Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  179


Автор: Қадыр Мырза Әли

Көктем

Ақ күмбезді моласында
Аруақтарды бір аунатып,
Көне қазақ даласына
Келді көктем тыраулатып.
Келді көктем бір ұл болып,
Бір қыз болып —
Күрсінбелік!—
Денелерге діріл болып,
Жүректерге дүрсіл болып.
Алағызған ақындарға
Алып ұшқан шабыт болып.
Ауру жеңген жақындарға —
Амал қанша!—табыт болып.
Көл бетіне күміс болып,
Көк жайлауға тыныс болып.
Жалқауларға күліс болып,
Шаруаларға жұмыс болып.
Бұлақтарға сылдыр болып,
Құлақтарға тықыр болып.
Теректерге сыбдыр болып,
Төсектерге сықыр болып.
Махаббатшыл пысықтарға
Орындалмас он серт болып.
Мияулаған мысықтарға
Мәңгі бітпес концерт болып.
Жалбыздарға көрік болып,
Жалғыздарға серік болып.
Жұбайларға берік болып,
Жеңгейлерге жерік болып.
Амандарды бір қуантып,
Аруақтарды бір аунатып,
Келді көктем қиқулатып,
Келді көктем тыраулатып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу