31.05.2021
  339


Автор: Мархабат Байғұт

СҮМБІЛЕНІҢ СУЫ

Ыстықкөлге күтпеген жерден жолым түсе қояды деп ойлаппын ба?!
Жұрт дегеніңіз барып-келіп жатады, ауыздарының суы құрып айтып жатады. Ал біздікі «барғызбасың — барғызбас» қой, баяғы. Күрсіністі, күреңіткен мұнарлы мұң ағыстарының кенеркөгінен ғана көрінер аңсарлар қатарындағы ақ кемелі көгілдір көл туралы біздің білетініміз бәріңізге де белгілі. Барып-келушілердің таңдай қаға тамсануы және әлемге әйгілі жазушының атақты шығармасы.
— Ыстықкөлге баратын болдыңыз, — деді Астана жақтағы басшыларымыздың бірі. — Ертең Алматыға шұғыл жетуіңіз керек. Одан ары автобуспен апарады. Дебатшылардың халықаралық форумы өтеді, соның ақылдастар алқасына кірдіңіз.
Біз пақырыңыз сасқалақ қағып:
— Рахмет, мың да бір рахмет! — дейміз дегбірден айырыла                 абыржып. — Ыстықкөлді бір көрмекті армандайтынымыз рас. Бірақ...
— Не бірақ? — деді бастығымыз күліңкіреп. — Шынымен-ақ бас тартайын деп тұрсыз ба? Әдеттегіңізше?
Қайбір жолы да Бурабайдағы осыған ұқсас бір басқосудан қалып қойғанымыз бартұғын. Соны айтып тұрғаны.
— Жо-жоқ! Бас тартып нем бар? Бірақ дебатшы дегендеріңіз өңшең өрімдей жастар, ал біз...
— Ал сіз сол жастарға бас-көз боласыз. Оның үстіне сценарий бойынша халықаралық форумды ашарда бата беру керек екен, — деді басекең.
Жолға жедел жиналдық. Алматыға апарар жүрдек пойызға жетіп үлгеруіміз керек-ті...
Алматыдан ертеңіне түн ортасы ауа шыққанбыз. Ыстықкөлге таң бозында іліндік. Жұрттың бәрі дерлік тәтті ұйқының құшағында еді. Көлді көрмей қалмайық деп көз ілмейтіндер де жоқ емес секілді. Солардың бірі — біз пақырыңыз.
Алғашқыда Ыстықкөліңіз онша ұнаған жоқ. Әлемге әйгілі жазушының шығармасындағы ғажайыпқа да, мына пақырыңыздың қиялындағы арман-аңсарға да келіңкіремеді. Сұлқ жатқан су айдынынан салқындау бір леп келгендей, автобустың іші суып сала бергендей. Бір-екі студент өзара сыбырласып: «Ыстықкөл!», «Ыстықкөл!» — десті. Қалғандары Солтүстік Мұзды мұхитқа келгендей, бойларын жиырыңқырап, аяқтарын жиыңқырап, ұйқысыраған күйі әлдебір жылы киімдерін тауып жамылып, әжептеуір әбігерге түсті.
Шолпан туған шақта белгіленген пансионаттың бозарған қақпасынан өтіп, бөлініп қойылған бөлмелерге орналастық. Жуынып-шайынып алғаннан кейін де жүдеу көңілдің түкпірін тіміскілеген ұлыма күшік жадау сезімнен түк те арыла алмағаныма қайран қала жүріп, жападан-жалғыз серуендемек мақсатпен тысқа шыққанмын. Өзгелердің бәрі, жасы да, жасамысы да ұйқыға кіріскен.
Пансионаттың баулары буалдырланып, буға буылып тұрыпты. Аққайың мен ақтерек және арша мен шырша араласа, кезектесе көмкерген күре жол көлге жетеледі. Енді ғана елгезектене елеріп, ентелей елеңдедім-ау. Көлге қарата қадамым жиіледі. Ойпаңдау жатқан жиектен жүрек лүпілдеткен айдын шеті ағараңдады. Сейілгісі келмей сәл ғана селдірленген бу үстімен бір бұрқақ бұлқып жылжыды, ара-арасынан керіле сызылып, кенеркөкті тұтас алып жатқан Алатаудың ала-бөтен бөлігі көрінді. Сәлден соң барып, аршыла түскен айдын таң бозында танытқан салқындығына ғафу өтінгендей ғажап қылықпен жалт етіп, жантая аунады. Ыстықкөліңіз түгел-тұтас лықси толқып, жағажайды түгелдей толқын-тасқын алып кетердей сезілді.
— Ықыласыңнан айналайын, Ыстықкөлім, амансың ба?! — дедім балалығыма оралып. Айналама алақтап, қуыстана қарап қоям тағы да. Бір байқасам, көз жасым көлге тамып жатыпты.
Күрсіне күліп алып, бетімді жудым.
Ыстықкөлге.
Арғы беттегі Алатау сілеміне дейінгі керенауланған кеңістікте нешеме ағыстар пайда бола бастағандай.
Басым айналып, көзімді жұмдым. Көп тұрдым теңсетіліп.
Құбылыстарға толы толқындар артымда қалды. Қайта-қайта қарайлап қойып, пансионатқа қайттым. Күні бойы қарбалас, қызу шаруалар мен шаралардан қолымыз қалт етпеді. Кешкі салқын лебімен бірге дебатшылардың халықаралық форумы салтанатпен ашылды. Сценарий бойынша басқосуға құт қадам тілеп, бата берілуі керек екендігін сыбырлай ескертушілер аз емес. Халықаралық шара болғандықтан, Америкадан, Англиядан, Алманиядан, Түркия мен Ресейден өкілдер бар. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан қатысып отыр. Ұйымдастырушысы — өзіміздің бұрыннан бастамашыл Қазақстан. Бір таңданарлығы, бәрі де — ағылшын және орыс тілдерінде дағы, тек бата беру рәсімі ғана қазақ тілінде болып шықты.
Әне, жүргізуші қазақтар ағылшынша да, орысша да сайрап тұрыпты. Қазақстан өткізіп отырған шараңызда қазақша ештеңе жоқ екен. Бұл бейшаралыққа не шара?! Бірақ бәтуалы батаның сценарийге кіргеніне де шүкіршілік. Мінекиіңіз, шет елдерден келген топтардың бір-бір өкілі сөйледі, тағы басқалар құттықтады. Кезек бізге келді. «Жасы үлкен кісі бата береді», — деген сөз де алғаш ағылшынша, сонсоң орысша айтылды. «Бісміллә!» — дедік қолымызды жайып. Біз пақырыңызға қарап, бәрі де қолдарын жайды. «Еларалық ерекше басқосудың қадамы құтты болғай. Керегесі кең, уығы мықты болғай. Пікірсайыс — дебаттар қызықты өткей, кейбір кеберсіген ұғымдарды бұзып кеткей. Бұл басқосуға қатысқан жастардан келешекте көсемдер шыққай көсіліп, шешендер шыққай шешіліп. Уа, небір Парламенттердің депутаттары да, Президенттер де шыққай есіліп! Біздің Бурабай, Ыстықкөл мәнзелдес көлдеріміз бүтін болғай. Жер жүзіндегі бар-барша елдердің түтіндері түзу ұшқай. Айналайын албырт жастар, ынтымақты бағалай білер барша достар аман болғай. Әумин!»— дедік бетімізді сипап. Бәрі де сөйтті-ау сонда.
— Ал, ағай, ендігісін өзіңіз біліңіз, — деді Астана мен Алматыдан келген алқалы топ мүшелері. — Біз өткізетін іс-шараларға қатыссаңыз да, емін-еркін демалсаңыз да — өз қалауыңызда. Үш күн бойы жақсылап тынығыңыз. Төртінші күні қайтып кетуіңізге де болар, себебі құрметті қонақтарға арнайы автобус келеді. Бірақ сізге Алматы арқылы емес, көгілдір тауларды көктей өтіп, Бішкек арқылы тікелей Таразға түсіп, Шымкентіңізге желе-жортып жетіп барған әлдеқайда жеңіл-ау, әсте.
Біраз-біраз іс-шараларға қатысып та байқадық. Англиядан жас шамасы біз құралыптас бір ғалым келген екен, жаһандану жайынан лекция оқыды. Жаһанданудың жағдаяттары біз пақырыңыздың жарғақ құлағымызға жағыңқырамады. Әңгімесінің бас жағы әжептеуір еді, бірте-бірте белгілі әуенге ауыңқырап бара жатқан соң, білдірмей ғана сыртқа сытылдық.
Көл жағасында жүріп, сол көлдің айдынын аңсаған қызық екен де.
Сүмбіленің салқындау самалы Ыстықкөлдің ықыласты демінен саулайтын ыссы сәулелерді терек бұтағандай типылдап үлгеріпті. Жағажайдағы адамдар анда-санда ғана. Тамылжыған тамыз айымен бірге талай қызықтар қол бұлғай қош айтып кетіп қалғандай, қабаржыңқы қалдық-ағыстар ғана тау мен баудан қылау бүркеді. Тү-у түстік тұстағы алыс-алыс ақбас таулардан ақ мұнар, күнбатыс жақтағы жасыл белбеулі жатағандау қыраттардан көк мұнар, терістіктегі тарғыл таулардан қоңырқошқыл, ал күншығыс беткейлерден буға оранған бұйра-мұнар осы маңайға мың құбыла құйылатындай.
Бізбен бірге келген жастар өздерінің пансионаттағы пікірсайыстарымен, жасамыстар халықаралық мән-маңызы зор түрлі тақырыптардағы талқылауларымен әуре. Ертегідей арша-шыршалардың арғы жағындағы, шойын өрнекті қалқандармен қоршалған өзгешелеу төрт-бес коттедж кербездене зораяды. Солардан кіріп-шығатын бірер адам бар секілді. Біздің корпуста жататын демалушылар да бірен-саран. Жағажайға көбінесе бірер сағатқа соғып, үш-төртеуден алқа-қотан отыра қалатындар, суға бір-бір сүңгіп алғаннан кейін әйда-а-а, ішіп-жеп, айқай-сүрең сала билеп, күн батпай қайтып кететіндер жиірек. Жападан-жалғыз немесе жұптасып келіп, суына бастаған суға түссе де, түспесе дағы, қимағандай қиыла қарап отыратындар да жоқ емес. Ал енді аяқ-қолдары күнге күйіп, қарғаның сирағынан бетер шидиген арық қатындар мен мектеп жасындағы ұл-қыздарда қисап жоқ. Жағажайды жалықпай жүз айналып, зорықпай мың аралап, қайта-қайта айқайлайды: «Сыра-сыра-а-а-а!» — дейді біреулері. «Қымыз-қымы-ы-ы-з-з!» — дейді екіншілері. «Ысталған балы-ы-ық!» — дейді үшіншілері. «Шабақ, шаба-а-а-ақ! Кепкен шаба-а-ақ!» — дейді төртіншілері. «Алма-а-а, қырғыздың қызыл алмасы-ы-ы-ы!» — дейді бесіншілері.
Демалушылар мүлде аз, табыс мандырымсыз болса да, қызмет көрсететін қайықтар, катерлер, тағысын-тағылар әзірше азая қоймапты. Бір керемет катер бар екен, адам тіркелген арнайы парашютті көш-құлаш ұзын арқанға жалғап алады дағы, су бетімен сырғыта сүйреп жөнеледі. Бірте-бірте әлгі парашютті жел кернеп, адамымен қоса көкке көтеріле береді де, құс ұшар биікке дейін шығандайды. Көз ұшына дейін ұшырып апарады екен, сонсоң моторлы қайық көл айдынымен, ал адамы бар парашют аспанда құстай қалқып, қайта оралады. Есепті ендіктердің, болжалды бойлықтардың бойымен шеңбер сыза жүзіп жеткен катеріңіз әлгі адамды қатерсіз тұсқа қондырар.
Біз де қызықтық бұған. Көл үстінде анау-мынау айдын емес, Ыстықкөлдің құс ұшар биігінде қалықтап көрмекке бекіндік.
— Қорықпаңыз, — деді парашютке бекіте байлап жатқан қырғыз жігіт.—Тізеңізді сәл-пәл бүгіңкіреп алыңыз. Көл бетімен сырғанағанда да, жерге қонарда да, тіпті шағалалар шарықтайтын аспанда ұшқанда да қазақ пен қырғызша шіренбей, қытай мен жапонша сәл иіліп-бүгіліңкіреңіз. Ұқтыңыз ба?
— Ұқтық, — дедік біз. — Өзіміз де шірене алмайтындардың бірі едік.
Қырғыз жігіт тағы да талай-талай ақыл айтып үлгеріп, нүсқауларын нығыздады.
— Қай тұсқа түскіңіз келеді? — деді ең ақырында.
— Қайда болса да мейлі, аман-есен кондырғайсың, әйтеуір.
— Алла жазса аман келіп, есен отырасыз, жүрексінбегейсіз, — деді ол. — Суға ма, құмға ма? Адамдардың арасына ма? Қыз-келіншектердің қасына ма? Таңдаған тұсыңызға қондырамыз. Қалауыңыз білсін.  
— Оңашалау, адам жоқтау, жұмсақ құмға түсейінші, әлдеқалай болады тағы да, — деп, қорқып тұрғанымды жасырмадым.
Бекер қауіптенбеппін. Алғашқыда, су бетімен сырғанай жөнелгенде асып-сасып, бой-басымды билей алмай, серіппедей бүгіліп-жазыла білмек керектігін ұмытып, осынау іске бел байлағаным үшін өз-өзімді жазғыра сыбап, өлердей өкіндім. Ұшамын деп нем бар еді?! Құстай ұшпаққа ұмтылу менің не теңім?! Жағажайдағы жұрттың бәрі көздерін тігіп қарап отыр. Ұшпай жатып-ақ, көл бетінен көтеріліп үлгермей-ақ бір бүйірге аунап түсіп, қайық қайырылып жеткенше тұншығып қалып, қас масқараға ұшырасам, не бетім?! Қол-аяғым қытайша емес, қазақша қалтырап, жұлын-жүйкем жапонша емес, қырғызша дірілдеп, көз алдым бұлдырай мұнартып, жанарымнан жас парлап, енді біттім-ау, әттесі-ай, демекке кете бергенімде, кенет қанат байланғандай қалықтауға көшіппін. Сенер-сенбесімді білмеген күйімде, сол бір рахат минөтін сезінуден айырылғым келмей, төмен қарауға қорқып, көзімді бірден ашпағам. Барған сайын көркем әлемге кірігіп, аспан астарымен бірігіп, көл жағасынан ғана көретін мұң-дірілді мұнарлармен араласып бара жаттым-ау! Жұлқына бұлқынған жүрегімді әзер басып, көзімді ашып, құс қалықтар биіктен Ыстықкөлдің айдынына қарадым-ау, ақырында. Аңтарыла телміремін. Тербеле қалықтап, арман құстай ұшып келемін. Ұшпа мұнарларды, ақ ұлпа ағыстарды ақ шағаладай құшып келемін. Аппақ ұлпа ағыстардың бір тұстары ыссы, бір тұстары жылы, енді бір тұстары салқын сезіледі. Төменнен қарағанда, көбінесе бос кеңістік көрінер аралықтарыңыз аспан жақтан араласып кеп кеткеніңізде, дүрия дүниеге айналады екен дә.
Құс боп ұшып келемін. Ыстықкөлімді құшып келемін. Кенет табан астынан әндеткім келгені-ай. Баяғыда, бесінші класқа көшіп каникулға шығып, қойдың кезегін өз еркіммен, қуана-қуана баққаным бартұғын. Сонда, Сарқыраманың жасыл жазығында қой мамырлап қозғалмай қалғанда, елбіреп ертеңгілік самал ескенде, желбіреп желкекшөптің үлдірегі ұшқанда, көктем мен жаз арасының күні нұр дидарынан сәуле төгіп тұрғанда, үлбірек бұлттар қыземшек төбелердің үстін үкідейін сипап өтіп бара жатқанда, жаңа-жаңа түйін тастаған сардолананың ою-өрнекті жапырақтары жаппай жамырап, жыпырлағанда ше?! Ән салғым келген. «А-а-а-а-аха-ау-у-у!» — деп бастап, сөзін де, әуенін де «өз жанымнан шығарып», біраз жерге барып қалған екенмін. Кенет:
— Пай-пай! Біздің ауылдың Пақырғалиы да ән салады екен ғой, пай-пой! — деген дауыс естілді. Сарқыраманың жасыл жазығы жанындағы Пұшықкезең шатқалынан шығып, көк есегінің қайшыланған құлақтарымен қосыла, ұрлана тыңдап тұрған падашы Пернетай екен. Әттесі-ай, әнімді бастамас бұрын әбден-ақ айнала-төңірекке қарап алғандай едім. Ешкім жоқ сияқтытұғын. Енді қайттім?! Құлағымның түбіне дейін дуылдай қызарып, алаулап жанып барады-ау. Бүкіл ауылға ғана емес, жарты әлемге жариялайтын болды ғой, пәдеріңе пәле келмегір Пернетай! Бір айтып қана қоймайды, күн сайын қырық қайталайды-ау енді. Деп пұшайман болғаным, содан кейін «әу» деп көрмегенім өзіме аян. Міне, енді Ыстықкөлдің құс ұшар биігінде қалықтаған, шағала шарықтар көгінде көлбеңдеген кезімде ән салғым келгенін түсінуге тырысарсыздар. Күйкілеу тірліктің күнделікті күйбеңінен, түртінектеп тынбайтын тірнектердің тартылыс күшінен тырбана алыстауға тырмыса тырысып, біршама биіктегендегі сыңайымыз дағы. Ақ ұлпалы ағыстар аймалаған бір тұста еркімнен тыс еліріп: «Ау-у-у-уа-у-у-уа-ау-у-у!» — дедім бе, қайдам. Салған әнімнің сияғы осындайға, турасын айтсақ ұлығанға да ұқсап кетті. Көл бетімен сырғанаудан бір танбай, парашютке байланған біз пақырыңызды аспанда қалықтатқан катер-қайығыңыз кеуірттей ғана еді, бірсін-бірсін үлкейді. Жағажайға жақындап, «ұлыған құсты» қондырмақ мақсатпен қайтадан қашыққа қарай құйындата, құйғыта зырлады. Ақылды ағыл-тегіл айтатын қырғыз жігіт жымиған күйі, сынай қарап қойып, жұмсақ құмды жағажайдың бір бүйірінде жападан-жалғыз жатқан әйелдің жанына қондырды. Қызылды-жасылды парашют қанаттарының бір шеті көл толқындарына малынып, біз пақырыңыз ғарыштан оралғандай тәлтіректеп, әлгі әйел жалпақ қалпағын көтеріп қарауға мәжбүрленді.
Жиегі жалпақ қалпақтың астынан қараған жанарлардан мың қабат мазмұнның андыздағанын аңғармау мүмкін емес-ті. Ыстықкөлдің бүкіл жағажайы, әредік қана көзге шалынар шоғыр-шоғыр адамдар, қолдарындағы барша дүниесін базарлап қалмақ үшін аянбай айқайлап, дауыстары қарлыққан, карауытқан қатындар мен ұлардай шулаған ұл-қыздар — бәр-бәрі бір бөлек, ал мына әйел мүлде басқа екендігі байқалып тұрды. Сымбат бітімі соншама салтанатты бола тұра, тәні қаншама таза асыл, бекзада бола тұра, сүмбіле сызы бүрке бастаған, салқын тартқан жағажайда жалқы жатқаны кім-кімді де таңдандырмай қоймас-ты. Бұған қоса жиегі жалпақ қалпақтың астындағы жанарларда күрең күрсіністің, тіпті қайғы шіркіннің арғы жақ, бергі жағынан табылатындай мұнарлы мұңның тұнып тұрғанын байқамау мүмкін емес-ті. «Ғарышкеріңіз» теңселіп барып, сусыма сары құмға отыра кеткен. «Ұлыған құс» күйінде әлгі әйелге қараған. «Құс ұли ма?» — деп, өз-өзіне сауал тастаған. «Неге ұлымасын?» — деп бір үн жауап қатқан. Құм астынан шыққандай құмыққан үн өзінен естілді ме, жоқ жаңағы әйел жақтан ба?! Деп, тағы да таңырқаған.
Ғажабы сол, ғарышкеріңіз әлгі әйелмен үнсіз-тілсіз сөйлесе бастағандай.
«Жалғыз екенсіз ғой?» — деді бұл.
«Түсінбедім», — деді мұңы мың қабат, сыры сан қабат әйел.
«Жағажайда жалғыз жатқаныңызды айтам», — деді бұл.
«Иә-иә, онда тұрған не бар. Жалғыз емеспін, мұнда мен өз мұңыммен бірге келгем», — деді әйел. Жанарларындағы мұң-мұнарға ұзын-ұзын, қап-қара кірпіктері діріл араластырды.
«Жалғыздық жақсы емес қой», — деді бұл.
«Иә, оның несі жақсы дейсіз. Бірақ мен мұңды жалғыздықты жаратам», — деді әйел.
Ғарышкеріңіз бұдан әрі үнсіз-тілсіз сөз қатысқан батылдығынан жаңылып, әйелдің соншалықты сұлулығынан ынжықтана ығып, Ыстықкөлге бұрыла қарап қана құтылды. Көл үстінде, құс ұшар биікте қиялдай қалықтап, кірбіңді көңілі көтеріңкі тартқан ғарышкеріңізге соңғы секөндтер аса ауырлау соққан еді. Алайда аспандағы айдың ғайыптан тайып жерге түскеніндей тамылжыған жаратылыстың жанында отыруы, жай ғана отырмастан, үнсіз күйде тіл қатысып, сыр бөлісе бастауы ауырлық езіп, азап жаншып жүретін жан әлеміне желеміктеу жеңілдік әкелген. Сары құм сүйкімді болып барады. Себебі сол, әлгі әйел және бір аунап түсіп, сызықсыз, дақсыз санына, Түркібасы терегіндей тік балтырына жабысқан сары құм саулай төгілген.
Әйел орнынан тұрған еді.
Ғарышкеріңіз тосын тербеліс сезінген. Әйелге біресе отызды да, тіпті қырықты да беруге болатындай. Отызға жетпеген десеңіз және еркіңізде. Талдырмаш, өзгелердей тым жалаңаш емес, кіндік тұсы торғын тормен шілтерленген. Қою қара шашын желкесінен бір байлаған. Тұнжыр жанарларын және бір бұған қарата бұрған. Ғарышкеріңіз тәлтіректеп қалған. Әйел жағажайдан көлге қарай бір аттаса, көгілдір таулар бір қадам; екі аттаса, екі қадам берірек жылжитындай.
Тағы да үнсіз-тілсіз сөз қатысты екеуі:
«Су бетінен сәуле жимаққа жиналдым», — деді әйел.
«Сізге ілеспекке батылым бармай тұрғаны», — деді бұл.
«Ғарышкер емессіз бе?» — деді әйел. Сөйтіп, сәл-пәл ғана күлімсірегендей көрінген. Оның сол жымиысынан жағажай жарық тартыңқыраған. Мұң-мұнарлы ағыстарға өзгеріске толы өзге құбылыстар құйыла бастаған.
Отызға жетпеген, әлде қырыққа жетпеген қыпша бел әйел қырлауыттаған құм қыраттан асып түсіп, жағажайды жиектей иектеген толқындарды тізесіне таман кешіп үлгергенде, ғарышкеріңізге һәм ес кірген. Беймаза жаны байыз таппаған күйінде, алайда айнала-төңіректің де, әйелдің де мұң-мұнардан аздап та болса арыла бастағанына батылданып, сергектене серіктеспекке бекінген. Бұл сәтте әйел су бетіндегі сәуле біткеннің бәрін бір өзіне ілестіре үйіріп алып, ағараңдай жүзіп, алыстай бастаған.
Ғарышкеріңіздің өзегі өртенбей жана жаздады. Жүзуге тіпті жоқтұғын. Әлде жылы, әлде салқын екені сол бір сәтте түк те сезілмеген суды бірте-бірте бойлап бара жатып, кеудесінен асқанда, көл түбіне кеткендей, тұншығыс тапты. Шуақ шымырлаған торғын толқындардың үстіндегі әппақ әйел сол күйінде сонау кенеркөк-көкжиекке де жүзіп-сусып жететін секілді. Ыстықкөліңізді қақ жарып, арғы беттегі ақ нұрлы тауларға өтетін де секілді. Ғарышкеріңіздің амалы құрып, құс емес, мыш болып ұлып шегінді, сүмірейе сүйретіліп, құмдауыт жағаға суы сорғалай ілінді.
Әлден уақытта әйел оралды. Оны жаңа ескерткеніміздей, отызға жете қоймаған, әлде қырыққа жете қоймаған деуге болатындайтұғын. Суға түсіп шыққанға дейін солайтұғын. Ал енді, мінекейіңіз, Ыстықкөліңізге шомылып шыққан соң, сүмбілесудың бетінен сәуле жиып оралған сәтте, жиырмадан жаңа асқан деуге келетіндей кейіпте, қап-қара, қою, шолақтау шашын сілкіп қойып, әппақ, алайда нып-нығыз, талдырмаш денесіндегі тамшылар мөлдіреп, мұң шілтерлеген жанарлары жәудіреп, жанына келіп отырды.
«Қасыңызға жайғасқаныма қалай қарайсыз?» — деді үнсіз-тілсіз.
«Тілсізбін, — деді бұл. — Мұңсызбын, сірә, дей алман».
«Мұң — менің де серігім, мұңсыздықтан жерідім», — деді әйел.
«Бар мұңым сол, суда ілесе алмадым, — деді ғарышкер, — құмда қалдым құмығып».
Жиырмадан жаңа асқан деуге келіңкірейтіндей әйел әлгінде ғана, суға түсер сәттегі сәл-пәл күлімсірегеніндей кейпіне қайта енген. Үстіндегі тамшылар әлдеқайда азайып қалыпты. «Шіркін-ай, мына мөлдір тамшыларды Ғабит Мүсіреповше бір-бірлеп, санап сүйер ме еді?!» — деп армандады ғарышкеріңіз.
Жылы жымиыстың ұлғая түскенінен рахат табу бұйыра қоймады пақырыңызға. Қарға сирақ қара қатындар мен экватордың арғы жағындағы эфиоптардан аумайтындай ахуалға түскен айналайын балалар айналадан анталап, тұс-тұстан тауарларын тықпалай бастады. «Ысталған балы-ы-ы-ық!»—дейді біреулері. «Ша-бақ, шаба-а-а-ақ! Тұздалған, кептірілген шаба-а-а-ақ!» — дейді екіншілері. «Сыра-а-а-а! Ара-а-а-а-ақ!»—дейді үшіншілері. «Сам-са-а-а-а! Алма-а-а-а! Қырғыздың қызыл алмасы-ы-ы-ы!» — дейді төртіншілері. Әйел орнынан тұрды. Ғарышкеріңіз һәм ілесе түрегелуге мәжбүр. Сауда жасаушылар кәнігі шабуылшылардай шеп құрып, шегінер емес. Әйелдің тұла бойынан төгіліп тұрған мұң-мейірім мен ғарышкеріңіздің болмысынан сезілетін шын қайырым әсер ете ме, кім білсін-ай, кім білсін.
— Кешіріңіз, тіліңіз шығатын уақ жеткен шығар? — деді әйел. Оның дауыс әуенінен демін жоғалта жаздап барып бұл:
— Мына мүсәпірлерге ұрсып, шептерінен шегіндіріп тастайын ба? — деді демігіп.
— Жо-жоқ! — деді әйел ән садаға кететін әуенді үнімен жер-дүниені үкідейін желпіп жіберіп. — Ұрыспаңыз оларға. Ондай хақыңыз жоқ. Ертіп жүріңізші бәрін. Иә-иә, өзімізбен бірге ертіп жүрейікші.
— Ілесіңіздер бізге! — деді бұл қарға сирақ қара қатындар мен «эфиоп» балаларға. — Бізбен бірге жүріңіздер.
Екеуі бір қауым халықты ерткен күйі әйелдің заттары жатқан жерге жетті. Заттардың иесі гүлдей көркем, көрікті күйінде тізерлей отырып, әлдебір әдемі қапшығынан бума-бума ақша шығарып, бұған ұсынды. Қара тобырыңыз жақындауға бата алмастан, бес-алты қадамдай тұста тосырқай тоқтаған. Ғарышкеріңіз аң-таң қалып, бума-бума қырғыз сомына ебедейсіз қол созған. Кәдуілгі қырғыз банкі шығарған жыйырыма (жиырма емес) сомдықтан текше-текше бумалар екен. Шошақ бөрікті, шоқша сақалды Тоғолоқ молдоның (молда емес) суреті салынған жыйырыма сомдықтар өңшең (оқырманға ескерте кетелік, біздің мың теңге — қырғыздардың екі жүз елу сомы).
— Сізден үлкен өтініш, — деді үстіндегі мөлдір тамшылар түк қалмай кепкен әйел әуеніне аздаған діріл араласып. — Мына ақшаны осы тұрған балалар мен әйелдерге түгел таратып беріңізші, жарай ма?
— Жарайды, — деді ғарышкеріңіз.
Тоғолоқ молдоның суреті салынған сарғыш жиырма сомдықтарды тарату тәп-тәуір тартымды жағдайда атқарылды. Қарапайым адамдардың әрқайсысына кем дегенде оншақты жиырма сомдықтан тиді.
—  Айыпқа бұйырмаңызшы, — деді әйел үнінің әжептеуір оңала түскенін аңғартып. — Үш күннен бері қалай таратарымды білмей жүр едім. Қожанасыр атамыз айтқандай, бұ да бір біткен іс болды. Рахмет сізге!
— Кешке қарата сізді қайдан табамын? — деді ендігі ерен діріл ғарышкерге ауысып.
— Ертең қайтамын, — деді әйел күлімсіреуін күнге көмкерте. — Мені табуыңыз қиын, пансионатта емеспін, таныс шешейдің үйінде пәтер жалдап жатырмын.
— Ойбай, менің де қайтуым керек-ті,—деді бұл. — Бішкек пен Тараз арқылы.
— Оһо! Онда Бішкекке дейін жолымыз бір екен, автобуспен серіктесіп қайтуға қалайсыз?
— Сіз... Сіз... Шынымен-ақ автобуспен қайтпақсыз ба?
— Иә-иә. Неге сонша таңырқап қарайсыз?
—  Біртүрлі. Жараспайтын секілді. Сіздің автобуспен жүретініңізді елестете алмай тұрғаным.
— Таңертеңгі сегізде алғашқы автобус жүреді екен, автостанцияда күтем,—деді де, қол бұлғап кете барды. Ғарышкеріңіз одан сайын аң-таң: «Ойпырай, бұл әйел қай кезде, қалайынша жылдам жиналып үлгерді өзі, а?»
— Жетем автостанцияға, жетем, — деп жөтеліңкіреп қала берді бұл.
Кешкісін Астана мен Алматыдан келген ұйымдастырушы өкілдерге өзінің таңертең таяу поселкедегі автостанцияға жетіп, одан Бішкек және Тараз шаһарлары арқылы Шымкентке қайтатынын мағлұмдады.
Ертесіне автостанцияға келсе, әйел әбден ескіріп, алқам-салқамы шыққан күту залының сарғайған орындықтарының біріне жайбарақат жайғасып алып, кітап оқып отырыпты. Ары өткендер де, бері өткендер де, тіпті билет сататын касса әйнегінің арғы жағында отырғандар да бұл замандарда мұндай орындарда мүлде отыра бермейтін мынадай өзгеше өңді, бөлек бітімді әйелге таңырқай қарайтындай. Әйелдің қолындағы кітаптың әбден тозығы жетіп, ақжемденіп кеткен екен. Ол елгезектене есендесіп, еркелей түрегелген. Еркелігінен ескі орындықтар еріп кеткендей, сүйкімді сықырлады. Елдің бәрі екеуіне ғана назар жыққандай. Ылғи да ығырыңды шығаратын, тыстары торкөздене тырсиятын қапшықтарға дейін қаңтарыла қарайтындай.
— Автобустың жүруіне жарты сағаттай уақыт бар, тысқа шығамыз ба? — деді әйел. — Мен екі билет ап қойғам.
— Билет ап қойғаныңыз ыңғайсыз болды ғой, — деді бұл. Көз алдына кешегі жыйырма (жиырма емес) сомдықтар елестеп кетіп. — Шықсақ шығайық.
Екеуінің де жүктері ауыр емес-ті. Автостанция жанынан сылдырап ағып жатқан арықтың жағасындағы кирелеңдей өскен аққайың түбінде тұрысты.
— Сүмбіледегі суға қарай бергім келеді, — деді әйел әуені ерек үнімен. — Әдейі ылайлап, қасақана былғамаса, сүмбіледе судың бәрі бөлекше тазарып, мөлдіреп кетеді ғой. Сәл ғана мұң-мұнардың кіреукелейтіні болмаса...
Бұл басын изеп құптады.
— Бүгін сәл біртүрлісіз ғой? — деді әйел.
— Түнімен ұйықтай алмадым, — деді ғарышкеріңіз. Шынын айта салғанына ұялып, шынымен-ақ қызарып кетті.
— Айтпақшы, мына кітапты кешегі айтқан, өзім пәтер жалдап жатқан шешейдің үйінен алғам, — деді әйел. — Білесіз бе, бұл Бексұлтан деген қазақ жазушысыныкі екен. «Қырғыз келіншек» деген әңгімесі қатты ұнады. Қараңыз, мұқабасы мынадай боп қырқылып кеткен. Аса көп оқылған бақытты кітап боп шықты бұл. Апайдан арнайы сұрап, қалап алдым.
Ғарышкеріңіз бақытты кітапты қолына алып, парақтап қарады да, қайтарып берді. Нешеме уақыттардан бермен қарата бұлайша жұлма-жұлмасы шыққан, табиғи түрде тозған кітапты көрмеген-тін.
— Бақытты кітабыңыз дұрыс-ақ, — деді бұл әйелдің тауып айтқан сөзіне ризаланып. — Ал бақытты жазушының бақытты кітабы десеңіз, тіпті жарасып кетер еді.
— Кітабы мынадай болған соң, авторы айтты-айтпады, армансыз емес пе?—деді әйел. — Қараңызшы, қалай жазады, ә?! Тыңдаңыз: «Адамның адамшылығын өсіретін — жақсыны сағыну. Бәріміздің, сірә, бақыт деп жүргеніміз — жақсыға жолығу. Жолығуын жолыққан болармыз-ау, қу тіршіліктің күйбеңімен жүріп, қаншасын жоғалтып алғанымызды айтсаңшы!» Әйелдің әңгімеге беріліп кеткені соншалықты, автобустың жүргелі тұрғаны жайында хабарлаған қарлығыңқы дауысты да естімеді, одан әрі оқи бергісі бар.
— Сіз Бексұлтан Нұржекенің әңгімесін біржола аяқтап шықпақсыз ба? — деді бұл. — Көліктен қап кетерміз.
Екеуі автобустың оң жағын ала, орта тұсқа таман жайғасты. Бәрібір, мына әйелдің бүгінгі мына заманда, тек қана қарапайым адамдар жүретін қарабайырлау автобуста отырғанына ыңғайсызданған қалпынан құтыла алмаған ғарышкеріңіз өзімен-өзі болып, ойланып кеткен.
— Шынымен айтам, сіз кешегідей емессіз, — деді әйел еркелеу әуенінен жаңылмастан. — Анау арыққа қараңызшы, түбіндегі балдырлары балықтай анық, ал қызғылт сары жапырақтар зүбәржаттай жайнайды. Сүмбіледе ғана су осылай мөлдірейді! Байқадыңыз ба кеше, Ыстықкөлдің қай жерінен қарасаңыз да, түбі жарқырап жатқан жоқ па?!
Кенет ғарышкеріңіздің көңілі сиқырлы кілтпен бұрап ашып жібергендей сыңғырлап жөнелді, болмысын буып отырған бұлдыр бірдеңе лықсып барып, бунап барып, сейілді.
— Осы сіздің атыңыз кім? — деді батылданып.
Әйел тысы тозған кітапты кім-кімнің де бірден тіке қарауға батылы бара қоймайтын шошайыңқы омырауына қос-қолдай қысып отырып:
—  Шын ныспымды айтпаймын, — деді әуенді еркелігімен ерітіп. Бұл мейірі қанбастан, қазақ жазушысының қырғыз әйелдің кеудесіндегі кітабының төңірегіне телмірген. Тым талдырмаштардың омырауы да осындай болар ма?!
— Неге? — деді күрсініп.
— Аса қауіпті, — деп күлімсіреді әйел. — Шолпан дей беріңіз.
— Жарайды, Мұң Шолпан десем бола ма?
— Мейліңіз. Ал сіздің есіміңіз кім?
— Мен де шын атымды айтпайтын болдым ғой, — деді бұл да, — Алпан дей беріңіз.
— Шоң Алпан десем ше?
— Жарайды, сіздің аузыңыздан «шоң» дегенді естудің өзі бақыт емес пе?!
— Сіз «Мұң Шолпан мен Шоң Алпан туралы аңызды» білетін болдыңыз ғой? — деді әйел.
— Үстірт қана естігенім бар, — деді бұл.
— Естімей-ақ қойғаныңыз да жөн еді-ау, — деді Мұң Шолпан.
—  Мұң Шолпанды Жаратушы ерекшеден де бөлекше етіп жаратад, — деді ғарышкеріңіз. — Әкесі сұлу қызын қорғаштап, ұлы мұнара, яки «дың» салғызады. Мұң оранған мұнара қаншама жасырып, қалқалап бақса да, күндердің күнінде Шоң Алпан сол қалқатайға жол тауып, қызды өзіне қарата-а-ад...
Бұл кезде бұлардың автобусы әлі де Ыстықкөлді сәл алысырақтан бойлай орап жүретін ирек жолмен келе жатқан.
— «Өрнек ауылы» деп жазып қойыпты, аты қандай әдемі? — дейді ғарышкеріңіз. Екеуі де үн-түнсіз үңіліп, ауылдың үй-жайларына, тізілген теректеріне қарайды. Әрине, Ыстықкөлдің мұнары арқылы көз тігеді ғой.
— «Тамшы ауылы» деген қандай?! Ыстықкөлдің тамшысы ғой! — дейді Мұң Шолпан.
Небір ауылдар да артта қалып барады. Енді құмшауыт қыраттар, тастақты төбелер, жол жағалай терең-терең жарлауыттар көбейді.
— Жарлар көп екен, — деді Шоң Алпан.
— Жарлар ма, жаралар ма? — деді Мұң Шолпан күрсініс тауып, мұңая қалып.
Бірте-бірте биіктеп, қайтадан төмендей бастағанда:
— Шу облысы, — деді Мұң Шолпан.
— Қайран Шуды қыспаққа қысып, тауға жаншып, тасқа бағындырып тастайды екенсіздер ғой? — деп таңданды Шоң Алпан шынымен-ақ  қайраңданып. — Ойпырмай, бұлай деп кім ойлаған?! Қаншама асаулық танытып, тар қолтықтарда ақ көбік шашып аласұрғанмен, көнбіс күйге түсіп, шыңырау шұңқырдан шыға алмай, арнамен ғана амалсыз аға береді екен-ау.
— Ал, сонда не демексіз? — деп, ерке назды үн-әуенмен айтысқа бейімделді Мұң Шолпан да.
—  Қазақтың кең даласындағы кейпін елестетіп отырмын дағы, — деді Шоң Алпан.
—  Шымыр-шымыр Шу толқыны, қарқаралы қамыстар тербеледі ырғалып, — деді Мұң Шолпан.
—  Қайран Шудың суын қыспақтан ұшпаққа біз шығарады екенбіз ғой, — деді Шоң Алпан.
— Жеңілетін жеріңізге келе жатырсыз, — деді Мұң Шолпан.
— Қалай жеңілемін? — деді Шоң Алпан.
— Қайран Шуды алдап-сулап апарып-апарып, Созақтың құмына жұтқызып жіберетін сіз бе, біз бе? — деп сыңғырлады Мұң Шолпан.
— Жеңілдім-жеңілдім, оңбай құладым! — деді Шоң Алпан сыбырға көшіп. — Қараңызшы!
Шоң Алпаныңыз Мұң Шолпаныңыздың ғажайып омырауына тиіп кетуден қорқып-толқып, сыртқа қарай ұмсынып, тү-у төменге тесіле қарады. Ағаштарға асылған боз ұлпалар Шудың суына телміре төгіліп тұр екен.
— Білесіз бе, боз ұлпалар да тек сүмбіленің кезінде кемеліне келеді, оларды ағаштың кез келгені еркелетеді. Санаулы күннің ішінде кез келген ағашыңызға өрмелей өрістеп, өсіп кетеді де, ұшар басынан асып түсіп, мөлдіреген суға тесіле телміріп, тербеледі де тұрады осылай, — деді Мұң Шолпан.
— Қаншама күзде көріп жүрсем дағы, боз ұлпаңызға бүгінгідей назар аудармаппын, — деді Шоң Алпан.
— Шолақ ауылының маңында Шуыңыз таудан түсіп, жазыққа шыға бастайды,—деді Мұң Шолпан. — Қараңызшы, ана-а-а-ау алыс та алыс таулардан асып жетіп, бәлкім бізбен ілесіп кеп, ақтеректер мен көктеректердің арасына ағыл-тегіл құйыла төгіліп тұрған мұнарларды байқайсыз ба?
— Байқаймын.
— Бос кеңістікті осы бір ағыстар айшықтамаса, біз пенделердің күніміз не болар еді, аға?
«Аға» деп алғаш айтуы еді. «Дың» мұнара түбінен естілгендей дың-дыбыс құлағын шың еткізді ме, жүрегін шым еткізді ме, түсініксіздеутұғын. Шолақ ауылының айналасы тізбек-тізбек көктеректер, шоғыр-шоғыр ақтеректер екен. Ағын-ағыстарға алақан тосып, әуелей әндетеді жапырақтарының үсті жалтылдап.
Ауылдың арғы жағындағы арнасы жайыла түскен Шудың айдынында шымыр да, шымыр толқын ойнайды. Автобустың жүрісі үдей түсті. Мұң Шолпанды кім білсін-ай, кім білсін, Шоң Алпан темір көлік тоқтамаса екен, осылайша ұза-а-а-ақ уақыт жүре берсе, жүре берсе, жүре берсе екен деп шын тілейтіндей күйдетұғын.
— Бішкекке де біраз ғана жер қалды, — деді Мұң Шолпан. — Мен сізді алғашқы күні, дебатшыларыңызға бата бергенде көргем.
— Қалай?! Қайда отырдыңыз?
— Аққайыңдардың арасында тұрғам.
— Жалғыз ба?
— Жападан-жалғыз. Айналам — айналайын аққайыңдар еді. Жаман адам еместігіңізді сонда сезгем. Жағажайда ғарыштан түскеніңізде жатырқамағам.
Мұң Шолпан кенет күрсінді. Күрсініп салып:
— Бішкекке жетпей, автобустан төтенше түсіп қалсақ қайтеді? — деді. Үні алабөтендеу-тін. Шоң Алпаныңыздың жүрегі алқынып, өкпесі өрекпіп:
— Мейлі, — деді тіпті ойланбастан айтқандай күйде.
Екеуі автобустан түсті. Мұң Шолпан такси тоқтатты. Алғаш асфальт жол аса кең еді, кейіннен еңістеу жаққа бір бұтақ шығып, тым тарыла бұлаңдады. Айналада қазан болмаққа қараған телім-телім, тақта-тақта егістіктер көбейді. Шағын ғана айылдың (ауыл емес) шетіндегі қарапайым үйге бұрылып тоқтады бұлар. Үйдің жанынан көрпе жоңышқалық бірден басталып кетеді екен. Шоң Алпаныңыздың әлем жүзіндегі әдемілік атаулының ішінде жүрегін баурап алар сүйікті суреттерінің бірі — осы күз басындағы көрпе жоңышқатұғын. Әсіресе көрпе жоңышқаның бір бүйірінде боз бие мен қоңыр құлын шуақтап тұрса, шіркін-ай. Мына ғажайыпты қараңызшы, мұнда қоңырторы бие мен аппақ құлын арқандаулы екен! Ауылдың апасындай болып, айылдың ақ жаулықты анасы шықты. Мұң Шолпан құшақтасып, сүйісіп жатыр. Шоң Алпанды таныстырмаққа асыққан.
— Әлгі, біздей бейбақтарды менсінбейтін өкімет күйеуің осы ма? — деп, олқысынып тұрыпты апайы.
— Жо-жоқ, — деді Мұң Шолпан ыңғайсызданып қалып, қызарып кетіп. — Күйеуім мұнда келе қоймас, апатай. Бұл — ғарышкер ағатай ғой...
Қырғыздың қымызын құйды Мұң Шолпан. Апатайы кешке қарата нарын берді екеуіне.
Сүмбіледе жұлдыздар да ап-анық көрінеді ғой. Алайда алқаракөк аспандағы жұлдыздардың жаурағандай жаутаң қағатынын байқамағалы қаш-ша-а-ан?!
Екеуі Мұң Шолпан мен Шоң Алпан және сұлу қыздың әкесі салдырған «дың» мұнара туралы аңызды кезек-кезек айтысты.
Бірінші вариантын Мұң Шолпанның өзі бастады.
Екінші вариантын Шоң Алпан жырлады.
Үшінші вариантын екеулеп толықтырып, түнімен көз ілмей шыққан.
Таң әбден атып, күн көзі күлімдегендегі көрпе жоңышқаны көрген де бар, көрмеген де бар. Көре тұра байырқалап байқаған да бар, байқамаған да бар. Көрпе жоңышқа үстіндегі, таң азанғы тазалықта шек жоқ еді. Мұндағы мұң-мұнар мырзатеректерді орап өтіп тұрды. Айылдың (ауыл емес) шетін шілтерлейтін селдірлеу қарқаралы қамыс жиектеген арналы арықта да сүмбіленің суы сылдырап ағып жатыр. Түбіндегінің бәрі анық аңғарылады. Кенет көрпе жоңышқа Ыстықкөл айдынына ұқсап кетті. Жапырақтары жалт-жұлт аунап, триллион тамшы мөлтеңдейді. Миллион емес, тұп-тура триллион тамшы.
— Мені кім деп ойласаңыз дағы, өзіңіз біліңіз, аға, — деді Мұң Шолпан. — Кешіріп қойыңыз енді «ерекше» қарындасыңызды. Оқта-текте осылай, жылына бірер күн ғана бостандыққа мұрсат алып, мұнар құшқан мұң әлеміне оранып, қалаған жағыма қарапайым адам болып барып қайтам. Күйеуіммен жасасқан «келісімшартымызға» сәйкес, сүмбіленің суы мөлдірейтін кезде екі-үш күндік еркіндікке шығамын. Студенттік шақтарымда қимас, қымбат адамдарыма айналған, немесе соларға айнымай ұқсайтын аз ғана апатайларымды аралаймын. Солай, ғарышкер аға. Шын атымды шынымен-ақ айтпаспын. Себебі мына мен, Мұң Шолпаныңыз, пәленінші, немесе түгенінші «ледимін» демей-ақ қояйын, аса жоғары лауазымды бір кісінің зайыбымын. Жұмбағым осы ғана. Қош боп тұрғайсыз, аға...
Бар көркінен айырылып бозара бастаған бос кеңістіктің көрпе жоңышқа көркейтіп тұрған бір бұрышында қол бұлғап қала берді Мұң Шолпан.
Такси шіркін Бішкекке қарата жүргісі келмей қайта-қайта кібіртіктейді. Қазан болуға қараған телім-телім, тақта-тақта егістіктердің жиегіндегі жүдеу жүгеріпаялар түссіз-түксіз, жүнжіген күйіңде жансыз ербиеді. Күнбағыстың жаз соңында жарқырай жайнап, бұрала билеген бекзат бойы бүгіле кұныстанып, шаттықтан шыр айналған қайран басы қисая қабысып қапты.
Ақырында автовокзалға да жетті. Автобустың соңғы орындығындағы қыздың жанына жайғасты. «Ағай, танымадыңыз ба? Сіз де осындай автобуспен жүреді екенсіз, ә?!» — деді тауар тасудан тарғыл қараға айналған әлгі қыз самса жеп отырып. «Жыға танымадым. Неге сонша таңырқап қарайсың?» — деді бұл. «Біртүрлі ғой, ағай. Сізге мұндай автобуспен жүру түк те жараспайтын секілді»,—деді қыз. «Апырай, ә?» — деп таңданыс танытты бұл. Сөйлеспекке зауқы соқпай, самса сасыған қыздан бұрылыңқырап, тозаңытқан терезеден сыртқа қарады. Күнделікті күйбең тірліктің тартылыс күшіне қайтадан көнбістік танытып, тереңдеу күрсінді. Өзін-өзі ылғи да іштей келемеждеп күлгенде көз алдына келетін ырдуан арбаның иесіндей ырғай мойнын ықылассыздау ғана сылқ еткізіп, төмен түсірді.
Ғарышкерлігін тезірек ұмыттырмаққа ұмтылғандай ескі автобус та жылдам қозғалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу