Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  120


Автор: Қадыр Мырза Әли

Тұлпар түгіл, кей кезде тоқтың қайғы

Тұлпар түгіл, кей кезде тоқтың қайғы,
Тоқтау айтып балаға жақ тынбайды,
Әкесінен гөрі де
Әумесерлер
Даладағы біреуді көп тыңдайды.
Кімге барып тағдырың шағынады?!
Адасып жүр жапанда бағың әлі.
Сені сынап,
Ал сенің жырларыңды
Көшіргенге
Біреулер табынады!
Дәрменсізді мықтыға,
Зорға балап,
Алдарында жүреміз жорғалап-ақ.
Құзғындарды жіберіп өз еркіне,
Әнші құсты ұстаймыз торға қамап!
Асылыңды тышқан жеп қоймадағы,
Жастығыңды жыл жейді...
Ойла-дағы!
Мәстектерін жіберіп ат жарысқа,
Арғымақпен кей жерде қой бағады!
Шаршап келіп тірліктен митыңдаған
Қариядай ән менен күй тыңдаған...
Ойлы басы қисайып оң жағына
Мұңлы көзбен қарайды итім маған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу