Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  216


Автор: Қадыр Мырза Әли

Мақсат болу керек қой әр адымда

Мақсат болу керек қой әр адымда.
Шын жиһангер болуға жарадың ба?!
Ауылыңнан қанша ұзап шықтың екен,
Артыңа бір бұрылып қарадың ба?!
Еңгезердей,
Еңселі алып денең
Еткізе алса жақсы ғой халықты елең.
Сана керек,
Сананың мектебінде
Ұзап кете алдың ба әліппеден?!
Тұрған жерің тарихтың арты емес пе?!
Сағат сайын есею — шарт емес пе?!
Кафедра дегенің
Бір кездегі
Өзің он жыл отырған парта емес пе?!
Қанша адастың надандық даласында?!
Өткеніңе көзіңді саласың ба?!
Елу деген жасы ғой даналардың,
Елуде де әлі сол баласың ба?!
Ақылға ақыл қостың ба?
Дарыттың ба?
Ойдың атын сапарда арыттың ба?
Жарты ғасыр жол жүрдің,
Жарты түйір
Жәрдем беріп еліңе жарыттың ба?!
Мұңайдың ба?
Іштің бе?
Тойладың ба?
Жүрген жерге бір белгі қоймадың ба?
Қайдан шықтық?
Осы біз қанша жүрдік?
Қайда бара жатырмыз?
Ойладың ба?!
Мақсат болу керек қой әр адымда.
Шын жиһангер болуға жарадың ба?!
Ауылыңнан қанша ұзап шықтың екен,
Артыңа бір бұрылып қарадың ба?!
Түсетұғын заман ғой адам сынға.
Осыны ойлап,
Сен өзің алаңсың ба?!
Мынау қақпа?..
Апыр-ау,
Шыққан жерге
Қайтып келіп тұрғаннан амансың ба?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу