Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  135


Автор: Қадыр Мырза Әли

Сахара

О, қазақтың сәулетті сахарасы!
Қайда мені жетектеп апарасың?!
Қандай мықты береді ажыратып
Құдірет пен Даланың екі арасын?!
Шіркін, Дала әуен ғой тұнып тұрған!
Ән мен күйге сен мені құнықтырған.
Соның бәрін өткізем,
Жеткізем деп,
Сөз бен сазды, бауырым, былықтырман.
Көрінгенмен бір сәтке кәрі сиқы,
Сергек Дала:
Ұйқысы — барыс ұйқы.
Ауасы — ауа,
Шөбі — шөп емес оның,
Ауасы да,
Шөбі де —
Бәрі сиқыр!
Жүзден бірі белгісіз жер сырының.
Білем десең,
Ол — сенің ерсілігің.
Көзің ғана байқайды бірдеңені,
Бірдеңені құлағың,
Кеңсірігің.
Айқай салғың келсе де батыр үнмен,
Сахарамен сырласам ақырын мен.
Қанша жұттым, туған жер, жұпарың мен
Құйылмаған шөлмекке әтіріңнен.
Қысылады соншама жер несіне!
Мизам таққан аспанның пернесіне.
Қырға шықсаң,
Бос тұрған қос жанарың
Айналады көркемдік көрмесіне.
Кеппегендей көктемнің сиясы әлі,
Сахараның жусан мен мия сәні.
Әндетеді —
Қойған ба бозторғайлар
Құлағымның ішіне ұя салып?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу