Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  596


Автор: Қадыр Мырза Әли

Балдыз бен жезде

Көргенменен кезінде далам азап,
Анам азат бүгінде,
Ағам азат.
Балдызымен ойнауды
Біздер түгіл —
Байқайсыз ба?—
Біледі шала қазақ!
Төбелденіп,
Төбеңнен шашың қашып,
Қартайсаң да жаныңда асыл ғашық.
Қалжыңға ұста қу қыздар
Әзілімен-ақ
Жездесінің береді басын қасып!
Қабырғасы нарлардың қайысқанда
Қайран шалдар сынған ба?
Майысқан ба?
От шығады
Балдызы жездесімен —
Жиырма бес пен жетпіс бес сайысқанда!
Сөз болып па балапан сұңқарыңа!
(Қуанышты езуден, күлкі, арылма!)
Шүйлігеді жездесі
Бір кездегі
Жолыққандай жарына,
Іңкәріне!
Бірақ, бірақ!
Себебін сұрамашы!
Әзіл менен әдептің бір анасы.
Қай кезде де балдыздың қақы басым,
Ал жезденің шектеулі правосы!
Соны біліп алған соң—
Апырым-ай, ә!—
Жатпайды қыз, әрине, батырды аяп.
Жуас жезде көбіне жеңіледі,
Балдызына тырнағын батырмай-ақ!
Жеңіледі,
Бірақ та мәз болады.
Ұшып желге құса-мұң тозғанағы.
Осындайда
Көңілдің көлдеріне
Қаңқ-қаңқ етіп аққу мен қаз қонады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу