Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  165


Автор: Қадыр Мырза Әли

Көктем келіп қалыпты-ау

Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Алыпты жел бұлттарды көктен бөліп.
Шымырлаған шуаққа шыдай алмай,
Шыңылтыр мұз кешегі кеткен кеміп.
Жатқан жота оранып шекпен-қарға
Ұқсаушы еді бір мезет шеккен нарға.
Назың бар ма айтатын наурызыңа?
Өткен қысқа айтатын өкпең бар ма?!
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Қыстың күші шынымен кеткен кеміп.
Сүйікті бір күндерді әкетті ме ол
Сүйегіңді алғандай еттен бөліп.
Құларыңды білмейсің,
Сынарыңды.
Қандырғың да келеді құмарыңды.
Шағаладай шаңқылдап шалқарында,
Шарқ ұрып кеп іздейсің сыңарыңды!
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Жылы желді жетектеп жеткен бе елік?!
Көрінгенге көз сүзіп қобалжисың,
Көңіліңе бір сайтан кеткен бе еніп?!
Қыс-көңілдің көк мұзын келе бұзып,
Жүрек тулап, бір түрлі дене қызып,
Түні бойы шығасың дөңбекшумен,
Күні бойы жүресің елегізіп.
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Жүректердің гүл бағы кеткен бе өніп?!
Белгісіз бір қуаныш құшақ жайып,
Ыстық сезім сүйеді беттен мені!..
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу