Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  128


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жұмақ

Көк шалғынды жапырса
Киіз үйдің іргесі;
Сұлу жеңгең сапырса
Сары қымыздың бір месін;
Ән-жырыңа елтісе
Әулие жер,
Асыл жер;
Тотай болып желпінсе
Таудан соққан жасыл жел;
Айқындасаң ойыңды,
Ақын көңіл жыр көзеп;
Қымыз билеп бойыңды,
Қалғып кетсең бір мезет;
Өңіңдегі жұмақты
Көрсең сосын түсіңде;
Түрсең екі құлақты
Талдай нәзік мүсінге;
Жапан-дала сияқты
Жатқандай бір той аңсап?
Дүбірлеген тұяқтың
Дыбысынан оянсаң;
Жоқ ешқандай алаңың,
Бір тынығып алдың ба?!
Дастарқаны даланың
Дайын тұрса алдыңда;
Құда түссең салтымен,
Қалай айтар қыз өкпе?!
Жолығыссаң,
Салқынмен
Шығып түнгі күзетке.
Ол да сендей көздеген
Бақыт атты бұлақты...
Ойлап тапқан сөз деме
Көп естіген жұмақты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу