін ашты. Оның ішінен әлсіз жарық жылтырады, күбірлеген адам үндері және жылаған бірнеше кішкене баланың даусы шықты.


— Қалай келесіздер? — деген дауысы естілді Күнжанның.


— Жақсы, — деді, бірнеше әйел мен еркектің дауысы тұтаса.


— Қазір, жолдастар! — деп күйменің есігін тарс жапқан Күнжан бері қарай беттей беріп еді, қарсы келген Дәметкен, — «Күнім!» деп құшақтай ап, қардың ұшқындары жабысқан сұп-суық бетінен өбе сүйіп-сүйіп алды. Әжесі құшағын жазғанда:


— Тез шам жағайық, үйге түсетін кісілер бар...— деп, Күнжан үйге кірді де, электр шамының включателін тез бұрап қалды. Үй іші жарқырап кетті.


— Дәдем қайда? — деді Күнжан, соңынан ере кірген әжесіне, Самалық қарттың төсегіне тез қарап ап.


Сендерді қарсы алам деп далада отыр, — деді Дәметкен.


Тысқа шығып, бабасын бетінен сүйген Күнжан күймеге қарай жүгіріп кетті. Дәметкен әкесінің қасына кеп, үйге кіргізбек болып еді:


— Қонақтарыңды түсіріс! — деді ол.


— Тоңған жоқпысың? — деді Дәметкен.


— Жоқ! — деді қарт нық дауыспен. Енді өлсем де арманым жоқ!..


Қарт көп кешікпей қайтыс болды. Сол күні күнгей жақтан тұрған бір жылы самал, қарды күрт ерітіп, қартты жерлеуге барған жұрт, белуардан суға малшынып келді.


Күнжан бұл кезде үйде жоқ еді. Ол «Коммунизм сәулесі» аталған жаңа совхоздың мекенін белгілейтін комиссиямен жайлауға, «ДТ—50» тракторына тіркелген күймелі шанамен кеткен.


Қарт жерленген күннің ертеңінде Күнжан келіп қалды. Әкесінің жасы жетіп өлгенмен, бұл қазаны ауырлап жүрген Дәметкен дауысын шығара жылап, әкесін біраз жоқтап алды да, мауқын басқаннан кейін, Күнжанның тыңға баруына, оған қоса өзінің де тыңға баруына көнгендігін айтты.


Оның бұлай көнуіне екі себеп болған еді: Бірінші себеп — ауылына келіп жатқан қонақтар, Коммунизм сәулесі» аталған жаңа совхоздың әзірге өз үйі болмағандықтан, оған туысқан республикадан келген адамдар, көктем туып, күн жылынғанша осы колхоздағы үйлерге орналасқан. Келген адамдар мен тұрғын адамдар жата-жастана танысса, әлдеқайдағы алыстан келген, әлденеше ұлттың өкілдері бар, біразы қыс іші демей жас балаларымен көшіп келген. Бірақ солардың ішінде, жол азабына ренжитін біреуі жоқ.


Дәметкеннің өз үйіне орналасқан бір семьяда шал, кемпірі бар, үйленген бес ұлы, ерге шыққан екі қызы бар, олардан туған балалар бар, барлығы он жеті адам боп шықты, солар да қыс ішінде түгел көшіп келген. Ал, бұрынғы тұрмыс жайын сұраса, Москва маңындағы бір ірі совхоздың жұмысшылары екен, әрі, бәрі де алдыңғы қатардағы стахановшылар екен. Дәметкен олардан «сонша рахат тұрмысты тастап неге келдіңдер?» десе, «тың көтеру туралы отан шақырған ұранға үн қостық!» дейді. «Сонша алыстан бұлар үн қосқанда, тыңның ортасында отырып мен неге үн қоспаймын?» деген ойға келеді Дәметкен.


Оның тыңға баруына бір себеп осы болса, екінші себеп — ауылға уақытша орналасқан тыңға барушылар тамақты МТС-тың асханасынан ішті. Көп жылдық тәжірибесі бар Дәметкен, астың қай түрін болса да өте дәмді пісіретін, сондықтан оны, осы асханадан азықтанатын адамдар аса құрметтеп, атын қазақтар «Дәме апай», орыстар «тетя Дуся» қойып алған. Үйренісіп алғаннан кейін, тыңға келушілер Дәметкенге «сізді ала кетеміз» деген сөз шығарды.


Дәметкен МТС-тың директорына және жұмысшыларға ақылдасып еді:


— Барыңыз! — десті олар, — Бұл сөзді, сізге біз құтыла алмағандықтан емес, қымбат көргендіктен айтамыз, өзге коллективтер де тыңға сіз сияқты қымбат адамдарын жіберіп жатыр, біздің де қымбатымызды жібергіміз келеді.


Кешікпей, тыңға аттанатын кексе аспаздың көп жылдық жақсы еңбегіне МТС ұзақ мінездеме жазып, жергілікті комитеттің жиналысында бірауыздан бекітіп берді.


3


Совхоз адамдары «Алға бас» колхозынан тыңға көшерде, шатырды қайда тігу сөз болған еді.


— Әрине, Жалтырша көлінің жағасына тігеміз, — деген еді жер жайын көріп қайтқан совхоз директоры Меликян.


— Онда, — деген еді Дәметкен, — шатыр менің туған жеріме тігілсін. Қазіргідей ылайсаң кезде, Жалтыршаның жағасында одан қолайлы жер жоқ.


— Құп болады, — деді Меликян, — Бірақ, туған жеріңізді таба аласыз ғой?


— Көзімді жұмып отырып...


— Таба аласыз ба, әже? — деп сұрады Күнжан.


— Көзімді жұмып отырып...


Соңғы жиырма бес, отыз жылдың ішінде жайлауға ешкім бармағандықтан, бұрынғы көш жолдардың бәрі тозып, кейде білінер, кейде білінбес торабы ғана қалған еді. Биыл жайлауға барған совхоз адамдары, жерді мөлшерлеу мақсатымен жайлауға тура тартпай, тыңға айқыш-ұйқыш жол сала, қиғаштай жүрген. Дәметкен ол жолдардың біреуін де білмейді.


Жол жайы осылай болғанмен, шофердің қасына отырған Дәметкен, колхоздан шыға, «шырағым, олай жүр,... былай жүр!» деп нұсқай отыра, бұрын жайлауға көшетін жолдың жобасынан аумай, нысаналы орынға тура әкеп түсірді. Ерген жұрт, оның мұншама жершілдігіне қайран қалысты. Бұл араны Дәметкеннің ұмытарлық та реті жоқ еді: әкесінің айтуынша, балалары өліп-өліп, өлім сарқытындай боп Дәметкен туған соң, ол жалғыз тайын сойып той жасайды да, етін асуға, үш таған ғып жерошақ қазады.


Осы жерошақ, Жалтырша басынан Дәметкеннің ауылы соңғы рет көшкенге дейін қаз-қалпында сақталып келді. Тіпті бертінде, реті кеп, Дәметкен Жалтыршаға барып қайтса, жерошақ та, кигіз үйінің іргесін көмген шымның сақинасы да со қалпында жатыр екен.


Осы араны ойлаған сайын оның есіне бейғам балалық шағы, қыз боп бой түзеген шағы, со кездегі тату-тәтті достары, әке-шешесі, ержетіп тұрмысқа шығуы, сүйген жарымен сыйласып өткен шаттық күндері, балалы - шағалы болуы, оларға деген аналық махаббаты түседі...


Дәметкен туған жерін дәл тапты да, қадалары қағылған алғашқы шатырларды, аса зор қуанышпен тігісті. Әжесіне қосыла қуанғанмен, осы совхозға агроном боп орналасқан Күнжанның көңіліне бір қауіп туды. Дәметкенде «белімнің құяңы» деп атайтын сырқат болатын, — егер денесі салқынға тисе, шойырылып жатып қалатын. Кейде тіпті қатты шойырылып, қимылдауға мұрша бермей, құлында-құлыны шығатын...


Қар кетіп болғанмен, жер әлі ылайсаң. Қада қағып көрсе, беті іріп жатқанмен, жердің астыңғы тоңы әлі еркін жібіген жоқ. Теріскейден ескен желдің салқындығына аспанда жиылана торланған ақ сұр бұлттың төмендей көшуіне қарағанда, мүмкін, қар да жауып қалуы... Күнжанның қауіптенетіні «Жылы орын жоқ осындай жағдайда, әжесі ауырмай -сырқамай қызмет атқара алар ма екен?!..»


Бірақ Күнжан босқа қауіптенді. Не ғажабы барын кім білсін, — ояу уақытының көпшілігін ашық жерде ас пісірумен өткізсе де, ызғарлы жел біразға дейін басылмаса да, алғашқы күндері әуеле қар, артынан жаңбыр жауып, жердің дымқостығын ұлғайтса да — Дәметкеннің қияңқы ұстамауы былай тұрсын тымау да тиген жоқ.


Жұмысты ол жеңіл киіммен істеуді жақсы көретін еді. Осы дағдысымен, күн райын суық кезде де үстіне жеңіл фуфайкеден басқа киім ілген жоқ, басына шашын ғана жабатын жеңіл орамалдан басқаны тартқан жоқ. Жердің сазына қарап, аяғына, тек қалың шұлғаумен керзалық етік киді.


Оның ас қып беретін адамдарының көпшілігі трактористер. Олар екі сменамен қызмет атқарады: таңертеңгі алтыдан кешкі алтыға дейін, кешкі алтыдан таңертеңгі алтыға дейін. Жұмысшылардың және оларды күтушілердің бұл бригадада саны елу шақты адам, соның бәрін үш мезгіл азықтандыруға, жалғыз Дәметкеннің, әрине, күші келмеген болар еді.


Совхоздың директоры оған жәрдемшіге екі қыз берді. Қыздар күн мен түнге кезектескенмен, Дәметкен кезектеспеді. Ол күндіз де, түнде де ас пісірген қыздардың қасында болды. Қай кезде ұйықтап, қай кезде дамылдайтынын кім білсін, — қашан көрсең де ас пісіретін қыздың қасында. Оның бір мінезі — өзі пісіргеннен басқа асты жақтырмайды, өзі пісіретін астың дәмді болуын, өзінен басқа ешкімге сеніп тапсырмайды.


Алғашқы күндері Жалтырша көліне жақын жердің тыңын жыртқан тракторлар, күн өткен сайын алыстай беpiп, тамақты машинамен таситын жерлерге кетті. Тамақ оларға жабық, жылы ыдыстармен тасылды. Трактористер қанша алыста болғанмен, үш мезгіл асты да Дәметкен өзі апарып таратты.


Бұл қызметіне Дәметкен мейлінше риза... Өйтпегенде ше?.. Жер жаралғалы соқа тимеген оның туған - өскен өлкесінде, мыңдаған гектар тың көтерілді. Дәметкеннің бір қызығы — есепке шорқақ еді. Көп мың түгіл, ол бір мыңның өзін де санап жеткізе алмайтын. Мынау көтеріліп жатқан тыңның жайын сұраса, біреу емес, әлденеше мың!.. Соншама санға ойы жетпегенмен, Дәметкеннің көріп-біліп жүргені — көтерілген тың ұлан-байтақ кең. Бұл тыңды бір ғана совхоз емес, жайлауда іргелес орнаған әлденеше совхоз көтеріп жатыр. Солардың бәрі қанша тың көтерілгенін көргісі келген Дәметкенді Меликян машинасына мінгізіп әлденеше рет аралатты. «Не деген көп көтерілген тың!..» деп қайран қалды Дәметкен.


Бірақ, Дәметкен үшін бір ғана өкініш бар: оның еркіне салса, көтерілген тыңның бәріне егінді 1954 жылдың жазында себу керек, ал, Күнжанның, тағы басқалардың айтуынша, бұл жылы азғантай жерге ғана егін себіледі де, өзге кең жерге егін — 1955 жылдың жазында өседі.


Болашақ жылдың жалпақ егіні өскенін көруге асыға отыра, Дәметкен, 1954 жылы себілген аз келемді егіннің тез пісуін, оның жемісін тез татуды шегінен шыққан шыдамсыздықпен күтті...


Ол күткен жемістің ішінде бидаймен қатар овощь та бар еді. Сол бидайдың себілуін, сол овощьтың отырғызылуын Дәметкен өз көзінен өткерді. Одан кейін көктеуін, сабақтануын, дән тартуын, пісуін әрдайым бақылап, мақсатына жақындаған сайын, қуанышы қойнына симады. Дәметкеннің сол жайын көрген Меликян:


— Комбайннан алғаш құйылған астықты, алғаш жиналған овощьты сізге әкеп берем, — деді оған, — содан сіз тамақ жасап, туған жеріңізде бірінші рет өскен астықтың дәмін, бірінші боп татасыз.


Асыға күткен Дәметкеннің қолы ол күнге де жетті. Комбайнның шүмегінен грузовиктің жәшігіне алғаш құйылған бидайды Меликян совхоздың электр қуатымен жүретін диірменіне үктірді де, Дәметкенге жеткізіп берді. Сол күні асхана қасындағы тақтайдан уақытша жасалған сарайшыққа, екі грузовикке тиелген овощь та келіп түсті: оның ішінде капуста да, картоп та, сарымсақ та, сәбіз де, қияр да, помидор да бар.


Ол күні кешке Дәметкен көзінің шырымын да алған жоқ. Ашытқы құйған тандырды ол үлкен екі бөшкеге белуарынан келтіре салды да, қабарып көтерілгенше, бетін жылы орап жауып тастады. Содан кейін, овощьтарды аршып турауға кірісті.


Ол күнгі түстік, тыңда өскен жаңа овощьтан жасалды. Ac қайнап пісуге айналған кезде, ожаумен іліп ап дәмін көру Дәметкеннің дағдысы еді. Бірақ бұрын асықпай, астың пісер мөлшерін күтетін.


Бүгін бұл дағдыдан Дәметкен айырылды. Ошаққа орнатқан қазан бусанбай жатып қақпағын ашып көрген ол, тезірек қайнауын тілеп, отты астына баса жақты.


Қазан шала қайнай бастаған кезде-ақ, Дәметкен қуанған кескінмен ожауды малып жіберіп, сорпаны іліп алды да, шетінен үрлей ұрттап дәмділігі тілін үйірген сияқтанған соң, қылқ еткізіп жұтып жіберді. Оның бұрын көрмеген қылығына қайран қалған қыздар, сорпаға құмарланған себебін сұрап еді:


— Туған жердің топырағына өскен дән өзге дәннен дәмді болады екен, — деді ол.


Туған жердің тыңына бірінші рет өнген жемісті қолынан егіп өсірген, осы совхоздағы жиырмаға тарта ұлттың ер ұлдарымен, ер қыздарына Дәметкен ішінен сансыз алғыс айтты.


Оларға мына тәтті түстікті тезірек татыру үшін, қазан астындағы отты Дәметкен үдете жақты...


Октябрь, 1955 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Қайрат
Қайрат 01.05.2022 16:37
Маған әңгімелер ұнап тұр
Нурлыбек
Нурлыбек 24.04.2022 13:57
Ертегы фу
Нубик майнкрафт
4впшю

Пікір жазу