Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  154


Автор: Қадыр Мырза Әли

Балама хат

Түк айтпайсың хатыңда.
Тірлік қалай?
Хал қалай?
Каникулың жақындап,
Өтпей қойды-ау қалған ай!
Қуған өнер, ғылымын
Құрбыларың алғыр ма?!
Ұстаздардың,
Құлыным,
Көңілін көп қалдырма!
Парыз өтеу үшін де
Перзент керек халыққа.
Осы бес жыл ішінде
Аларыңды алып қал!
Жататұғын бүк түсіп,
Достарды қой бос кеуде,
Ұстаздардың мықтысы
Шынында да, Мәскеуде.
Сол ұстаздар хақында
Тағы айтамын, қарағым,
Жол түсіп тұр,
Жақында
Бірер күнге барамын.
Қарай-қарай әріпке,
Қалай?
Көзің талды ма?!
Қызбен барып паркке,
Қаржың бітіп қалды ма?!
Одан қиын он есе
Күн болады,
Күрсінбе!
Сабағыңды, немесе
Үлгере алмай жүрсің бе?!
Бір қалыпқа түстің бе?
Үйдегідей тоқсың ба?!
Лекция үстінде
Қалғып жүрген жоқсың ба
Кей студент балалар
Кем түспейді көкжалдан.
Арақ деген пәле бар,
Аманбысың жанжалдан?!
Ару керек,
Жүрегің
Алып-ұшса,
Шын сүйсін!
Тоздыра алмай жүр едің,
Ескірді ме джинсиің?!
Қойдық бәрін ысырып,
Дайындалып тойларға...
Бізге келін түсіріп
Беретіндей ой бар ма?!
Шешең сенің табынды
Тәңіріне,
Бақ сұрап:
Біздер үшін
Ауылдың
Қызы болса — жақсырақ!
Анаң
Балабақшаға
Айналып бір көрмекші.
Келін қанша тапса да,
Бәрін бағып бермекші!
Балажандар елдегі
Басқа қызық іздер ме?!
Саған қайдам
Сол келін
Керегіп жүр біздерге!
Кешір, балам,
Мылжыңдап
Мазаңды алған жоқпын ба
Жететіндей бір жылға
Жаңалықтар көп мұнда.
Біз сияқты асығып
Келер бақыт-аққуың.
Тыныш болып ғасырың,
Тез бітсе екен оқуың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу