Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  233


Автор: Қадыр Мырза Әли

Ерте көрдім бәрін де

Ерте көрдім бәрін де,
Ерте көрдім.
Ерте оқыдым мінезін еркелердің.
Еркелердің көзінен ерте сездім
Енді жақын қалғанын өртенер күн.
Тумай жатып жаныма дерт те батты.
Тағдырменен тартыстым,
Ерттеп атты...
Джунглиде жолыққан жолбарыстай
Жоқшылықтың тырнағы ерте батты.
Анам ұқты тек мені,
Далам ұқты.
Ерте сездім тірліктен алалықты.
Ересектің арбасын ерте сүйреп,
Елден бұрын тастадым балалықты.
Осы жаста
Ғажайып май таңында
Немене мен? (Өтірік айтамын ба?!)
Ерте білдім
Жүретін бір есіммен
Адамды да,
Адамның сайтанын да!
Аларымды мен өзім алғандаймын.
Ақыл жүгін көтерген һамбалдаймын.
Ерте көрдім бәрін де,
Ерте көрдім.
Егер ерте қартайсам таң қалмаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу