Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  128


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қала сыртында

Шығып едім қаладан зауқым қашып,
Сөйлейікші далада қауқылдасып.
Күлейінші жапанды жаңғыртып бір,
Жатайыншы армансыз мауқым басып.
Шабыт шіркін бір емес,
Он орай ма?!
Көңіл құсы құйқылжып қонар айға.
Текемет те,
Кілем де керек емес,
Құлай-құлай кетіңдер көкорайға!
Сайын дала сағымын іркілдетіп,
Сай сағалап барады түлкің кетіп.
Жібек гүлдің шырынын сорады-ай кеп,
Жабайы ара бөксесін бүлкілдетіп.
Мен өзімді қалада еліртпедім.
Көңілімді, қыр, енді семірт менің!
Қалай-қалай тебеді зәнталағың —
Жер тарпыған айғыры шегірткенің!
Жәндіктерсіз даланың бар ма сәні?!
Шыбын-шіркей көргеннен жармасады.
Содан қаным сарқылмас,
Сорса сорсын,
Өлтірмедім бірінші сары масаны.
Кешкі салқын сәл басып алауыңды,
Көңілдегі табады қалауыңды,
Бесті қымыз сияқты жусан иісі
Жарып кете жаздайды танауыңды.
Жапырағың сарғайып бағындағы,
Жылжи берер тіршілік ағымдағы.
Қиын екен, апыр-ай, қиын екен
Табиғатты адамның сағынғаны.
Кесесіне көңілдің құйып қымыз,
Шалғынға аунап басамыз «күйікті» біз.
Көрген кезде шалбарды көкке аунаған
Не ойлар екен, шіркін-ай, сүйіктіміз?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу