Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  903


Автор: Аслан Қаженов

АТЫ ЖОҚ ӨЛЕҢ 3

Ата, кейін бұл өлеңді оқырсың,
Оқыған соң, ойлан дағы өкін шын.
Жас кезіңде жеті бала тудырып,
Қартайғанда жалғыз өзің отырсың.

Жалғыз қалу, әрине, ол жаман-ды,
Ал, ұлдарың білмейді ғой қарауды.
Жеті бірдей азаматты өсіріп,
Бірақ, бір де өсірмепсің адамды.

Олар енді сені бағып күтпейді,
Олар енді саған басын бүкпейді.
Олар енді ауызыңа су құйып,
Олар енді сідігіңді төкпейді.

Бұрын өзің тәлім бермей сондай-ды,
Енді қазір шегіп жатсың зор қайғы.
Саулығыңды сұрау былай тұрсыншы,
Олар қазір сәлеміңді алмайды.

Жаратқаннан сонша бала сұрап ең,
Қалың сорды қосып берді солармен.
Енді ұлдарың тас жүректі тұлғалар,
Ал, немерең мендей ылғи блондин.

Шағың еді шатқа шомып күс кеуде,
Бақ-дәулеттен бір бөлікті тістер де.
Ажалыңды күтіп жүрсің енді сен,
Ажалыңды күтіп жүрміз біздер де.

Есіл тәлім саналарға еш қонбай,
Бір-бірімен қазір олар қасындай.
Жек көрмесе немереңіз осынша
Жек көретін жыр жаза ма осындай?!


Соны айтып көпіруде ұртымыз,
Бірақ, туған атама емес бұл сыбыс.
Қартайғанда маған солай айтыңдар,
Қартайғанда маған солай ұрсыңыз.

Ей, менің немерелерім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу