Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  176


Автор: Қадыр Мырза Әли

Күздің соңғы шуағы

Сабағынан жүзімдей үзіліп нұр,
Нұр астында жатады қызынып қыр.
Қайтып қара бұлтынан шықпайтындай
Қарайды күн,
Қарайды сүзіліп бір.
Көгал қайда көк-жасыл барқытыңдай.
Арық суы ағады арты тұнбай.
Соңғы сәуле,
Соңғы нұр,
Соңғы шуақ
Өте шыққан шілденің сарқытындай.
Ыстық пенен суықтың өліарасы...
Енді қалай жасарып,
Жаңарасың?!
Күзгі шуақ
Өзі де ұйқылы-ояу
Шала мас қып қойыпты бал арасын.
Жолдың ұлпа шаңы да қонды шұбап,
Жапырақсыз кей ағаш болды шұнақ.
Алпыстағы ағайдың
Айна қылып,
Көңілімен ойнайды соңғы шуақ.
Қызығым ең,
Тойым ең,
Тұрмысым ең.
Қайран күндер, кеттің бе жыл құсымен?
Асыл таспен ойнаған ақ сәуледей
Ойнайды шал өзінің құрбысымен.
Қайран ғұмыр,
Өтіп-ақ барасың ба?!
Қимастық бар күннің де қарасында.
Әйел солай қарайтын өткеніне
Қырық бес пен елудің арасында!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу