Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  249


Автор: Қадыр Мырза Әли

Бәрі де бар өмірде

Бәрі де бар өмірде
Бәрі де бар.
Ауру да бар,
Емдейтін дәрі де бар.
Суы да бар, әрине, ағып кетер,
Сіңетұғын бойыңа нәрі де бар.
Ұсақ та бар өмірде,
Ірі де бар.
Осал да бар,
Жандары сірі де бар.
Шипа да бар жаныңды жасартатын,
Жұғатұғын, әрине, кірі де бар.
Ағы да бар,
Қара да,
Сары да бар.
Бір күндігі,
Мәңгілік жары да бар.
Шайдай ашық шуақты күні де бар,
Жауатұғын жаңбыры,
Қары да бар.
Қуаныш,
Мұң,
От басы,
Қазан басы
Бір-бірімен жатады тез алмасып.
Тұра-тұра бір жерде,
Жата-жата
Көңілді де кетеді тозаң басып!
Жинай-жинай тірліктің мүлкін де әсем,
Бірте-бірте шығады күлкің бәсең.
Бәрін тозаң басады,
Әлсін-әлсін
Қарға аунаған қасқырдай сілкінбесең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу