Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  185


Автор: Қадыр Мырза Әли

Із түспеген әлі де миым қардай

Із түспеген әлі де миым қардай.
Көңіл ғана ұйтқиды құйындардай.
Өсейін-ақ деймін-ау,
Өсе алмаймын
Буып тұрған денемді киім бардай.
Махаббаттың тәтті ме сыйы балдан?
Қалай жүрсем шығады үйім алдан.
Жүйтки алмай келемін,
Тұлпардайын
Төрт тұяққа қорғасын құйып алған.
Байқағанға өмірдің ауыр сыны,
Иіледі парыздың самырсыны...
Самғай алмай келемін,
Қанатымның
Мысқа айналып кеткендей қауырсыны.
Қызыл ала гүліндей құрлығымның
Болсам деп ем бояуы түрлі күннің.
Балға қонған шыбындай —
О, жасаған —
Тырп еткізер түрі жоқ тірлігімнің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу