Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  130


Автор: Қадыр Мырза Әли

Өмір

Қызғыштай қорып өңірді
Кездерің, ұлым, жортатын.
Қиыны қиын өмірдің,
Түгі жоқ бірақ қорқатын.
Кез болған
Дала,
Қалаға
Пулемет ажал боратқан.
Әкеге бала,
Балаға
Әкесі көздеп оқ атқан.
Кез болған
Үйің
Құтханаң
Құлаған,
Шөгіп тіреулер.
Аузынан тіпті шықпаған
Сөз үшін күйіп біреулер.
Сөнді деп сенім шырағы,
Жүрегің неге қозғалған?!
Бір әйел емес,
Бір ауыл
Еркексіз қалған кез болған.
Кез болған
Табын-табыннан
Тігерге тұяқ қоймаған.
Кез болған
Шалдар қағынған
Қаралы қызбен ойнаған.
Киімім жыртық демегін,
Болсын да түгел жан аман.
Көйлегің түгіл,
Денені
Кезіміз болған жамаған.
Жоқтау боп кіріп ән үйге,
Жылаған жас та,
Кәрі де...
Құлыным,
Мынау фәниде
Бәрі де болған,
Бәрі де!
Әйтсе де
Құшақ жайсаңдар,
Жетеді көңіл шуағы.
Жақсылар мен жайсаңдар
Күресу үшін туады.
Қызғыштай қорып өңірді,
Кездерің ұзақ жортатын.
Қиыны қиын өмірдің,
Түгі жоқ бірақ қорқатын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу