Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  126


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қармақтай боп қадалған желбезекке

Қармақтай боп қадалған желбезекке
Қанша шаруа, бауырым, тұр кезекте?!
Оны қойшы!
Көргенде небір жайды
Ішің толып кетеді бір мезетке.
Мәз болмашы
Шағылған ерте тауы
Азаматтың басынан сірке тауып.
Кей кездерде жүреді
Көрмелерде
Қырғауылдың орнында күрке тауық!
Жерде туып біреулер жер баспапты.
Кімнен олар үйренген арбаспақты?!
Нармыз дейді өздерін,
Махамбеттер
Білмейді деп ойлай ма нарқоспақты?!
Жүйке неткен мықты еді!
Кендір еді!
Ол да тозып бірақ та селдіреді.
Пәтшағарлар
Көрсетіп дүрегейін
Нағыз құмай тазы деп сендіреді.
Түсінбесең қайтадан оқы тағы.
Біреу дұрыс тірлікті қоқытады.
Қосады олар бәйгеге —
Тұлпар емес —
Кекіліне есектің үкі тағып!
Бұл өмірдің қиын ғой тоқтауы ағып.
Мықтыларды Ертеңнің жоқтауы анық.
Күй тартады біреулер топ алдында
Домбыра емес —
Қолына оқтау алып!
Алтын ұя әрқашан етер үміт
Қыран қайда қасқырды кетер іліп?!.
Кей күндері лоқсиды,
Дөңбекшиді
Жанартаудың жүрегі көтеріліп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу