Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  221


Автор: Қадыр Мырза Әли

Көктем боп гүлдеп көзімде

Көктем боп гүлдеп көзімде,
Көңілді талай бұзған бақ.
Қызығым ба еді
Кезінде
Мен үзбей кеткен қызғалдақ?!
Қай жерде?
Қайда жүреді
Езуден қашқан күлкілер?!
Түсіме жиі кіреді
Мен қумай кеткен түлкілер.
Оралмас қайтып қас қағым,
Ойланам ұзақ отырып:
Май шелпек болды басқаға
Мен айтпай қойған өтірік?!
Жайғасып жайлы орынға
Жігіттер кейбір жан сақтар.
Бағым ба әлде, сорым ба
Баз кешкен менен мансаптар?!
Сөзді де,
Беріп жолды да,
Сүймеймін ердің бұққанын.
Өзіме кесел болды ма
Өзгеден молдау ұққаным?!
Қол жайып барып бөтенге,
Қайтты ғой талай меселім.
Тұлпарлар емес,
Тепеңге
Тиімді шығар есегің!
Қумайтын жолды қудым ба,
Құдайым әбден ұрғанда.
Тумайтын жерде тудым ба,
Туатын жерлер тұрғанда!
Өтемін қалай жыр етпей,
Зулаған заман,
Пұрсат бер!
Шаншу боп қалды жүректе
Қапыда кеткен бір сәттер.
Бақыт па қону тұғырға?
Бақыт па қарын тойғаны?
Аз ғана мына ғұмырға
Ақылым жетпей қойғаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу