Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  112


Автор: Қадыр Мырза Әли

Төлегенге

Мен айтсам деп,
Айтсам деп сөзін көктің,
Мұнараға ішек тағып,
Безілдеттің.
Бірінші боп үлгермей өлең-жырда,
Бірінші боп арадан өзің кеттің.
Батыр едің ешкімге бермес кегін.
Ақын едің,
Өнерде төрлес едің.
Бақытсызбыз — біз сені жерлеп қайттық,
Бақыттысың-— ешкімді жерлеспедің!
Керек еді — бел емес —
Тау асқаның,
Жарқыратып жырыңмен дала аспанын.
Бақытсызбыз — біз мүше бөлісе алмай,
Бақыттысың — ешкіммен таласпадың.
Әрине, аз!
Тіптен аз бұл бергенің!
Бір-ақ күндей болмады жыл көргенің.
Бақытсызбыз — көп жаннан көңіл қалды,
Бақыттысың — алданып үлгермедің!
Ұстаз тұтқан,
Пір тұтқан Қасекеңді
Болатынбыз бәріміз жас әпенді.
Бақытсызбыз — біз іштей егесеміз,
Бақыттысың — көрмедің бәсекеңді!
Ел ұмытпас ерінің дұрыс ісін.
Бір буынның бірегей ірісісің.
Бақытсызбыз—тірідей өлгендер көп,
Бақыттысың — өлгеннің тірісісің!
Қалды айтылмай бір сөзің тойыңдағы.
Кетті өзіңмен жырларың ойыңдғы.
Тірі болсаң,
Тіресіп жүрер ме едің,
Өлгеннен соң амалсыз мойындады!
Тірі болсаң бірақ та,
Дауылды оттай
Жанар едің.
Жанар ең дамыл таппай...
Ақын ұлы болмайды
Ұлы өмірдің
Ащысы мен тұщысын түгел татпай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу