👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  45


Автор: Қадыр Мырза Әли

Көне киім

Жек көреді бұл өмірдің кім сыйын?!
Еңбегіне бір сыйынба,
Мың сыйын!
Байқап қалдым:
Ұлым менің ысқылап
Ескірте алмай отыр екен джинсиін.
Бойы сәл-пәл қалғанменен ұзарып,
Өзі шынжау,
Өзі нәзік,
Өзі арық.
Ұрсады деп ойлады ма —
Кім білген?—
Көрген бойда кетті оттай боп қызарып.
Есімде жоқ:
Июнь бе еді?!
Июль ме?
Әпергенмін сол шалбарды биыл мен.
Неге ұрсамын?
Менің өзім,
Ол түгіл,
Жақсы көрем киімдерді киілген.
Ескі киім ескі досы істің де.
Қысылмайсың — қара терге түстің бе?!
Етіңменен ет боп кеткен сияқты
Киім барын сезінбейсің үстіңде.
Жасыратын түгі де жоқ.
Мұндайды
Аямайсың жұмыстан да тым майлы.
Жатуға да,
Аунауға да жақсырақ,
Ескі киім отыруға оңтайлы.
Оныменен көрдің талай шуақты,
Жаңбыр жауса — иығынан су ақты.
Ескі киім — киім емес,
Жел менен
Күн қақтаған өзің терің сияқты.
Судай жаңа бешпентпенен жүрсің бе
Оқасы жоқ,
Оның үшін күрсінбе!
Бірақ маған жаңадан да қымбаттау
Ескі киім тәнім тиген,
Тер сіңген.
Жаңа киім алған осы бертінде
Дұрыс оны, айналайын,
Көркім деу.
Бірақ та мен ескі киім ішінде
Өзімді-өзім сезінемін еркіндеу.
Басым мынау:
Қырау түскен боз қырдай,
Ақыл айтам,
Ашуымды қоздырмай.
Киім әсте бірден қона кетпейді.
Оны жұмыс киімі ғып тоздырмай!


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы